Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Е, мынау баяғы Айбар мырза мен Бектен мырза құда болатын тойда бізді алдаған қатын ғой. Ах, сайтан! Ах, дию! Әлі тірі екен той. О жолы тыр жалаңаш шешінбеп едің, енді шешінесің, кәрі дию! О кезде жасырақ еді, қартайып қалған екен. Бірақ қарулысың қайтесің әлі! Сенің байың Тайлақ – үлкен қылмыскер. Қожасының малын ұрлап, көтерілісшілерге қосылып кетті. Сол үшін оның үй іші қырылуға тиіс, – деді пристав Тайтақайға ежірейе қарап.

– Менде бай жоқ. Тайлақ деген адамды біз білмейміз. Не істеп жүргенін және білмейміз, ол үшін біз неге жазаланамыз? – деп әйел бет бақтырмады. – Әй, болыс, құдайшылығыңды айт мыналарыңа!

– Не қыласың, сорлы, қасарыспай, қарсыласпай, жаныңды арашалап қалсаңшы, айтқанына көне бер, – деді болыс аяған болып.

– Қой де, мыналарыңа! Сен ғой, қарабет, осыларды онсыз да шықпа жаным шықпа деп отырған Маңыраққа бастап әкелген. Құдай бар болса, ана басың жерде шіріп, аруақты аттап атала болған миыңның орнына жылан ұя салсын да! Тіфу, қарабет! – Тайтақай ат үстіндегі болыстың бетіне түкіріп кеп жібергенде, Бектен оған қамшы көтере алмай, бетін жеңімен сүртті. Мына айылын жимаған адуын қатынның соншалықты алысқа түкіргеніне тан қалған ротмистр атының тізгінін тартып шегініңкіреп кетті де, өзіне өзі:

– Ат! – деп команда берді.

Оқ Тайтақайдың жыртық омырауына тиген екен, салбыраған мамасының үстімен жылғалай жылжып аққан қан емшектің үрпіне жетіп, жерге тырс-тырс тама берді. Тайтақай дем ала алмай, аузын аптыға ашқан күйі әлдене айтуға аузына сөз түспей қалғандай аңтарылып бір сәт тұрып еді, Күләй қыз:

– Апа! – деп шыңғырып жібергенде, есіл Талбүбі – Тайтақай есіктің көзіне жәй ғана сылқ етіп бүктетіліп отыра кетті. Өмір бойы зілмауыр ит тіршіліктен енді бір демалайыншы деп, өзіне өзі тұңғыш рет ерік беріп, тізесін еркін бүгіп, тұла бойы қорғасындай балқып, исініп кеткен емшегінен қып-қызыл сүт саулап, қырқасына өмірі су шықпайтын Маңырақтың үстіне қызыл дария пайда болып, Тайтақай сол теңізде жүзіп бара жатты.

Әйел өлімі Кузьминді өзгеше күйікке салды. Ол жауға кеткен малды өндіріп алмақ еді, мына Маңырақта тышқақ лақтардан басқа ештеңе көзге түспейді.

– Малы қайда бұлардың? Оу, пристав мырза, ротмистр мырза, бір жабайы қатынның өлімімен менің малымның қарымы қайтпайды той. Мына қызды мен залогқа ұстаймын. Маған байлап беріңдер. Ақымақ әкесі көтерілісшілерді көндіріп, малды қайтарсын. Өйтпейді екен, бұл иттің қызы ит өлімімен өледі, ол үшін мені жауапқа тарта алмайсыңдар, – деді Кузьмин.

– Малыңыз қарақшылардың қазанына түсіп кетті-ау деп қорқамын. Біздің дерек бойынша, онда алты мыңға тарта қол бар. Олар сіздің малыңызды жемегенде, жел оппайды той, – деді ротмистр маузердің үңгісін үрлеп тұрып. – Одан да тезірек Ойталды шабуылдайық, мүмкін малыңыздың біразы әлі желінбеген шығар. Мына қарғыс атқан ауылда топырлап тұра бергеннен ештеңе өнбейді. Ал ана жабайы қызға көзіңіз түсіп тұр екен, залогқа ала қойыңыз. Қарашы, шыңғыруын, бұларда да туысқандық сезім бар, таң қаламын.

Мырзалардың ишарасымен екі солдат Күләй қызды байлап атқа өңгермекші еді, ойламаған жерден бейшара жетім өлі анасын құшақтап, сол жас әруақтан ғаламат күш алғандай, еңгезердей еркектерді бұлқына-бұлқына лақтырып-лақтырып жіберді.

Баяғыда мына Бектен баласын Айбардың қызына үйлендіріп, ұлан-асыр той болғанда, осы Күләй мына өліп жатқан шешесі Талбүбіге ілесіп тойға барамын деп жылап еді.

– Барғызбасың барғызбас, байғұс балам, – деп шешесі со жолы оны ілестірмей қойған. Онда бұл тұлымшағы селтиген нәресте еді, үстіндегі көйлегі ескі еді; қазірде сол көйлегі түскірдің оңып тұрғаны шамалы: қызыл ала шыт көйлек мына солдаттармен алыс-жұлыста бір жеңі қолтығынан қақырап кетті де, сызылып атқан таңдай жаңа көтеріліп, томпайып тұрған алмасы жарқ ете қалды. Солдаттардың есірігі қозып, қайта жармасып, қармай бергенде, қыз қаша жөнелді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий