Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Офицер мырза, сіз басқа жарлықты да білуге тиіссіз ғой, ұмытып қалдыңыз ба, генерал-губернатор қара жұмысқа мобилизация жасаудан болыстарды, ауылнайларды, имандар мен молдалары және үкімет оқу орындарында оқып жүрген шәкірттерді құтқарған жарлық шығарған жоқ па? Мен осындағы мұғалімдер институтының шәкіртімін. Ал қазір каникулға Әулие-Ата уезінде тұратын туысқандарыма бара жатырмын.

– Кешіріңіз, – деді ротмистр басын сәл изесе де, зілдене, кекесін үнмен.

Дегенмен, кәдімгідей ығып қалды. Өз кеңсесінен шығып жатқан жарлықтың бәрін жатқа айтып жұтынып тұрған пысық та тәкаппар қараторы жігіт мұны жұдырықсыз-ақ тұмсығын қанатып тастағандай еді. Ротмистр біртүрлі ыңғайсыздық сезініп, іштей ренжіп, ашутас жалаған баладай тыжырынып отырды.

Асылы, арам жеңіс – рухани жеңіліс қой. Ондай жеңіс жанды жегіш, ләззаты жоқ, құр қоқайма. Ротмистр Тұрарды қорсынып, отырған орнын тартып алғанмен, қазір көңілі шытыр жеген өгіздей бей-жай.

Тұрар күйме есігінің жақтауынан ұстап түрегеп тұр. Үстіндегі еуропаша костюм өңі түспеген, таза, қыры сынбаған, ұйпаланбаған, сүйкімді. Бойы орташа болғанмен, денесі қоладан құйғандай шымыр, жас адамның әл-қуаты шиыршық атып, жігері мұқалмай, жүзі жапырылмай, жанып тұрғаны байқалады.

Осы қалпында ол қорланып емес, ротмистрдің бейшаралығын аяп, мүсіркеп тұрғаны сияқты. Ротмистр мұны «түзем» деп кемсітті. Нәсілдік аурумен ауырған адамның сандырағын айтты. Бұл ауруға орыстардың азшылығы ғана шалынып, көпшілігі сау екеніне іштей қуанып, офицердің оспадарсыздығын ұмытуға тырысқан. Есіне соноу мың да тоғыз жүз бесінші жылғы Алматы түрмесінде отырған Александр Бронниковты алды.

Александр Бронников кім? Мынау отырған ротмистр кім? Екеуі екі дүние. Жер мен көктей, қыс пен жаздай, күн мен түндей. Екеуін де орыс дегенмен, көкірек басқа, көзқарас басқа. Біреуі зұлымдықтың күзетінде, біреуі адамгершіліктің қызметінде. «Ленин айтқан екі Ресейдің кішірейтілген көрінісі», – деді ішінен Тұрар. Пролетарлық Ресей бар да, халықтардың түрмесі болған Ресей бар. Түрменің өкілі қарсы алдында отыр. Ал Александр Бронников болса... Қайда екен қазір? Тірі ме, өлі ме? Өзінің туған әкесі Рысқұлдың тағдырыңдай тұман тұтқан белгісіз, неғайбыл. Рысқұл да, Александр да 1905 жылдың қаһармандары. Ал революция қаһармандары оп-оңай құрып кетпесе керек-ті. Көңілге сол ғана медет. Әйтпесе, олардың тіршілігінен Тұрар беймәлім.

Тұрардың жападан-жалғыз түрегеп тұрғаны жалғыз ротмистрді ғана емес, күймедегі бар жолаушылардың бәрінің жұлын-жүйкесіне тиді. Бәрі де кірпі үстінде отырғандай қолайсыздық сезімде. Ақыры шыдай алмай, көзілдірікті ғалым-этнограф:

– Жігітім, отырыңыз, – деп ығысқан болды. – Мырзалар, сәл жылжысаңыздар әлі де бір кісілік орын табылар. Кәне, кәне, мырзалар.

Ротмистр қопаңдап көршісін ығыстыра, жылжи бергенін өзі де сезбей қалды.

Тұрарға күймеден орын қатыстырған ғалым соноу Орынбордан келе жатқан этнограф болып шықты. Жетісу қазақ-қырғыздарының фольклорын зерттеуге келе жатқан беті екен. Керуен сарайда көліксіз отырып қалған кезде ол Тұрармен өзі танысты.

Тұрардың Меркеге баратынын біліп, ол жердің жағдайын, халқын сұрастырды. Күйменің баспалдағында отырып саквояжын ашып, тамақтана бастады. Дәмге Тұрарды да шақырды. Ұқыпты кісі. Пісіріп алған бірер тауығы, жұмыртқалары, тіпті қияры да, қағазға ораған тұзға дейін бар.

Тұрар сыпайылық сақтап, бас тартып көріп еді, этнограф:

– Жігітім, мен байқаймын, сіз мәдениетті адамсыз. Бірақ тамақтың ұяты жоқ. Келіңіз, – деп болмады.

Екеуі шүйіркелесіп, ораза ашып отырғанда қастарына бір жетім күшік келіп, шоқиып отыра кетті. Тамақтанғандардың біресе қолына, біресе аузына қарап, жаланып-жаланып қояды. Шыдамай тұрып кетіп, құйрығын бұлғаңдатады. Басын қисайтып қарағанда көзіндегі жалыныштан жаның шыр-шыр еткендей болады.

Этнограф тауықтың мүжілген аяғын лақтырар-лақтырмас көз ілеспейтін жылдамдықпен қақшып алып, азуға басып күтір-күтір шайнайды да, бір-ақ қылғытып салып, тағы да мөлие қалады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий