Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Адамдар аяусыз таптаған жасыл көктің жапырағы қанға боялды. Дәл көз алдында өз әкесін сойылға жығып жатқандай, Тұрардың жаны шыдамай, бір-ақ қарғып, урядниктің қолындағы қамшыға сілеусіндей қатып жармасып қалды. Бұл баяғы базарда теңіз шошқасына бал аштыратын пұшық урядник Обров еді. Құр едіреңдегені болмаса, ішкіш неменің қауқары шамалы екен. Балаға шамасы келіңкіремей, сасқанынан приставқа «мынау қалай?» дегендей қолын жайды. Қамшы тыйылып қалғанда Ақкөз қан жуған басын көтеріп еді, Тұрарға көзі түсті. Таныған сияқты, ақырын ғана езу тартты.

– Апыр-ай, бұл елде де еркек кіндік бар екен-ау? Айналып кетейін-ай, бұғанасы бекімеген бала едің, саған кесірім тиіп кетпесін. Шатаспай-ақ қой. Екі дүниеде де ризамын! Құдай тілеуіңді берсін, қарашығым!

Ә дегенде абыржып қалған урядниктер Тұрарды желкеден бүріп ұстап, шеттетіп әкетті.

– Тимеңіз оған! Ол біздің жолдасымыз!– деп топ ішінен Қабылбек пен Тұралы суырылып шықты.

– Қоя бер, әкеңді... өлеміз бе тегі! – деп қалыңның ішінен әлдекім ышқынды.

Халықтың толқи бастағанын сезіп, Бектен болыс шыж-быж болды. Тергеуші Семашко приставқа:

– Енді ойыннан өрт шығарайын демесеңіз, тоқтатыңыз. Жабыңыз сахнаны. Тәуір-ақ спектакль көрсеттіңіз, – деді.

Шалдуардың болысы Шабдан бұл жерге мейман болса да, ес білгендік танытып, приставқа:

– Осыны қойғанымыз жөн, мырза, – деді сыпайы ғана сөйлеп.

– Жарайды, қоя бер бұзықты, – деді пристав урядниктерге. Сонан соң Семашкоға бұрылып:

– Сіздің ана күшігіңіз менің есімде болады, Семашко мырза. Қойныңызға тығып жылытып жүргеніңіз жыланның баласы болып жүрмесін. Тілі уға толғанда өзіңізді шағар. Сіздің кеңсеңізде жұмыс істеуге лайықты бала, міне! Қайдағы бір Киргизбаевты көмекші етіп қойғанша, текті мырза Айбардың баласын неге алмайсыз қарамағыңызға, – деді Атамырзаны меңзеп тұрып.

– Ау, халайық той болған соң, шеке қызбай тұрмайды. Жә бәрі ойын. Енді балуандар күресі бар, аламан бәйге бар. Аты алдымен келгенге он тайлақ сыйлық дайын. Кәне, той-тамашаға қараңыздар! – деп үкілі бөрік киіп, атқа мінген жаршы әлгі сұмдықты жуып-шаймақ болды.

Бірақ тойдан береке кетті. Қырсық шалып, қымыран ірігендей тұнжыр той қайтып қызыққа молыға қоймады.

* * *

Ақжал сарыға Ақкөз екі ұмтылып міне алмады. Иесінің бейтаныс мінезін ұнатпағандай есті жануар мойнын кәдімгідей қайырып, Ақкөзге бір қарап алып, ішін тартты. Иесі үзеңгіге аяғы жетпей лезде мүсәпір халге түсті. Оның қиналғанын байқап тұрған көзтаныс адамдар қымсынып бір-бір басып жақындай түсіп, қолтығынан алып жәрдемдеспек еді, Ақкөз:

– Ары тұр! – деп ақырып жіберді.

Әлгілер состиып кейін шегінді.

– Мен өлген адам. Қолыңның ұшын мен тіріде берсең еді, түге!

– Кеш, Ақкөз батыр. Шабан қимылдайтын қу әдетіміз ғой. Құдайшылығын айтсақ, сескендік бір жағы. Қу жан тәтті. Мылтығын тарсылдатады. Мен Досмайыл ғой, таныдың ба, батыр?

– А, қатпа қара Досмайыл сенбісің? Әй, жарқыным-ай, шымалдай халықтан бір адам мәу демеді-ау. Сол өтіп кетті. Әйтпесе сойыл түк емес. Жауқазындай бала ғана шырылдады-ау, айналайын-ай!

– Жауқазындай болса да жүрегінің түгі бар екен,– деп Досмайыл сүйініш білдірген болды.

– Жүрегінің сояудай түгі бар оның әкесі еді ғой, арыстаным-ай!

– Кімді айттың, батыр!

– А, арманда кеткен бір асыл. Тырнағына дейін асыл.

Ақкөз кирелеңдеп жүріп, ақжал сарыны ойпаңдау жерге тұрғызды да, тізгінді уыстай ұстап, үзеңгіге аяғын әрең артып, ерге ауырлап әрең қонды. Қолтығынан демемек болған Досмайылға:

– Тек!– деп тастады. – Маған жанасқанынды көрсе, соқыр пристав оңдырмас. Әркім өз басын қорғалаған қу заман! Ал бірақ, қашанғы ыға берер дейсің. Ыға берсе – жарға барып жығылар. Жарға жығылмас үшін жанталас болар.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий