Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Аш ала күшік сөйтіп, адамдардың қолынан тамған там-тұм несібесін қақшып алып тұрған кезде, ротмистр жетіп келді. Бакенбардты самайынан кіршең тер ағып, түтігіп кетіпті. Тамақтанып отырған жолаушыларға деген ашу-ызасын ит байғұстан алып, қылдырықтай сүйекті қытырлатып жатқан күшікті теуіп кеп жіберіп еді, тұмақ лақтырғандай аулаққа барып бір-ақ түсті, шар-шар етіп, көпке дейін әлдекімге мұңын шағып қыңсылап қалды.

– Тілсіз мақлұқтың жазығы не? – деп фольклорист наразылық білдірді.

– Филантропия! – деді ротмистр күйменің көлеңкесінде тұрып мундирінің жез түймелерін ағытып, орамалмен терін сүртіп. – Сендер үшін мен әуре. Қазір аттарды әкеледі. Құдай қарғаған бұл азиаттардың қаласында көлік табу да қиямет. Маған ренжігенше, рақмет айтсаңдар жарасар. Филантроп...

* * *

Тың аттар жегілген қара күйме Керуен-сарайдан шығып, Әулие-Атаның қисық көшелерінің шаңын көтеріп, тағы да күншығысқа бет алды. Бір кезде алдан асау Талас өзені көрінді де, қала артта қалды.

Қаладан шыға бере ротмистр ат айдаушыға айқай салды:

– Айда жылдам! Жеккендерің ат емес, есек сияқты, немене жүрісің өнбейді? Айда жылдам!

Мына дауыстан Тұрар кенет селк ете қалды. Бір кезде әлдеқайдан естіген таныс сөздер... таныс үн... таныс мақам... Құдай-ау, қайда, қашан естіген?

Ротмистрдің ақырған дауысына ат айдаушы артына бұрылып, офицерге түксие бір қарап алды. Мұрты салбырап, езуінен төмен түскен, шоң мұрын, қыртыс маңдай, ірі тұлғалы егде қазақ екен, ләм деместен қайтадан бойын түзеп, ұзын қамшыны асықпай жоғары көтеріп, мылтық атқандай шарт еткізді. Күйме заулап ала жөнелді.

– Айда жылдам! – деді ротмистр одан бетер еліріп.

«Құдай-ау, шыннан сол ма? – Тұрар ротмистрге көз қиығын салды. – Мен шыннан танымай қалғаным ба? Егер бұл шыннан Аркаша болса, ол да мені танымады ғой. Демек, екеуміз де өзгерген болармыз. Арада он жыл өтті той...».

Арада он жыл өтсе де, аузындағы сол бір жаттанды сөз өзгермеген. Аттарды қамшылап, қуалап келе жатқандай, жаны ышқынып, есіре еліріп кететін қу әдеті қалмапты.

«Сол! – деді Тұрар ішінен. – Дәл өзі. Кешелі бері бірге келе жатып, қалай аңғармадым? Құдай сақтағанда, ол да мені танымады».

Бала кезінде домаланған сеп-семіз, іркілдектеу неме еді, ысылып, еңгезердей нау жігіт болыпты. Жирен жез мұртты, самайынан төмен түскен бакенбарды бар, еңселі офицерді бір кездегі шіңкілдек, болпық Аркаша деп кім ойлаған.

... 1905 – 1906 жылдары мына Тұрар Алматы түрмесінің бастығы Приходько мырзаның гимназист баласын фаэтонмен мектепке алып баратын. Фаэтонға түрменің қос жирен қасқасы жегілуші еді. Жирен қасқалар мына бекеттің аттарындай емес, атылып тұрған жарау жүйріктер болар еді. Ат айдаушы Тұрарға әлгі гимназист шіңкілдеп бұйрық айтып:

– Айда жылдам! Немене есек жегіп келе жатқандай, жүрісің өнбейді. Айда жылдам жаныңның барында! – деп әкіреңдеуші еді.

Мінезі, жүріс-тұрысы, сөз саптауы сол сәби қалпында қалған да, дене тұлғасы ұлғайып, киім формасы өзгеріп, бет-әлпеті ертерек егделеніпті. Көзінің алды күлкілдек, маңдайының әжімі көп. Соған қарағанда, көбірек жұтып қоятын болар. Дегенмен, офицерлік форма өзіне бек жарасып тұр.

Енді Тұрар бір қырындап, оған бетін бермей, бұғыңқырап отырды. Кім біледі, танып қалуы ықтимал. Әлгіде Тұрар оны сөз саптауынан таныды ғой. Ол да мұны елеусіз бір белгісі арқылы біліп қалмасына кім кепіл...

«Е, бұл бала кезінің өзінде әкім болуға бейім еді, арманына жеткен екен. Әскери жолға түскен екен. Сонда бұның қызметі Алматыда емес, Ташкентте болды-ау. Тіпті генерал-губернатордың тікелей қол астында қызмет қылатын болғаны ғой. Әлгі бір сөзінде соны аңғартып қалды-ау. Сонда мұның әкесі Приходько мырза қайда? Әлі сол түрменің бастығы ма екен? Әлде қызметі жоғарылап, ол да Ташкентке ауысты ма? Наташа ше?»

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий