Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Өгей шешең Ізбайшаны айтамын: Молдабек қайнысына қосылып алыпты, жалмауыз. Мырзағамдай асылдың басын жұтқан жалмауыз. Кебенек киіп кеткен ердің жолын күтпей, не өлді деген хабары жоқ, некелі ердің намысын қорлап, байсырап бара жатқан ит қаншық, Молдабектің момындығын малданып, тиіп алды, қайтейін. Қайтейін-ау, қайтейін, қайсыбірін айтайын, Тұрар-ау! Мырзағама тартпаған мырың Молдабек! Туған атасының жарының қойнын қалай ашты екен! Өлді деген суық хабары болса бір сәрі. Ондай жаманаты жоқ, сұм дүниені шыр айланып бір күні қайтып келсе – не бетін айтады Ізбайша мен Молдабек – жүзі ғана қаралар?!

Салиха шешесі екі көзін тарс жұмып алып, қос бүйірін таянып, екі жағына кезек-кезек теңселіп, «Жүзіқаралар!» – деген сайын бөстектің үстін дәу жұдырығымен қойып-қойып қалады. Бөстекті емес, Ізбайша мен кіші қайнысы Молдабекті жұдырықтап жатқандай бейне бір. Қырғызбай атасы болса, айтқызбас еді, соның үйде жоқтығын пайдаланып, ай, армансыз бір ақтарылды-ау Салиха апасы.

Сол Молдабек пен Ізбайша қазір Түлкібаста. Олардың бетін Тұрар қалай көреді? Осы жерде ол Ахат атасына да іштей ренжіген сияқты. Молдабек пен Ізбайшаның неке қиярына Ахат та қатысты-ау деп қауіптенеді.

Өгей де болса, Ізбайшаны Тұрар жақсы көруші еді. Келіншектің де балаға қақаң-соқаңы жоқ болатын. Ізбайшаны Сібірге ала кетемін деп әкесі Рысқұл түрмеде жатып қанша әрекет жасағанын Тұрар жақсы біледі. Сібірге ілесіп бара алмаймын деп Ізбайшаның атынан жазылған қолхатты да біледі. Ол тілхатқа әкесі сенбеп еді. Сонда әкесі алданған болды ма? Сонда Тау-Шілмембет Рысқұлды шыннан өлілер санатына қосқаны ма?

Бұған Тұрар көңілі сенбейді. Ақиқат көзің көрмеген соң, үкімет әкең өлді деп ресми хабар бермеген соң, қайран көңіл үміткер.

Тау-Шілмембет Талғардың баурайына тығылып тұрған Бесағашта отырғанда Ахат атасы қисса оқитын. «Алпамыс батырды» Тұрар сол бір сәби шағынан біледі. Енді сол Алпамыс жиі-жиі есіне түсе береді. Өзінің әкесі Рысқұлды Алпамысқа балайды. Молдабек – Ұлтанқұл екен дейді. Ізбайша – Гүлбаршын, Ахат атасын – түйе бағып жылап жүрген – Құлбай шалға ұқсатады. Күндерден күн өткенде Рысқұл-Алпамыс тірі қайтады. Ахат Құлбайды құлдықтан құтқарады. Молдабек-Ұлтанқұлды тепкілеп, ит терісін басына қаптайды. Ал Ізбайша-Гүлбаршын... Осы араға келгенде Тұрар Гүлбаршын сынды асылды Ізбайшаға айырбастағысы келмейді. Гүлбаршынның жөні бөлек қой.

Ал әкесі Рысқұл нағыз Алпамыс. Қисса мен шындық арасында көп қисын бар. Халық қиялы телегей теңіз болғанда да, сол қиялдың арқауы – өмір. Мұның да әкесі аңызға айнала бастады. Ел арасында Рысқұл туралы әр алуан жорамал жүр. Рысқұл каторгадан солдаттарды өлтіріп қашып, астына ала ат мініп, басына аққудың терісін киіп (жұрт оған аққудың терісін неге кигізетіні Тұрарға мүлде түсініксіз) ел аралап жүретін көрінеді. Тіпті онымен бірге оқыған Төребек деген жігіт бір күні Тұрардан кәдімгідей:

– Сен әкеңмен жолығыпсың ғой. Меркеге сені іздеп келіп, сенімен оңаша сөйлесіп, кетіп қалыпты ғой. Астында ала аты, басында аққудың терісі бары рас па? – деп те сұрады.

– Бекер сөз, – деп шынын айтқан Тұрарға:

– Патшаға қарсы қол жинап жүр дейді. Сонысын біліп, қорқып айтпайсың ғой, ә? – дейді.

Кімнің аузына қақпақ қояды, Төребек те біреуден естіген. Бірақ әкесін көрмегені Тұрардың өзіне аян. Қисса, аңыз деген осындайдан туатын шығар. Аты аңызға айналған адамға ажал дарымас. Тәні өлген күнде де, рухы жалау болып желбіреп жүрер.

Әкесінің патшаға қарсы қол жинауы – халықтың қиялы болса, Тұрардың қол жимақ болып Меркеге асығып бара жатқаны кәдімгі шындық.

Жоқ, Тұрар бұл сапар Түлкібасқа аялдай алмақ емес. Қош, қайран ата-баба қонысы! Қош, Ахат ата! Қош, жалғыз бауыр Түйметай! Көріскенше күн жақсы...

Артта Шақпақ асуы қалды. Жуалы жері қалды. Қаратаудың Күйік асуына шыққанда арғы беттен мұнартып Әулие-Ата көрінді. Әулие-Атаға жақындағанда Асау дейтін өзеннің жағасындағы бір селоға тоқтап, жолаушылар сәл тыныстады. Этнограф-ғалым ротмистрден селоның атын сұрады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий