Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Патшаның айтқанына көніп, айдауында жүре беретін момын қазақ бұл жолы өзгеше мінез танытып, атырылып атқа қоныпты. Басы бірігіп, кәдімгідей елдігін танытып, қаһарланып алыпты. Ойтал дейтін жерге Ақкөз дейтін көсемі ат қылынан ту тігіп, жасақ жинай бастапты. Ал бірақ оның ішінде Тайлақ жоқ. Тайлақ мұның қасында.

Ал осы Тайлақтың Жылы-Бұлақтағы жерін Кузьмин қалай тартып алғанын Пахом соноу Столыпин дәуірінде өз көзі көрген.

Маңырақ ауылы ұлардай шулап, Жылы-Бұлақтан көшкенде, осы Тайлақ жерге етбетінен жата қалып, қос қолымен топырақ уыстап, сол топырақ оның көз жасына шыланған. Сөйткен Тайлақ енді Кузьминнің малының тілеуін тілеп, құлақкесті құлға айналып, тұяқ серпер түрі жоқ.

Енді біраздан кейін шошқалар өзен бойындағы бір қолтыққа жайылған шалшыққа кіріп, қорс-қорс етіп, батпаққа жата қалып, жан рахатқа батқандай шыңғырып, бірін-бірі талпақ тұмсығымен түрткілеп, мамырлап қалды да, басқа түлік өзен бойлап, әлі де жылжып бара жатты.

Бір қызығы, Пахом шошқа табынына қайырылмай, сиыр мен қойдың бір шетін түре айдап, алысқа ұзай берді.

– Әй, тамыр, жетер енді, малды жалғыз қолыңмен қамшылап, мазалай берме, – деп Тайлақ қайрат көрсетпек еді. Пахом көнер емес. Ұзын қамшыны шартылдатып, малды ықтырып әкетіп барады.

– Тайлақ, сен солдатқа барғың келе ме? – деді кенет Пахом бос жеңімен бетін сүртіп келе жатып.

– Мені қайтеді? Бармаймын-ей! – Әлгі сұрақ Тайлаққа мазақ сияқты болып естілді. – Сен-ақ жетістір. Жетістіріп келдің ғой жауды жайратып.

– Ал сені солдатқа алады. Бектен болыс Кузьминге сені қайтар деп жатыр. Тізімде бар көрінесің.

– Кузьминнің малын кім бағады? Жоқ, сен алдайсың, тамыр, мені қожайын бермейді, – деп Тайлақ айылын жимады.

– Қазір соғыс кезі. Кузьминге екі бірдей батырақ ұстауға рұқсат етпейді. Екеуміздің біреуіміз қаламыз. Біреуімізді солдатқа алады. Қалай ойлайсың, кімді алады?

Сұмдықтың сыры Тайлақтың санасына енді жеткендей, аңғал адам аңырайып тұра қалды да, керемет жаңалық ашқандай, айдалада айқайлап жіберді.

– Ой, әкеңнің... Әрине, мені алады! Сен шолақты не қылсын!

– Ал сонда ана алты балаңды кім асырайды? Кузьмин бе, Бектен бе? Әліңе қарамай өзің де асыл тұқымды айғырдай неме екенсің.

– Әй, тамыр, өйтіп оттама, бала құдайдікі, менікі емес.

– Е, сонда қатының оларды күлге аунап тапты ма? Қызылбет қатының мекиен болып кеткен шығар...

Кенет Тайлақ Тайтақайды ойлап, оны ұдайы ұрып-соққаны есіне түсіп, өзегін өрт шалғандай, тұла бойы дуылдап ала жөнелді. Кішкентайынан қосылған, шала құрсақ, жыртық көңіл көп күндерді бірге өткізген, адуын да аңқылдақ, арқырама дүлей мінезді болғанмен, артында зілі жоқ сол әйелдің өзіне қымбат екенін түсінді. Бәрін тастап, Маңырақтағы жаман үйіне тез жетіп, жалаңбұт балаларының маңдайынан сипағысы келді.

– Солай, тамыр, сені солдатқа алады. Одан қайтып оралуың екіталай. Мың-мың адам, ілуде біреуі қайтады. Оның өзі мен сияқты мүгедек болып қайтады, – деп шегелей берді Пахом.

– Егер қайтпай қалсам, менің хабарымды қатын-балам қалай біледі? – деп Тайлақ демде майданға кетуге мойын ұсынып қалды.

– Е, адресіңді жазып, қалтаңа салып қой. Өкімет өзі хабарлайды.

– Мен хат білмеймін ғой, тамыр, сен жазып берсеңші. Қағазды жоғалтып аламын. Бір қатты нәрсеге жаз, мойныма жіппен тағып аламын.

– Е, дәл қазір аттанып бара жатқан жоқсың ғой. Жаз десең – жазып берейін. Ал енді тыңда. Кузьминге біз енді қайтып бармаймыз, білдің бе? Ақкөзге қосыламыз. Сонда солдатқа алынбайсың. Ақкөзде адам көп. Ал көп болған жерді жау ала алмайды.

– Жоқ, ойбай, мені бір бәлеге ұрындырайын деп тұрсың ғой, арам!

– Сөйлеме! – деп Пахом оң қолын сілтеп қалайын деп еді, қолы жоқ, тек иығындағы тұқылы ғана шолтаң етті.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий