Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

«Танымады, – деді Тұрар ішінен. –Танымады. Біз сонау Бектен тойынан бері көріспегелі алты жыл өтіпті. Екеуміз де өзгерген екенбіз. Мұның басында бурылы көбейіпті. Реңі әлі таймаған бірақ. Жарықтық әлі нарттай жүзінен нұр шашырап, екі көзі әлі жайнап тұр. Осы келбетте адамды өзіне еріксіз артып алатын магнит бар сияқты. Дәл қазір мына қалың қолдың мұның жанына топтанғаны да тегін емес қой. Құдіретті қарт, енді сол құдірет жолын дұрыс таба білсе болғаны...».

Тұрар төбеде отырған Ақкөзге тағы бір адым жақындай түсті:

– Ақа, танымай қалдыңыз ба? Мен Тұрармын ғой. Рысқұлдың...

– Болды, болды, бауырым, құлыным, болды, ар жағын айтпай-ақ қой! – деп Ақкөз орнынан қопарыла көтеріліп, қорбаңдап келіп жас жігітті бауырына басты.

– Ылғи бір сын сағатта сен кез келіп, қанатымен су бүріккен қарлығаштай, дем бересің, құлыным. Сонау Бектен тойындағы сойқанда шырылдап келіп ара түскеніңді әлі ұмытқан жоқпын, қуатым. Әй, сондағы жүрек жұтқан ерлігің-ай. Содан кейін сенен көз жазып қалдым. Сені оқуға кетті деді біреулер. Қанша жыл болды? Алты жыл дейсің бе? Иә, алты жыл өтіп кетіпті-ау. Сен осы қаншаға келдің, Тұраржан?

– Жиырмаға келдім, Ақа.

– Жиырмаға дейсің бе? Мен алпысқа шықтым. Сенің әкең менен бірер жас кіші еді. Қазір қаншада болғаны?

– Тірі болса, елу алтыда ғой, Ақа. Айдауға кеткеніне он жылдан асып барады, әлі дерек жоқ қой. Кесімі он жыл еді...

– Е, Тұраржан, кебін киген келмейді, кебенек киген келеді. Тірі жүрсе, арыстан еді, азамат, бір айналып соғар, не бопты. Әй, арыстан еді-ау, есіл ер...

Бұл әңгімені тыңдап отырғандар жағдаятқа енді-енді түсінгендей.

Араларында Рысқұлды білетіндері өзгелеріне айқайлап айтып жатыр.

– Оу, баяғы Шымыр Рысқұл той. Е, бәсе, мына Ақкөздің ажырамас досы болатын.

– Мынау соның баласы болды ғой. Орнында бар оңалар деген осы. Дардай кісі болыпты.

– Болайын деп тұрған бала ғой. Әйтпесе, елде мұндай жас аз ба?

Осы тектес әңгімені растағандай, Ақкөз батыр мына жас жігітпен дәрежесі теңдей сөйлесіп отыр. Көпшілікке бұл жігіттің бітімі де ұнағандай: тебіндеп қалған қара мұрты, дөңестеу келген ер мұрынды, шекелігі шығыңқы, көмірдей қара шашы қайратты, жаспын деп жасқаншақтамай, бетіңе тура қарап сөйлейтін, көзі тайқымайтын тік мінездеу, бірақ әдептен озбайтын, инабат иесі екені көрініп тұр.

– Ақа, мен осы бетте сонау Ташкенттен келе жатырмын, – деді Тұрар енді есен-саулықтан кейін негізгі әңгімеге көшпек оймен.

– Сені біреулер Ресейде оқып жүр деп еді-ау, Тұраржан.

– Оныңыз рас, Ақа. Ресейге Самар деген қалаға оқу іздеп барғаным рас. Бірақ бастығы мені қабылдатпай қойды. Бұратана, көшпенді киргизға оқу не керек деп жолатпайды. Содан Ташкентте оқып жүр едім ғой. Осы өткен шілденің аяғын ала Ескі Ташкентте көтеріліс шығып кетті. Шайхантау, Шынияз, Тойтөбе деген аудандарда да дүмпу бұрқ-бұрқ ете қалды. Мен не де болса елге жетейін, ел-жұртыммен бірге болайын деп Меркеге тарттым. Енді, міне сізбен біргемін.

– Әп бәрекелді, жарығым. Мына дауылдатқан заманда үркектер үйінде тығылып отырады. Ел деп еңіреген ер көппен бірге жорыққа шығады. Ер екенсің, Тұрар. Маған ақылшы бол. Оқыған азаматсың. Мына біз оң мен солды ажырата бермейміз. «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген. Сен жас та болсаң көпті көрдің. Тәңірі қолдаса, әруақтарға сыйынып, шайқасқа шықпақшымыз. Мұнымыз қалай?

– Ақа, сұрағыңыз орынды, – деді Тұрар сәл ойланып. – Осы сұрақ мына жұрттың бәрінің көкейінде тұрған сұрақ. Рұқсат етсеңіз, мен жалғыз сізге емес, мына көпшілікке қазіргі жағдайды айтып, уақытты шолып өтсем. Бұған қалай қарайсыз?

– Оның әбден дұрыс, балам. Онда мен қолды топтайын, – деп отырған орнынан ауыр көтеріліп, еңгезердей тұлғасы төбе басында тас мүсіндей қалшиып біраз тұрды.

–Уа, сарбаздарым! – деп қоңыр үн саңқ ете қалды. – Берірек жиналып, сөз тыңда. Біздің осы қауымымыздың бір тұтқасы, біздің досымыз, жас та болса бас болған, Рысқұлдың Тұрары сөз айтады. Құлақ сал, кәне!

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий