Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ана бір жылғы қиял хатымда айтқанымыздай, Үркіттің қаласында мені Бодойбо деген жерге айдауға үкім шыққан. Үркіт пен Бодойбоның арасы екі мың шақырым жер. Әуелі Үркіттен бізді жаяу айдады. Қыстың бір қысылған кезі еді. Айнала дүние аппақ сіре қар, жалғыз аяқ жолмен ұзыннан-ұзақ шұбаған каторжниктер. Үркіттен біз шыққанда алты жүз адам едік. Алты жүз адамның аяғындағы кісен сыңғыры әлемнің қай түкпіріне болса да жеткен шығар деп шамалаймын. Бәлкім, сенің құлағыңа да шалынған шығар. Сол кісенді жалаң қолмен ұстай алсаң, алақаныңды алып түседі. Алты жүз адамнан Бодойбоға тірі жеткені үш жүздей болды-ау деп шамалаймын. Көбі үсіп өлді, атасына нәлет. Баяғы бір күндер жұмақ екен ғой. Елде жүрген шағымды айтамын. Біреу өлсе, «бауыремайлап», жылап-сықтап, ел жиылып, күңіреніп, кәдімгідей көр қазып, ақ жауып, арулап қояр еді. Адам баласының сондағы қадірлісі-ай. Үркіт – Бодойбо жолында бір бейбақ кісеніне шалынып құлай кетсе, қайтып тұруды оған жазбаған. Айдауыл оны күресінге сүйретіп тастайды. Ешкім қарайлауға мұрсат жоқ. Тұтқындар тек көзбен ғана қоштасады. Енді менің кезегім қашан келер екен деп бара жатады.

Көбі аштан өлді, атасына нәлет.

Қиырсыз ақ кебін – ақ мұнардың арасында ұзақ жүргенде адам сансырап, дүние-тіршілікке самарқау болып қалады екен.

Алыста ағайыным қалды-ау, ананың жайы қалай, мынаның халі қалай болды екен деп ойлап, ми қатырмайсың мұндайда. Тек өзегің ғана әлі өлмегеніңді ескертіп, үзіліп-үзіліп, аштықтың азынаған белгісін береді. Кейде бәленбай жүз кісеннің сыңғыры сол аш өзектің аянышты азасындай болып естіледі. А бірақ сонда да сана сөнбей, қиял өлмей, қай-қайдағы көз алдыңа елестейді. Бірде Ақсу-Жабағылының жайқалған жайлауы, желі басындағы шыбындаған мама биелердің қымызының иісі, қазанда қайнаған бағлан еттің жұпары сонау алыстан жетіп, мұрныңды жарып кете жаздайды. Кейде Талғар таудың бауырындағы жеркепенің іргесінде тұратын арша күбідегі ашымал көжені аңсайсың. Сондағы дүние неткен дүрия едің, қатықсыз қара көже неткен қасиетті еді. Байтақ қазақ даласының топырағында туғандардан аштықтың дәмін менен артық татқан адам бар ма екен? Ай, жоқ-ау, сірә. Күніне көретін тоқсан тоғыз бәленің бір түрі және мылтықсыз, қылышсыз, а бірақ ең қатыбас түрі осы аштық, атасына нәлет.

Бодойбо деген иттің жолы бір жерде кеңейіп, алдымыздан шана жүріп, тапталып қалған екен. Сол жолдың үстінде көз ұшында қарайған жалғыз нүктеге бәленбай жүз аштардың көзі бір мезгілде түскен сияқты еді. Тура кеп ұмтылдық. Аяқ-қолдағы бұғаулардың сақыр-сұқыр сылдыры жүз есе күшейіп, үркінді қаһар хабарындай аспан асты, жер үстін күңірентіп жіберді. Қар жамылып мүлгіп тұрған қарағай үңгілерінде ұйықтап жатқан ақ тиін атып тұрып, апанда алты ай мызғитын қоңыр аюлар қорқа қорбаңдап шошыған заман. Алдағы қарайған қара ноқатқа кім бұрын жетеді, соның жұлдызы жанар шақ. Бізден бұрын өткен шанадан түсіп қалған бір кесек нан шығар деген үміт дәл қазір құдайдың өзінен де күшті.

«Анау жатқан ат басындай алтын» десе, әй, қайдам, ешкім бүйтіп жан ұшырмас еді. Бұлайша бірін-бірі етегінен тартып құлатпас еді. Салт атты айдауылдар бұл дүрлігуден сескеніп, аттарын қарға омбылатып, қапталды қарауылдап, мылтықтарын иықтан сыпырған. Адамдардың аузынан ақ жалын атқылайды. Арандардан шыққан ақ бұдан қара тобыр үстіне ақ тұман тұрып қалды.

Өлермендер ақыры әлгі қарғыс атқыр қара ноқатқа жетіп жығылды-ау. Алғашқылардың бірі болып мен де қол соза ұмтылып едім-ау. Жаңағы жүгірген түк емес екен. Нағыз азап басталды. Бірінің үстіне бірі құлаған адамдардан тay тұрғандай болды. Қаһар соққыр қара ноқат қайда қалғанын кім білсін, әйтеуір адамдар далбасалап, бірін-бірі жұлмалап, қолдарымен сипалайды. Балағаттасып, кеңірдек жыртысуға әл-дәрмен жоқ, тек қырылдаған үндер. Кімнің кімге не айтқаны белгісіз.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий