Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Тара! Топтанба! Тоқтама! Тара тез, зеңбірек тағы атады!

Соңғы сөз әсер етті ме, сарбаздар ет пен топырақ аралас ажалды алаңнан шығып, аттарына қайта қонып, бытырай алға ұмтылғанда, дәл жаңа ғана жұрт шоғырланған жерге тағы бір снаряд гүрс етті. Әлгі «бауырымдағандар» бұл тажалдан аман құтылды да, бұрынғы өліктердің тамтығы тағы да талқандалып, парша-паршасы шығып, ыстық топыраққа иленіп жатты.

Бұл кезде шабуылшы сарбаздардың алдыңғы легі солдаттарға төніп қалған еді де, енді сөзді пулеметтер алып, қақылдай жөнелген.

Пулеметтің жаңбырдай себелеген оғы әсіресе аттарға қиын екен. Алдыңғы екі аяғы бүгіліп кетіп, тұмсығымен жер тірей омақаса құлаған аттардың үстінен адамдар алға қарай атыла ұшып түседі де, кейбіреуі лезде орындарынан есі кете атып тұрса, кейбіреуі қайтып көтеріле алмай, жер құшақтап қала береді.

Бес жүз солдаттың дені атқыштар, олардың оғы көбінесе атқа емес, адамдарға тиеді де, оқ тиген сорлы екі қолы екі жаққа кетіп, шалқалап: «бұл қалай?» – дегендей, әлдекімнен: «бұнысы несі?» – деп сұрағысы келгендей бір сәт аспанға қарайды да, жерге сұлап түседі. Астындағы ат көздері ақиланып, ойнақтап шыға келеді. Кейбірі үзеңгіден аяғы шықпай қалып, үрейленген, үріккен аттың сүйреткісінде кете барады.

Шақшиған күннің көзін топалаң тозаңнан бозала бұлт шалды. Ындыны кепкен, көктемде қылтиып шыққан раңы мен күреңсесі әлдеқашан күл болып қурап ұшып кеткен қу топыраққа жып-жылы қан лезде сіңіп, қызған табадай жердің ыстығына шыжғырылып, тез кеберсіп қатып қалады. Күлтесіз күйрек-жусан шашыраған қаннан қара шұбарланып, қаралы қалпақ кигендей, қасиеті қашып тұр.

Бір зеңбірек, бес пулемет, бес жүз винтовка бар жерде, қарусыз қара дауыл қаптаса да қақалады екен: көтерілісшілердің әсіресе алдынғы шебі шетінеп-ақ қалды. Ақкөздің бөлектеп ұстаған мылтықты жүз қолы едәуір күш көрсетіп, солдаттар жағы да біраз шығынға ұшырады. Көбісі құс мылтық еді, қырғауыл ататын бытыра оқ солдаттардың кейбіріне тұзбен атқандай әсер етеді.

Қайткенде де, көптің аты – көп. Жазмыш оқтан қаққан қаһарлы аттылар, солдаттардың шебіне жетіп, найза мен сойылдың кезегі келіп еді. Шепке «Сыпатайлап» ақыра кіргендердің бірі Шынпатша-тын. Оқ бойы жерден оның көзіне кеп солдаттың, ішінен ерекше түскен біреу – Меркенің приставы Сокольский болатын. Басқалардан гөрі соны ерекше жау санады ма, әлде бұрыннан көзтаныс болған соң ба, әйтеуір, Шынпатша қолындағы найзаны сонадайдан сол приставка тіктеген. Оң қолын артына шірей тастап, найзаны енді сілтер кезде, сол қолын қайыс тізгін жұлқып жіберді де, астындағы күрең төбел сүрініп кеп кетті.

Сокольский өзіне төніп қалған қауіптен жалтарып үлгермей, қолындағы тапаншамен Шынпатшаны көздемей тарс еткізгенде, оқ аттың қақ маңдайына тиіп, бұрқ етіп құлап еді. Бірақ аттың үстінен алға атыла құлаған Шынпатша найзасы приставтың кеудесіне кірш етіп бойлап кіріп-ақ кеткен.

Егер астындағы ат омақаспағанда Шынпатшаның найзасы приставтың кеудесіне мұншама бойламауы да мүмкін еді. Ат үстінен атыла ұшып, еріксіз екпінмен, зілдей салмақпен қоса кірген найза приставтың кеудесіндегі крест орденін де мыжырайта тесіп өтіп кетіпті. Приставтың басынан аса ұшып түскен Шынпатша енді есін жиып үлгергенше, салт атты солдат оны жалаңаш қылышпен бастан ала бір шауып өтті. Қынында сәуле көрмей тұншығып жатқан қылыш күн көзіне шағылысып жарқ ете қалды да, жарық дүниеге көзі үйренбегендіктен мүлт кеткендей, Шынпатшаның басына тіке тимей, тайғанап барып, мойнының күре тамырын қиып кетті.

Шынпатшаның мойнынан ышқына шапшыған қан, осының бәрін көріп тұрып қол ұшын бермеген құдайдың көзін тырнап алғысы келгендей, аспанға бір-ақ атылды. Шынпатша оған: «Қой, қой, құдайда нең бар? Ақпа, атылма!» – дегендей жанталасып, күре тамырын алақанымен қатты қысып қатты да қалды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий