Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Айтсам, былай ағайын. Әуелгі мақсат: патшаға адам бермеу. Барлығыңды осы жерге жетелеп келген – сол мақсат. Түркістан мен Қазақстан даласында көтерілген мың-мың қолдың діттегені осы. Ал бұл қарсылыққа патша қол қусырып отыра береді деп ойлайсыз ба? Жоқ, ағайын, патша әсте қарап қалмас. Генерал-губернатор Түркістан өлкесін соғыс жағдайында деп жариялады. Бұл не деген сөз? Бұл – бүгін болмаса, ертең жер-жерге әскер шығады деген сөз. Кеше Ташкенттен сол генерал-губернатордың көмекшісі Приходько деген келді. Бүгінгі базарда болғандар көрді оны. Ол енді Меркеге әскер шақыртады. Оны жазалаушы отряд дейді. Міне, сол әскерге төтеп беру үшін бізге қол жию керек, қолды мол жию керек және қарулану керек. Зеңбірекке қарсы бақан алып шабу – көпе-көрнеу басты оққа байлап, тектен-текке қырылу деген сөз. Бізге мылтық керек. Шама жетсе, зеңбірек керек. Әне, әлгінде мен араларыңызда ұста бар ма деп сұрағанымның сыры сол. Сөйтіп, біз патшаға адам бермейміз, әрі патшаны ішінен әлсіретеміз. Майданға жіберетін әскер-күшін көтерілісшілерге бөлуге мәжбүр болады. Ал біз болсақ, Кузьминка сияқты бейбіт орыс селенін емес, Мерке сияқты әкімшілік ордасын басып алуымыз керек. Біздің жауымыз әсте орыс кедейі емес, біздің жауымыз – пристав және оның урядниктері, жергілікті патша әкімшілігі, өзіміздің байлар мен болыстар, патша әскері. Біз бүгін Кузьминканы орыстардан тартып алсақ, ертең патша әскерлері қазақ-қырғыз отырған жердің бәрін тартып алып, еліңнің күлін суырып, шаңын аспанға ұшырады. Біз бүгін Кузьминканы жауласақ, ертең бүкіл орыс шаруасының, орыс кедейлерінің сенімінен айырылып, оларды да өзімізге қарсы қойып аламыз. Ал егер біз орыстың ұлықтарына және қазақтың байларына қарсы күш жұмсасақ, онда ана Пахом сияқты кедейлер біздің жағымызда болады. Осыны түсін, ағайын!

Аттылы қамалдың алдында жаяу тұрған жалғыз Тайлақтың жұдырығы түйіліп, шықшыты бұлтылдап кетті. Түнеріп тұрып, тағы да гүр-гүр етті:

– Сонда қалай, «таспен жапалақты ұрсаң да жапалақ өледі, жапалақпен тасты ұрсаң да жапалақ өледі» болды ғой? Жылы-Бұлақтан айырылған аз ел Маңырақ аңырап қала бер дейсің ғой?

III

Қанқұйлы соғыстар тарихта бұрыннан бар. Жендет атаулы да бұл дүниеге жаңалық емес. Жаугершілік шапқынында тұтас қалалар, тайпалар, ауыл-қыстақтар, жермен-жексен болып, тып-типыл кеткенін кәрі тарих ежелден біледі.

Ал Маңырақ сойқаны дегенді... Мың-мың жылдық тарихта жердің бет-жүзі топалаң төбелестен талай-талай көкала қойдай дәл-дәлесі шыққан. Бір жарасы жазылып болмай жатып, екінші жарақат пайда болып, шекесі ісіп шыға келеді. Сондықтан шығар, әйтеуір Маңырақ сойқаны тарихтың назарынан таса қалған да, еш жерде жазылмаған.

Бірақ Маңырақта шыжғырылған жас бала етінің иісі мұрнынан кетпеген куәлер мұндағыға дейін тірі жүрді, ал енді бірен-саран сексеннен асып селкілдеген көне қариялар – сол бір сойқанның бүгін-ертең ғайып болар тірі куәлері ғана.

Бұл өзі басында күштілер мен қорқаулардың қаһарына ұшыраған сорлы ауыл еді. Бәле бәлені шақыра келді де, ақыр тауыс-тамам болып аяқталды.

Бұл жолғы бәлені Василий Кузьмин бастады. Малы өрістен уақытында қайтпаған кулак дереу атқа мініп, ары-бері іздеу салып еді, жаман хабар жатқан ба, жоғалғаны қолды болып шықты. Жоқ іздеген кулакқа хабаршылар: «Малың бір тұяқ шашауы жоқ, түп-түгел көтерілісшілердің қолында. Және оны ешкім зорлап алған жоқ, малшыларың шашпай-төкпей өз еркімен, өз қолдарымен апарып тапсырды. Тек мұсылмандар доңыз етін жемейтін болғандықтан, шошқаларың Мықан қамысында қалып, жабайыға айналатын түрі бар», – десті.

Кузьмин ызаға шыдай алмай өз шашын өзі жерден бір уыс көде жұлғандай жұлып алып, шешесінен мықтап тұрып бір боқтады. Кімнің шешесі екені құдайға ғана аян.

Бірақ шаш жұлып, шеше боқтаумен іс тынбайтынын әбден білетін әккі, бір сәт те аялдамай Меркеге шапты. Пристав Сокольский мырзаның үстіне рұқсатсыз кіріп келіп, сәлем сөзді тағы да шешеден бастады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий