Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Кемпірі Рысқұлға жоқтау айта бастаған сайын Қырғызбай «тәйт!» – деп тастаушы еді, бұл ретте үндемей төмен қарады. «Рысқұл жер бетінде жоқ» деген нанымға енді бұл мойын ұсынған сияқты.

– Апа, қай-қайдағы жамандықты шақырмаңыз.

– Итжеккенге кеткеніне он жылдан асты, не хабары жоқ, не ошары жоқ, тірі адам осы уақытқа дейін бір тіл қатпай ма мырзаға-о-о-у! Heгe кеттің хабарсе-ез-о-оу, аһ! – деп кемпір екі көзін шарт жұмып, екі бүйірін таянып қалған.

Бұдан арғыға Тұрар төзе алмай:

– Ата, мен жүремін, мұнда қалсам, сендерге кесірім тиер. Кәне, атыңды ерттеп бер! – деп бұрынғы өтінішін бұл жолы қатал қайталады.

Шал сәл бүгежектесе де, мына қаһарлы үнге, өңменнен өткен отты көзге шыдай алмай, есікке қарай қалбалақтай жөнелгенін өзі де байқамай қалды.

– Шәй ішсеңші, Тұрар-ау, – деген Салиханың сөзін Тұрар естіген жоқ. Бұл кезде ол тастай қараңғы далаға шығып үлгеріп еді.

* * *

Меркенің «Төрткүл» деп аталып кеткен қыр базарына бұл жексенбіде де халық көп жиналыпты. Бірак шығыс базарына тән бұрынғы сән жоқ. Адамдар әлдеқалай асығыс, әлденеден сезіктенгіш бір-біріне күдікпен қарайды, жан-жағынан үрей қамағандай, жалтақ. Шайхана алдында жуан қарын самаурындар сексеуіл шоғына шыдай алмай, селкілдеп, иіндерінен дем алып тұрса да, бұрынғыдай жайғасып, малдас құрып отырғандар көрінбейді. Шайқорлардың орнына, биік нарға бір кезде соқыр пристав Сокольский мырза, оның соңынан кеше Ташкенттен келген ротмистр және еуропаша киінген жас қазақ жігіт көтерілді. Атқа мінген урядниктер базардың о шеті мен бұл шетіне шапқылап, жар салып жүр:

– Азаматтар! Маңызды хабар! Қазір өте маңызды хабар есітесіздер. Шайхананың алдына жиналыңыздар!

Тұрар ағаш нарға көтерілгендерді бірден таныды. Пристав бұрыннан таныс. Ротмистр Ташкенттен сапарлас болған. Ал жас қазақ – баяғы Атамырза.

Атамырза зіңгіттей жігіт болыпты. Қияқтай мұрт қойыпты. Көзіне пенсне салыпты. Оның алтын бауы қымбат қара костюмнің омырауына тағылған.

Халық құжынап, жаяуы бар, аттысы бар, шайхананың алдына үймеледі. Ұлықтар тұрған нар мен көпшіліктің арасына бірқатар мылтық асынған солдаттар тізілді.

Соқыр пристав тапалдау бойын ұзартқысы келгендей, хром етікті аяғының ұшына көтеріліп, екі қолын арқасына ұстаған қалпы, қарлыққан дауыспен:

– Мырзалар! Халайық, – деп жұртты өз аузына қаратып алды. У-шудың лезде сап болғанына рухтанып қалғандай енді үні ашылып, сампылдай жөнелді.

– Он тоғыз бен қырық үштің арасындағы бұратаналарды соғыстың қара жұмысына алу туралы патша жарлығы шыққалы, міне, бір айдың жүзі болды. Болыстар мен старшындар майдан жұмысына баратын жігіттердің тізімін жасауға кіріскелі де бір шама уақыт өтті. Патшаға, империяға шын берілген азаматтар бұл жарлықты дұрыс түсінді. Әйтсе де әлі түсінбеушілер көп, ел ішіне бүлік салып, қара халықты адастырушылар шықты. Әлдеқандай оңбағандар патша жарлығына қарсылық көрсетуге тырысып, күш жинап, бунт шығаруға да әрекеттенуде. Оны біз білеміз. Бірақ олар отпен ойнайды. Ажалды қарта бүркітпен ойнайды. Ойтал маңында Ақкөз деген бұзықтың бастауымен бандалар топтасып жатқанын да білеміз. Олар біздің бір зеңбіректің оғына да төтеп бере алмайды. Бірақ біз қан төккіміз келмейді. Халыққа патша жарлығының мән-мағынасын әлі де болса түсіндіріп, мәселені бейбіт жолмен шешкіміз келеді. Бұл ретте киргиздің оқыған, көзі ашық азаматтары не айтады, соны тыңдаңыздар. Сонда ақиқатқа көздеріңіз жетеді. Орынборда шығатын «Қазақ» атты газеттің соңғы санын кеше бізге Ташкенттен ротмистр Приходько мырза жеткізді. (Ротмистр алға бір адым шығып, көпшілікке тағзым етті). Сол газеттегі тағлым сөзді сіздерге қазір Атамырза Айбаров оқып береді.

Осы уақытқа дейін приставтың сөзін қазақшалап тұрған Атамырза қолындағы араб әрпімен басылған газеттің бірінші бетін жазып, алтын жиек пенснесін кеңсірігіне нығарлап қойып, дауыстап оқи бастады.

– «Қазақ» газеті. Шілде айының сегізі күні. Орынборда шыққан саны. Тыңдаңыздар, мұнда былай жазылған:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий