Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қылдырықтай тамырдан қыбырлап қана аққан қызыл бояу мұнша күшті болар деп кім ойлаған. Арнаға толып кетіп әуіт тоғанның топырақ-шымын шып-шып тесіп шығатын тау суындай мына жылы қан Шынпатшаның саусақтарының арасынан шыр-шыр етіп шапшып шығып кете берді. Күре тамырды жанталаса басып жатқан алақанның айналасында лезде қан ұйып, жас бауырдай былбырап Шынпатшаның тұла бойынан дүниедегі сирек асыл-лағыл тас шығып жатқандай, қып-қызыл бояу күн сәулесімен ойнап жымың-жымың етеді.

Шынпатша өз мойнын өзі қылқындырып, жанталасып жатып, көзі приставқа түсіп кетті. Пристав екі қолы екі жаққа қанатша жайылып, шалқасынан түсіпті де, шүйдесімен жер тіреп тұрмақшы болғандай, басы кегжиіп, жалғыз көзі аспанның алыс түкпіріне қадалыпты да қалыпты. Кеудесін тескен найзаның ақ сабы міз бақпай қақшиып тұр. Шүйдесімен, екі қолымен жер тіреп тұрайын десе, әлгі найза кеудесін тесіп өтіп, қара жерге қарыс бойы кіріп кетіп, босатпай тұрған сияқты.

Осы найзаны Сәмет ұста шалғы орақты бұзып жасап еді. Шынпатша ұстата:

– Әттесі-ай, шөп шабатын қаруым еді, бүлдірдің-ау, – деп өкініш білдірген. Сонда Сәмет ұста мырс етіп:

– Бұл, Шенеке, таза полат, жауыңды жайратпай қоймайд. Найзалыққа мына жартысы жетед. Қалғанынан садақтың оғын жасаймын, әсіл полат екен, – деген.

Айтқаны келді Сәмет ұстаның: бейбіт күнде шалғынға түсетін шаруа орақ анау-мынау емес, Меркенің патшасын жайратты. Өткірлігі сонша, омырауындағы кресін де тесіп кетіпті. Найзаның сабы осы Ойталдың сәмбісінен еді. Бұл сәмбіден киіз үйге кереге-уық июші еді бұл ел. Әр істі құдай қылады, талай киіз үйлер енді көпке дейін тігілмес: уықтар қазір сарбаздардың қолында кетті. Садақтардың адырналығына қайыс жетпей, қайыс орнына уық бау тарқатылып тағылды. Содан да көп сарбаздардың қолындағы садақтың адырнасы қызылала – әдейі сәндеп қойған сияқты.

Қазір приставтың кеудесін тескен найзаның сабына инелік қонып алыпты. Өзінен көзі үлкен жәндік әлдене деп ызыңдайды. Приставтың иманын үйіріп отырған мылқау молда тәрізді.

Әдетте құрғақшылықта көбірек сарнайтын тас шегірткелер жан-жақтан шырылдап, инеліктің ызың дұғасын қостап, жағы сембей зарлап тұр.

Тірісінде бетіне жан қаратпаған Мерке патшасы еді, енді бет-аузына құмырсқа жорғалай бастапты. Қылдырық бел қызыл құмырсқа приставтың күйектей қалың сақалының арасына бірі кіріп, бірі шығып, сумаңдап мына түкті бастан өздеріне пайдалы не бар екенін біле алмай, сандалып жүрген тәрізді.

Жүзбасының саусақтарынан әл кете бастады. Ол өзі қолының жылы қанды жылбысқы мойнынан қалай жылжып шығып кеткенін сезген жоқ. Көзін бір ашып алғанда, өз көйлегін дар-дар еткізіп айырып жіберіп, мойнын таңып жатқан орысты байқады. «Кеше Кузьминкадағы бай орыстың сиырын айдап келген жалшы орыс емес пе?» – деді. Оны дарға асып тастау керек деп Ақкөзге өзінің талап қойғаны есіне түсті. «Сары орыстың – бәрі орыс», ана қисық бұтаққа өзім асып қоямын деп жұлқынғаны есіне түсті. Сонда әлгі көзәйнек киген жігіттің араша түскені ойына оралды. «Орыстың бәрі жау емес, жауың – пристав, урядник, одан әрі ояз, ірі ұлықтар, болыстар, байлар!» – деп еді сол Тұрар. Ақыры оның айтқаны болды: Шынпатша приставты жастық етіп ала жығылды. Ал мына орыс жалшы мұның жанын сақтап қалмақ.

Бірақ Шынпатша ә дегендегідей өлмеуге тырысып жанталасуды қойды. Оны өлемін-ау деген ой енді мазаламады. Тек ішінен мына мойнын таңып жатқан мұжыққа риза болғанын сезіп қана жатты. Рақмет деп айтуға тілі күрмелді. Сөйлей алмады. Енді бір сезгені: мойны қайтадан босап кеткендей көрінді. Жанында ішін басып бүк түсіп жатқан жалшы Пахомды көрді. Оның жарасын таңып, жақсылыққа жақсылықпен жауап беруге Шынпатшада дәрмен жоқ еді. Соңғы өкініші сол болды.

* * *

Жазалаушы отряд шегіншектей соғысып, Меркеге қарай жылыстай берді. Отряд бастығы Аркадий Приходько Мерке поштасына жетіп, Ташкенттен Әулие-Ата арқылы келе жатқан отрядтың жедел көмекке жетуін талап етіп, телефон арқылы орталықпен хабарласуға асықты.

Сол ниетті сезген Тұрар Ақкөзге:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий