Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Тұрар, бауырым менің. Бұл хатымды мен жұлдыздарға тапсырдым. Біріне-бірі қол жалғап, саған жеткізер, аян берер. Әкеңнің тірі жүргенін сездірер. Менен күдер үзбегейсің. Менің оңайлықпен жан бермейтінімді сен білесің ғой. Аспандағы жұлдыздар сағыныштың киесі көрінеді. Бодойбоның сары алтынындай сағынышымды сен жұлдыздарға қарап танырсың.

Сені менің сағынышым желеп-жебеп жүргей, Тұрар... Жарық дүниенің жүзінде көрісуге жазсын тағдыр екеумізді.

Әкең – Рысқұл.

I

Ташкенттен аттанғалы бері де екі күн болды. Бекет-бекетте ат ауыстырып, аз тыныстап, аялсыз салып ұрып жүріп отырғанның өзінде араға екі күн салып Әулие-Атаға әрең жетті.

Атшабардың астындағы Керуен сарай бекетінде ауыстырар ат жоқ болып шықты. Ташкенттен келе жатқан ротмистр бекетшіні жағасынан алып:

– Тез тап аттарды! Мен генерал-губернатор Куропаткиннің төтенше тапсырмасымен Меркеге асығып бара жатқан ресми адаммын! – деді.

Бекетші о да құдайдың пендесі ғой, ә дегенде ротмистрдің қолын жағасынан жұлқып тастап-ақ еді, екі иығына екі кісі мінгендей бадырақ көз дембелше қазақ генерал-губернатордың есімін естіген соң желі шыққан торсықтай солып сала берді:

– Әлгінде ғана тың аттарды ояздың өкілі жегіп жүріп кетті. О да Меркеге бара жатыр...

– Ояздың мекемесі қай жерде?

– Кауфман көшесінде, мырза. Үлкен сары үй. Жүріңіз, мен ертіп апарайын, – деп елпеңдей қалды.

* * *

Қан сорпа болған аттарын Шақпақтан шыққан арбакеш атқорадағы ақырға апарып байлады. Күймедегі жолаушылар жерге түсіп, аяқ-қолын жазды. Ташкенттен мінген ғалым-этнограф саквояжын ашып, тамақ жеуге кірісті. Тұрар өзінің өзегі талғанын сонда барып шын сезгендей болды. Аш өзек үзіліп кетердей сазып тұр. Соны байқаған этнограф дәмге шақырып еді, Тұрарды намыс жібермеді. Онсыз да жол-жөнекей тамағын осы ғалымнан асырап келді. Қашанғы масыл бола береді.

– Рақмет. Тамаққа тәбетім жоқ,– деді.

Жоғарыдағы Атшабарға шығып қайтпақшы болып бір тұрды. Іс Түлкібастан, не Меркеде базарлап келген ағайын кездесіп қала ма деген дәме.

Түлкібастықтардан бәлендей біреуді жыға тани қоймас, бірақ жөн-жосық сұрастырса, өзінің аты-жөнін айтса бұл тарапта мұның әкесін білетін қазақ-қырғыз табылар да ма еді. Ал меркеліктердің бала-шағасына дейін біледі. Әкесі Атшабарда кезінде талай болған. Әттең, із қалмайды. Әйтпесе түйе табан қисық етіктің ізі Рысқұлдың өмірінің жолындай бұралаңдап жатар еді.

Із қалмайды, сөз қалады. Уақыт – қалбыр елек сияқты. Оның көзінен ұсақ-түйек, майда-шүйденің бәрі түсіп кетеді де, ірілері ғана қалады. Ел аузында сөз сол ірілер туралы ғана сақталады.

Түлкібаста – Тұрардың әкесі туған. Бабасы Жылқайдар жатқан шығар әне бір қырдың астында.

Періштенің түсіндей, пейіштің төріндей қайран Түлкібас! Саған, сірә, мына дидарыңа қарағанда жаманшылық жуымас. Мынау заңғар алқаракөк аспан, анау асқар Тәңірідей таулар, айдаһардай шапшып аққан асау ақжал өзендер, қанық жасыл жапырақты әулие жаңтақ ағаштар, түпсіз аспан шырқауында қалықтап жүрген тәкаппар қырандар; төскейдегі шүйгінде семіздіктен мамырлап қалған шыжандай мал...

Иә, бұл жәннатта тек Адам-Ата мен Хауа-Ана тектес адамдар ғана тұрса керек еді. Бірақ пейіштің өзінде де өтірік-өсек, қызғаныш пен қастандық, жауыздық пен қараулық бағзы заманда, адамзаттың бозала таңында бой көрсетсе, бүгінгі пенделерге не жорық. Әйтпесе, Адам-Ата мен Хауа-Анадан туған Қабыл өзі інісі Абылды қызғаныш қырсығынан таспен ұрып өлтірер ме еді? Жауыздықтың төркіні пейіштің төрінен шыққан.

Адам-Ата мен Хауа-Ана өмір сүрген жұмақ та дәл осы Түлкібастай-ақ болған шығар. Мұнда да Абылдар бар, мұнда да Қабылдар бар. Бұл жерді жайлаған елдің арғы бабасы Шілмембет деген кісі екен. Содан тараған ұрпақтан батыр да туған, қатын да туған, дана да шыққан, шала да шыққан. Періште жүрген жерді шайтан аңдиды. Періштесіз жерде шайтан жұмыссыз қалады.

Әйтпесе, жиырма үй Сәлік бұдан отыз жыл бұрын Түлкібасты тастап, ұлардай шулап, үдере көшер ме еді?

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий