Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Рақмет сізге, Андрей Павлович. Бірақ айтыңызшы, құдай үшін жаңағы мазақ әділет пе? Ол байғұс әйелді мен білемін. Өткен жылы атам бір шаруаға жұмсап, ол әйелдің ауылына барған едім. Түнек түбінде жатқан сорлылар. Әлгі түйені алғысы келгенде дүние қорлығы ұстады дейсіз бе? Жоқ Андрей Павлович, күнкөріс үшін. Әйтпесе ол онша арсыздыққа баратын ақымақ әйел емес. Ал әлгі сіз айтқан бунтарь болса, ол намысты қорғады. Сорлы кедей байлардың мазағы болмасын деді. Дұрыс қой. Әділдік қой. Ал мен әділдікті қорғағым келеді. Мазақ пен азап. Бетінде бір түйір ұяты бар адам ондай мазаққа қалай көнеді?

– Көнеді, бауырым, көнеді. Киргиз – оқымаған қараңғы халық. Оқығаны сен сияқты – мыңнан біреу. Ал қараңғы халық қашан да көнбіс. Бұл халық сауаты ашылып, цивилизацияға жету үшін әлі жүз жыл, жоқ, әлденеше жүз жыл керек. Сен әлі жассың. Әлі есесің. Кесір-кесепаттан аман болсаң – кеңсе чиновниктерінің бірі боласың. Сонда бұл райыңнан оп-оңай қайтасың. Біздің ояздың орынбасары Әзімхан мырза әлгі жерде сен сияқты шатаққа араласпайды. Ол ақымақ емес. Ояздың тілмашы Жаңкин, о да шатаспайды. Ол ақымақ емес.

– Сонда – ақымақ мен болдым ғой, Андрей Павлович? – Тұрардың ызалы көзі алагеуімде жалт-жұлт ете қалды.

– Жоқ, мен олай дегім келмейді, бауырым. Мен тек сен әлі баласың деймін. Өсесің – өмір өзі қақпайлап, өз дегеніне көндіреді әлі. Сондықтан құр босқа тыраштана берме демекпін. Түсіндің бе?

Жеңіл күйменің дөңгелегі қиыршық жолдың үстін қытырлатып келеді, қос қараның тағалары тасқа тиіп, қараңғыда от жарқ ете қалды.

– Ал енді мәселенің түйініне келсек, Меркеден тайып тұр. Сендей қабілетті көмекшіден айырылу маған оңай емес, әрине. Мен сені жақсы көремін. Саған киргиз екен деп қарамай, жақсы көріп кеттім. Мен саған ризамын. Менің халімді сен де түсін, бауырым, әлгі бір сойқаннан соң, сен менің кеңсемде жүруің қиын. Ол көп жағдайда маған да байланысты емес, түсінесің ғой.

– Түсінемін, Андрей Павлович. Менің сізге өкпем жоқ.

– Бірақ мен сені беталды қаңғыртып та жібергім келмейді. Пішпектегі ауылшаруашылық техникумының бастығы – менің танысым. Қаласаң, соған хат жазып берейін...

Мынандай жақсылыққа жалпаңдай жөнелмей, бала ойланып қалды. Күйме үстін үнсіздік жайлады. Жолдың сол жақ қапталынан, тау жақтан жылқылардың пысқырғаны; жылқышылардың саңқ-саңқ еткен дауыстары; аңғар алқымында отырған қойшы ауылдың иттерінің әупілі естіледі. Тау омырауына тығылған лағыл алқадай болып, жағалай оттар жылтылдайды. Ел орынға отырған шақ, қазан көтеріліп, жер ошаққа от жағылып, адамдар сол қара қазанға көз тігіп, қыбыр-жыбыр тіршіліктен тиылған сәт. Аспара басынан марғау көтерілген дөңгелек ай – құдай-тағаланың жалғыз көзі сияқты. Аздап шелденіп тұр. Мына жер бетіндегі итше ырылдасқан қу тіршілікті қатпар-қатпар, жықпыл-жықпылына дейін көруге сол шел кесір келтіретін де тәрізді. Әйтпесе, дәл қазір Тайтақайдың қазанында тек қана тас қайнап жатқанын құдекең көрер еді ғой. Қаптың түбі қағылып, жана астық пice қоймай, ауызға түсе қоймай, өзек талған осы бір тұста Тайтақай кедей қазанға су толтырып, ішіне малта тас салып, қайнатып отырған сияқты.

– Aпa, қарным ашты, – деп қыңқылдаған балаларына:

– Шыда, әлі піспей жатыр, – дейді Тайтақай.

Әйтеуір бірдеңе пісіп жатқанына көңілі алданған балақайлар күте-күте, әлден уақыттан кейін ұйықтап кететін сияқты.

– Солай, Тұрар, тойға барамыз деп ойға қалдық. Ойланып отырсың ғой. Ойлан, ойлан! Қаласаң, хат жазып беремін. Оқуға қабылданасың. Туғаным емессің, нағыз чиновниктің көзімен қарағанда, сен тіпті дүниеге адасып, әлдеқалай келіп қалған түземсің. Бірақ айттым ғой, сенің жөнің бөлек... Кім біледі, – Семашко мырза қиялданып қара күңгірт далаға қарап сөйлеп келеді. – Мүмкін сен өсе келе менің жауым болып шығуың да мүмкін, патшаға адал қызмет етерсің, ана Әзімхан, Жаңкин ағаларың сияқты. Оны тірі болсақ, уақыт көрсетер. Кәне, қалай?

Бұл сұрақ – соңғы сұрақ екенін тез ұққан Тұрар енді созбақтамай:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий