Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Баяғының баяғысында, бала күнімізде көгалға шығып алып «түйебас» ойнаушы едік. Қазір бөтен біреу бізді көрсе, «түйебас» ойнап жатыр екен деп ойлар еді. Ақыры атты айдауылдар бізді быт-шыт қылып қамшымен сабап, оған да болмаған соң аспанға мылтық атып тарсылдатып, жағамыздан алып, жан-жаққа лақтырып, әрең таратты-ау.

Тағдырдың мазағы сан түрлі, Тұрар. А бірақ дәл мұндай мазақты тағдыр бұл шаққа дейін ойлап тапқан жоқ шығар. Нан деп таласқан қара ноқат шанаға жеккен аттың қатып қалған тезегі екен, атасына нәлет...

Әлгінде бірін бірі кеңірдектен алған бейбақтар енді бір-бірінің бетіне қарай алмай, Бодойбо деген иттің жолымен ілби басып кете бардық.

Бұзау үні әлгіндей емес, енді үздігіп шығады, қыңсылап та қысылып шығады. Адамдардың көрген азабына шыдай алмай, темір екеш темір де тебіреніп жылар ма екен, Тұрар. Мен мұны өз құлағыммен есіттім, атасына нәлет.

Шығыс Сібірдің аспаны батар күннің алдында ашаң қызыл рең алып, мына сұмдық мазақтан тәңірінің өзі ұялып, беті дуылдап тұрған сияқты.

Тұңғыш рет сонда менің көзімнің алды бұлдырап, қызыл-жасыл сәуле шалықтады. Бұлыңғыр арасынан анда-санда қаба жал Қалдықызыл атқа мінген Саймасай маған қамшысын бүктеп ұстап, сақылдап күлгендей болады. Табалағаны шығар. «Көрдің бе, бәлем, көресіні» дегені шығар. А бірақ менің көңілім оған тозған жоқ, атасына нәлет. «Саймасайдың астында Қызыл Жебенің болмағаны қандай жақсы»,– деп өзімді-өзім жұбаттым.

Аспанның қызылы ыдырап, төңірек бұлдырай бастағанда біз бір селенге келіп кірдік. Бәрімізді бір сарайға әкеп қамады. Сансырaп құлап, бір-біріміздің бауырымызға тығылып жаттық. Әлгі бір қараң қалғыр қара ноқатқа бола бірінің кеңірдегін бірі жұлған бейбақтар енді иесіз қаншықтың күшіктеріндей біріне-бірі тығылып, құшақ ажырамас туыстардай бұйығып қалыпты.

Әлгі бір қараң қалғыр қара ноқаттың төңірегінде томпайып-томпайып екі-үш адамның өлігі тағы да қалды. Мүмкін, әл-дәрменнің ақырғы тамшысы таусылған шығар. Мүмкін, аласапыран арпалыста біреулердің қолы қатерлі тиген шығар. Әлде айдауылдардың қамшысын көтере алмай қалды. А бірақ алданған үміттің күйігіне шыдай алмай кетулері де мүмкін. Үзілген үміт – ажал. Менің бір тәуба қылатыным, менің жанымның шықпай жүргені – әлі де сол сұм үміт, атасына нәлет.

Есіңде ме, Тұрар. Мені Алматының абақтысынан айдаған бозала таңда сен арбаның артынан жүгіріп, белбеуімнен ұстадың. Сонда қолыңа шуда жіптің тарқатылған бір ұшы ілінді. Тарқатылып-тарқатылып таусыларда айдауыл штыктың қырымен әлгі жіпті қиып жіберді. Сен құлап қалдың. Сонда мен көңіліме секем алдым. Шіріген жаман жіптің үзілгені бекер болды-ау, бұл шіркін елегізген үміт жібі сияқты еді-ау, дедім. А бірақ, дәтке қуат беріп, сол үзілген жіпті, үзілген үмітті мен көңілдің нәзік қылымен жалғадым.

Жол хикметін айтып тауыса алмаспын, Тұрар. Көктем шығып, қар еріп, мұз бұзылғанша біз Үстіқұт деген жерде жаттық. А мұз бұзылғанда бізді кемеге салып, Лена дариясымен алып жүрді. Дарияның несін айтайын, біздің Алатаудан аққан бүкіл өзен-су біткенді жинаса, бұған тең келер ме екен, әй қайдам. Кемеден түскен соң тағы да жаяу айдады. Жері таулы келеді екен. Алатаудай аспанмен таласпаса да қырат-қырат, кілең орман жамылған дүлей дүние. Халқының кейбірі тура өзіміздің қазақ-қырғызға ұқсайды. Әуелі қазақтар ма, яки қырғыз ба, бұлар жақұт деп. Сөйтіп жақұт деген елді де көрдік. Сөйлесіп көрейін десем, айдауыл рұқсат етпейді. Яки оларды бізге жолатпайды. Олар бізге іш бұратын тәрізді, сірә.

Салт атты бір жақұт жол жағасында қыратта тұрып, мен тұсынан өте бергенде дауыстап, өз тілінде бірдеңе-бірдеңе деді. Түсінбедім. Сонан соң өзі саусағымен нұқып көрсетіп: «Саха, Саха» – деді. Сонан соң саусағымен мені нұсқап, өз тілінде тағы бірдеңе сұрады. Түсіне қойдым: «Қазақ, қазақ», – дедім. Ол ақсия күліп, туысқанын көргендей мәз болып: «А-а, қассаха, қассаха!» деді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий