Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Тізімге іліккен жалшы, жылқышы жігіттер болыстың бірер үйір жылқысын айдап ала кеткені рас еді.

– Көрдің бе, Василий Терентьевич, – деп пристав мұртын ширатты. – Бұл бүлікте зардап шеккен тек сен ғана емес. Сондықтан тізе қосып күш біріктіру керек. Ротмистр Приходько келісімен есеп айырылысады. Сәл сабыр етіңдер, мырзалар. Ал, Бектен мырза, сен осында бола тұр. Бізге керексің. Әуелгі әңгіме Маңырақтан басталады. Бастап алып баратын сен боласың, – деді.

Маңырақта не әңгіме басталмақ? Жар басында жәрбиген жаман ауыл нендей әңгіменің түйіні болып жарытпақ? Бұл жағы Бектен болысқа әлі беймәлім еді.

* * *

– Міне, Маңырақ, – деді Бектен болыс атының тізгінін тарта тоқтап.

Реті келсе, болыс енді әрі қарай барғысы жоқ. Осы жерден кері қайтпақ.

Жазалаушы отряд жарды жағалай тақыр тастаққа қоныстанған қотыр ауылдың іргесіне таяп келді. Маңырақ ауылына бұл қоныстың жайсыз екені сонша, мына тұрысы жауыр есекке қиғаш мініп отырған адамды елестетеді. «Бір ауыл елді асырай алмаймын-ау», – деп тастақ жер ыңғайсызданатын сияқты. «Тақыр жердің тасын теріп мазасын алдық-ау», – деп ел қысылатын тәрізді. Әйтеуір бір үйлесімсіздік сонадайдан көзге ұрады.

Жылы-Бұлақтың бойынан айырылып, Маңырақтың шаңырақ көтерген жері осы. Қайран Жылы-Бұлақтың жәннаты жерін переселендерге беру жөнінде қағазға қол қойып, мөр басқан мына Бектен болыс. Қанша пара алғанын өзі біледі, мына Кузьмин кулак, бәлкім пристав Сокольский біледі. Пара жөнінде документ тігілмейді, архивте сақталмайды.

Жылы-Бұлақты Кузьмин бастаған кулактарға сатқанда адасып қалған ар-ұят Бектеннің шұбар бетін енді қытықтап тұрған шығар, өйткені Маңыраққа жақындағысы жоқ. Әлде әлсіз елден сескене ме екен. Өйткені Маңырақ халқы таңның атысы – орнынан Бектенді қарғап түрегеледі, күннің батысы – Бектенді қарғап, жатар орынға қонақтайды.

– Рұқсат болса, мен енді қайтайын, – деді Бектен тоқпақ жал торы айғырдың тізгінін ептеп бір езулей тартып. – Жұмыс бастан асып жатыр, мырза. Тізімнің шатағы әлі біткен жоқ. Іздеген Маңырақтарыңыз міне. Енді менің керегім жоқ шығар.

Кузьмин гүж ете қалды:

– Постой, тамыр, постой. Осы Маңырақтың бір сүмелегі менің малымды сыпырып айдап кетті. Сен әуелі соны өндіріп бер. Содан соң баратын жағыңа бара бер. Қарай гөр, қайтып кетпекші!

– Кузьмин мырза дұрыс айтады, – деп қостады ротмистр Приходько. – Осы ауылдың тізімге іліккен еркектері кімдер? Олар қайда? Менің дерегім бойынша, олар көтерілісшілерге қосылған. Сіз управитель мырза, әуелі соларды түгелдеп шығыңыз. Мал жағын онан соң көре жатармыз.

– Бектен, сен немене, бәрімізден ақылдымын деп ойлайсың ба? – деп пристав ежірейді. – Қазір бұл кәззап ауылдың күлі көкке ұшады. Оған мына біз кінәлі де, сен адал болып шыға келмекшісің той. Жоқ, Бектенка, не көрсек те, бірге көреміз. Әйтпесе, біз бұл Маңыраққа сенсіз де жол таба аламыз. Айда, әуелі Тайлақтың үйін көрсет! Содан соң ротмистр мырза айтқандай, тізім бойынша, жігіттерді түгендейміз.

Бектен болыстың үстіндегі жадаң қат боз камзолдың жауырыны қарауытып суланып бара жатты. Мейіздей қатқан денесін қазанға салып қайнатқандай, қара тер тұла бойын жауып жүре берді. Байқаусызда басындағы әшекейлі ақ қалпағын астындағы тақиясымен қоса сыпырып ала жаздап, лезде басынан өз қолын өзі үрейлене тартып алды. Басынан тақиясын алғанын әлі күнге жан баласы көрмеп еді.

Жылда-жылда жазғытұрым су тасқыны мүжи-мүжи кемерленіп кеткен жар қабақтың басында құлаған үйлердің морыған дуалдары тұр. Мына Маңырақ ауылына төніп келген тажалдай дәрменсіз елді қорғағысы келгендей әлгі дуалдар бүгін ерекше сұсты көрінеді. Басындағы байғыздың да дауысы ащы, қаза бойын аза тұрады. Ескі дуалдың көлеңкесінде жусап жатқан ешкілер ғана қайғысыз. Бұл ауыл – ешкілі ауыл. Ешкіден басқа малдың Маңыраққа мәйегі құтаймаған. Бірлі-жарым арыған тулақ жылқы тұяғын ауылдың жігіттері қақпайлап мініп, Ойталға түсіп кетті. Тіпті өгіз мініп кеткендері де бар.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий