Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Тағдыр екен, арада он жыл өткен соң ерке-тәйтік Аркашамен ашық майдан шайқасында кездесемін деп Тұрардың үш ұйықтаса түсіне кірген бе? Рас, жек көретін. Сабап алғысы келіп кіжінетін. Мазағына шыдамай қорланатын. Ал ұлы ұрыс даласында кездесуді ойламаған.

Тағдыр екен, тағдыр Аркашаны Тұрарға жау етіп қойды да, оның туған қарындасы Наташаны ойлағанда ет бауыры елжірейтін болды.

Зұлымдық атаулыға қарсы, халықты көтеремін деп қаһар мініп келе жатқан беті мынау. Сол халықты жаныштаймын деп асыққан Аркаша анау. Сұрапыл ойлар соғысының жарқылында жалт етіп нәзік сәуле жүрегін сыздатады. Ол – Наташа.

II

Аспараның ұшар басында ғана қалған бір шөкім қарды жаңа шығып келе жатқан күннің нұры шалып, ақ қар қызыл арайлы асыл тасқа айналып, атыраптағы мазасыз ауылдарға мейірбан сәуле таратқандай. Жаңа шығып келе жатқан күннің күзетшісіндей болып, Мықан жағасында Тұрар жападан-жалғыз тұр. Тау баурайындағы ел ерте оянып, күндегі күйбің тіршілік басталған. Өріске айдаған сиыр қазық басында қалып бара жатқан бұзауын қимағандай мөңіреп, артына қарайлай береді. Бақташының дауысы таңғы ауаны жара шаңқылдайды. Ойпаңда жылқы оқыранып, ауыл шетінен ит маңқылдайды. Үй-үйден түтін шұбатылып, көкпеңбек бейкүнә аспанның жүзін тасалай алмай үн-түнсіз ғайып болып жатыр.

Түстікте түксиген тау, терістік – шексіз мұнар. Осыдан терістікке тура тартсаң – елу-алпыс шақырымнан соң құмға барып кіресің. Жасыл жаннат таусылып, құлазыған құм басталады. Сол құм түстікке қарай тап-тап беретін сияқты. Бірақ таудан, таудың салқын самалынан, сансыз мөлдір бұлақтан сескенгендей бұғып қана жатады. Әлдеқалай тау қалғып кетіп, су тоқтап, тал-дарақ жығылса, құм лап беріп, бас салмақшы.

Үстірт қарағанға ауыл ажары бұрынғыдай. Ештеңе де өзгермеген. Сол бір мұржасы аласа жатаған тоқал үйлер. Кейбіреулерінің төбесінде өткен қыстан қалған ескі шөптің қалдығы әлі қалқиып тұр.

Бұлар жайлауға да шықпайды, қыстауға да көшпес. Қысы-жазы осы Мықан бойын еміп жатқан кедей ел. Жайлауға көшсе Бектен болыс пен Айбар байлар көшер. Аспара асып, Сусамырды барып жайлап, дүние рахатына мелдектеп жүрген солар.

Бірақ биыл жаз Бектен болыстың өзі де Сусамырдың сары қымызын сапырып іше алмай, ойда жүр. Жоқ, сырт қарағанға ел өзгермеген сияқты болғанымен, Мерке атырабында ашық күннің өзінде күн күркіреп, найзағай шартылдап, дауыл соғып тұрғанын байқамауға болмас екен.

Әне, анау Мықанның арғы бетінде жоғарыдан төмен қарай жөңкіліп бара жатқан аттылар кімдер? Тойға яки асқа, көкпарға, тамашаға тартып бара жатқанға ұқсамайды. Сабылыңқы, сабырсыз суыт жүріс.

Шілде күнінің өзінде әлдебір ызғар сезілгендей. Мықан суы сол баяғы сылдырына басып, сылқым ағып, жағасында жалбыз бен атқұлақ, қоға мен түйежапырақ жайқалып тұр. Ауа да сол баяғы кәусар, сол баяғы зәм-зәм суындай мөп-мөлдір.

Мықан суына түсер тұс жарлауыт, жалғыз аяқ жол ғана ирелеңдеп жатады. Тұрар бұрыннан сол жарлауыт тұсында жалғыз тұрғанды ұнататын. Үкілі шоқ қамыс тұсында иірім бар. Бала кезінде атқұлақтың жапырағын жұлып алып, сол иірімге тастап жіберіп, әлгі жасыл қайықтың шыр көбелек айналып, шарқ ұрғанына қызыға қарап қалатын.

Жасыл қайыққа мініп алып қиялында шексіз мұхитқа шығып кетер еді. Теңіз кешіп жүріп Сахалин аралына жететін. Аяқ-қолы кісендеулі әкесін тұтқыннан босатып, жасыл қайыққа мінгізіп, елге, Мықан бойына кері қайтатын.

Ол иірімге жақындағанда тостақ көз, көкқасқа бақалар тарбаң-тарбаң секіріп, шолп-шолп етіп, суға қойып-қойып кететін. Қазір де жаңа шыққан күннің көзіне қыздырынып отырған көкқасқалар беймезгіл үркіп, суға сүңгіп-сүңгіп кетті. Қарлығаштар әуенге басып, өзен үстінде қайқаңдап ұшып жүр. Иірімдегі суға күн сәулесі шашырап түскенде, су бетіне інжу-маржан шашылғандай, майда толқын құлпырып ойнап, жайнаң қақты.

Жарлауыт астындағы иірімге Тұрар бес жылдан кейін бірінші рет келіп тұрған беті.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий