Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Зымырап ете шыққан бес жыл. Өткен күнде белгі жоқ. Соңғы рет осы жарлауыт басында тұрып, атқұлақтың бір жапыратын қайық қылып, суға ағызып, Мықан бойымен, Меркемен қош айтысқан соң Тұрар Пішпекке аттанды. Пішпектен соң Самар, Самардан соң – Ташкент.

Меркеден аттанғанда Тұрар он төрт жасар панасыз бала еді. Тамыры байланбаған жас шыбықтай болатын. Тағдырдың дауылы, қаңтары мен ақпаны оны жұлқылап, жер бетінен жойып жібермекке әрекет жасап, талай озбырланды. Бәріне де шыдаған, бәрін де бастан өткерген. Өмірге деген ынтызар күн нәп-нәзік, талдырмаш қара баланы дауылға қарсы ұшырып, қанатын қатайтты.

Бақыты кем балалығымен қоштасқан Мықан бойындағы жарлауытқа қазір келіп тұрғанда, ерігіп, сейіл құрып жүрген жоқ. Әсте де олай емес-ті. Жарлауыт басынан жан-жаққа көз салады. Әлгібір бес-алты атты төмендегі Ойталды бетке алып, сай-саймен ғана жылжып, төбелері қылт-қылт көрініп, лезде көзден таса болды. Өзі жүдеу ауылдың адамдары ашаршылықтан, яки обадан қырылып қалғандай қыбыр етпейді. Тым құрыса, қолына құмған ұстап, үй сыртына дәрет ала шығатын шал-кемпір де көрінбейді. Тірі жан бар болса да, сырт дүниеге соқыр терезеден баспалап қарап, үйлерінде бұғып-бұғып, үрей болып отырған тәрізді.

Аспан ашық, әлем жарқырап тұрса да, дүние күн тұтылғандай күңгірт. Көктен нұр себелеп тұрғанмен, көкіректе көңілдің шырағданы пәс тартса, дүние осылайша сұрықсызданады екен. Бұған Тұрардың көзі жетіп тұр. Ел неге бүйтіп бұғып, баспалап қарап отырғанын да біледі. Әр бұтаның түбінен, әр сайдың тасасынан, жан-жақтан жау қамалап тұрғандай үрей тыныштық. Осы меңіреу тыныштықтан кейін әлдекім шашын жайып аңырап, жер астынан жоқтау айтып шыға келетіндей, тарс етіп оқ атылатындай тосын сәт.

* * *

Қырғызбай атасы қартаяйын депті. Өзі баяғыдан қоян мінез қорқақ адам, енді тым қалтырап қалыпты. Соңғы уақыттың бура бұрқылы бұйығып жатқан мұны да шайқаған тәрізді.

Тұрардың келгеніне бәлендей қуана қоймады. Неге екенін ашып айтуға тағы батпады. Тұрардың мұның үйіне келіп түскенін білсе, өкімет аямайды. Соны шал сезеді.

Іңір қараңғысында Тұрар үйге: «Ассалаумаәлейкүм!» – деп кіріп келгенде Қырғызбай атасы намаз оқып отыр екен. Келген Тұрар екенін білсе де, былқ етпеді. Шариғат намаз бұзуды қаламайды. «Шіркін-ай, көкем болса, намазды атып ұрып, орнынан қарғып көтерілер еді-ау», – деп Тұрар ішінен тынып қалды.

Ал Салиха шешесі Тұрарды көріп, бас салып құшақтап, аңырап тұрып бір жылап алды. Шалының: «Ойбай, қарыстыр жағыңды!» – деп ысылдағанына қарамастан:

– «Қайран ғана асылымның сынығы-ау, арманда кеткен есіл ердің жұрнағы-ау, теңдесі жоқ тұлпарымның тұяғы-ау!» – деп көпке дейін теңселіп тұрып алды.

Әлден уақыттан кейін шарт жұмулы көзін ашып, әлсіз шырағданның алагеуім жарығына Тұрарды шығарып тұрып, тұла бойына, бет-жүзіне үңіліп тұрып әбден қарады.

– Шынымен Тұрармысың, қарағым-ау! – Наудай жігіт болыпсың ғой. Тіпә-тіпә, тіл-аузым тасқа! Аумаған Мырзағаның өзі. Ұқсамасаң-тумағыр. Киімі ғана басқа, шаш қойғаны болмаса, дәл өзі. Ойбу, шаш қойып, кәпір болайын деп пе ең? Қой әрі, алдырып таста! – деп енді дауысын қатайта бастады.

– Апа-ау, шаштан басқа көкемнен тағы қандай айырмашылығым бар? Тапшы, кәне – деп Тұрар да кемпірді иығынан құшақтап, аймалап қойды. Бұл ықыласқа тым тәнті болған Салиха, діндей жігітке тағы үңіліп:

– Дәл өзісің ғой, Тұрар-ау! – деді еркекше жарықшақ дауысымен. – Ойбу, аңқау басым-ай, әкеңнің сақал-мұрты бар еді-ау.

– Одан басқа?

– Одан басқасы – бәрі айнымаған әкең.

– Таппадың, апа,– деді Тұрар кемпірді жауырынынан қағып қойып. – Көкем көзәйнек кимеуші еді ғой.

– Алда құдай-ай, көзәйнегің бар екен ғой. Әлден көзәйнек таққаны несі? Сол да сән бе? – деп кемпір екі езуі салбырап ренжіп қалды.

– Сән емес, апа, – деп күлді Тұрар. – Мұны кимесем, көзім бұлдырап, кітап оқи алмай қалатын болдым.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий