Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Жарайды, Андрей Павлович, сізге алғысымды қалай айтып жеткізерімді білмей отырмын. Пішпек болса – Пішпек болсын, – деді.

– Жоқ, мен сені зорламаймын. Басқа жерге оқығың келсе – өзің біл. Бірақ...

– Иә, бірақ менің басқа барар жерім, басар тауым жоқ, Андрей Павлович. Рас, заң оқуына түссем бе деп едім, ондай оқу не Әулие-Атада, не Пішпекте, не Верныйда жоқ дедіңіз. Қазаққа ауылшаруашылық маманы да керек қой.

– Сенің қазақ деп отырғаның киргиз ғой, ауыл шаруашылық мамандығы киргиздарға емес, ең алдымен ұлы Ресей империясына, патша самодержавиесіне керек. Қарай гөр мұны: «қазақ, қазақ» дей қалуын!

Кенет Тұрар өзінің тағдыры – аумаған қазақтың тағдыры екенін осы сәтте түсінгендей болды. Апыр-ау, мұны Рысқұлов деп атауға болмайтыны сияқты, қазақты – қазақ бола тұра, қазақ емес – киргиз. Бұл не? Кездейсоқ ұқсастық па, жоқ заңдылық па?

«Жоқ!» – деп тістенді сонда Тұрар. Сонау бір жылы мұғалімдер оқуға түсетін балалардың тізімін алып, ауыл аралап келгенде атасы мұны «Қырғызбаев» деп жаздырып, содан бала бұзау бағып жүріп, кешке жақын Аспара шыңына қарап тұрып: «Мен Рысқұловпын!» – деп шыңғырып жібергені сияқты, дәл қазір де айқайлап жібергісі келді. Мына Семашко мырзаға: – Қазақ киргиз емес – қазақ! Мен Қырғызбаев емеспін, Рысқұловпын! – деп айтып салғысы келді – айта алмады. Амалсыз тілін тістеді. Аталы сөзді де айта білу лазым. Кімге, қалай, қай жерде айту керек екенін аңдау лазым.

Сол жолы бұғанасы қатпаған бозбала бір нәрсеге қатты түйіліп, тастай бекіді: ертең куәлік алғанда Қырғызбаев емес, Рысқұлов болып жазылады. Содан соң...

* * *

– Науқастанып тұрған жоқсың ба? Жүзін сынық қой, – деп состиып қалды директор Тұрарды көргенде. – Отыршы, өзің.

Тұрар директор үстелінің алдындағы орындыққа жайғаса беріп жақсы көретін ұстазынан жасырмай бар жағдайды жайып салды.

– Кешегі оқиғадан кейін маған тезірек Меркеден кетуге тура келіп тұр, Иван Владимирович. Мүмкін болса, салтанатты кешке қалдырмай-ақ маған куәлік берсеңіз...

Семашко мырза Пішпек техникумының бастығына хат жазып бермекші болды. Ендігі шаруа тек сізде...

– Да, Қызыл Жебе, мен сені түсінемін, – деп директор креслодан көтеріле беріп, тар кабинеттің ішінде әрі-бері жүре бастады. Бір қолын артына ұстап, бір қолымен бурыл самай шашын сипалап, ойға шомған сияқты. – Кешегі әрекетің үшін саған ұрсуға да болады, ұрыспауға да болады. Әрине, шын рев... жоқ, шын азамат жалғыз-жарым ештеңе өндіре алмайтын болған соң, сыр бермеуге тиіс. Жалғыз ағаш – орман емес. Оны әлі түсінесің. Жарайды, жасыма! Документіңді аласың. Пішпекте менің де достарым бар, далада қалмассың. Айтпақшы, документтерді толтыруға сен көмектессең қайтеді? Сенің жазуың жақсы той. Біздің мектебіміз тұнғыш рет балаларға куәлік бермекші. Ол куәлікті айбақтамай, әдемілеп, мәнерлеп толтырған жөн болар еді. Ал үздік оқушы ретінде бірінші нөмірлі куәлікті өзіңе толтыр. Жарай ма? Екеуміз куәліктерді бүгін толтырып бітсек, ертең балаларға салтанатты түрде тапсырамыз. Ол жиынға Меркенің әкімдері де келеді. Келістік қой? Онда ерте күнді кеш қылмай, іске кірісейік. Мына папкада балалардың тізімі бар. Қай пәннен қандай баға алғаны да жазулы. Мәселен былай. Алфавит бойынша, бірінші Айбаров Атамырза...– Oh, оңбаған. Бірінші бола қалуын қарашы. Ілініп әрең бітірді, кілең үштік. Мейлі, оған қалаған нөміріңді қой. Бірінші нөмірді өзіңе қалдыр. Кәне, жазып көрші...

Директор темір сейфтен су жаңа жалтырақ қағаздар алып шықты. Қалың жылтыр парақтың ең төрінде екі басты самұрық құстың суреті салынған герб белгісі тұр. Одан төменірек ірі әріптермен: «Куәлік» деп жазылыпты. Директор Тұрарға куәлікті қалай толтыру керек екенін түсіндіріп болды да, бір шаруамен кеңседен шығып кетті.

– Саған ешкім кесір болмас үшін, сыртыңнан құлыптап қоямын. Қарсы емессің бе? Ал мұқият бол, қате жіберме. Әрбір куәліктің бланкі есепте тұр. Біреуі бүлінсе, ең алдымен мен құримын. Саған сенемін, Тұрар...– деп кетті.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий