Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Қайда қашып құтылады, мисыз жабайы, – деп ротмистр езуін қисайтты. Әлгі екі солдат далақтап қуа жөнелді. Аттылар да аңтарылмай, солай қарай беттеді. Ротмистр қынабынан қылышын суырып алып, пысықтығы ұстап, Тайлақ кепесінің жанында үюлі тұрған шөмелені қылышпен сұққылай бастады. Әлдебіреулер жасырынып жатқан жоқ па деген дегісі.

Не болғанын ә дегенде өзі де түсінбей қалды. Албастыдай әлдене атылып келіп, қара санын қапқанда, ротмистрдің астындағы ат үріккеннен жалт беріп еді, Приходько бұрқ етіп жерге аунап түсті.

Шөмеледе жанадан күшіктет төрткөз қара қаншық жатыр екен. Ауылда осынша ойран болып тұрғанда, төрткөз қара қаншық өз күшіктерін бәледен жасырып, үн шығармай жан сауғалап-ақ жатқан. Ал енді пішенді жалаңдаған қылыш тінткілеген кезде, оның да өз балаларын, өзін қорғап, әрекет қылғандағы түрі жанағы... ротмистрдің қара санынан бір-ақ алып түсті.

Солдаттар қара қаншықты атып өлтірді. Отрядтың фельдшері жалма-жан ротмистрдің шалбарын жыртып жіберіп, санына ине тығып, дәрі бүрікті.

– Бұл ит құтырған болуы мүмкін, сақтық керек, – деп шіңкілдеді фельдшер өз әрекетін ақтамақ болып.

– Өртеңдер қарғыс атқан ауылды, ауру таратады әйтпесе. Тез өрте! – деп бұйырды жантайып жатқан ротмистр.

Шық етіп тасқа тас тиіп, арасынан иненің жасуындай от шықса, лап ете қалайын деп тұрған қау лезде қара түтіні бұрқ-бұрқ етіп, жалқын сары от ойран дүниенің жалауындай желбіреп шыға-шыға келді. Үйлердің төбесін жапқан қу қамыс, үйме тезек жаппай жанып, Маңырақ тамұқпен таласып, тірі жау мен тілсіз жау тізе қоса тасыраңдап кедей ауылды лезде орап алды.

Бұл кезде солдаттардан жанұшыра қашқан Тайлақтың қызы өздерінің бұрынғы бұзылған тамының орнына келіп жетіп артына бұрылып қарап еді, ауылдың үстінде сары жамау қара жалау желбіреп тұр екен. Өрт қызуы мұнда да жеткендей, тозақы аптап алып барады. Әлгі екі солдат таяп қалды. Сонда қыз байғұс басқа амалы құрыды да, жар қабақтан төменге өзін-өзі тастап кеп жіберді. Жарқабақтың асты биылғы су тапшылықтың өзінде түйе бойламайтын терең иірім еді, қыз көпке дейін зым-зия көрінбей кетті де, бір кезде су бетіне шашы жайыла шығып жанталасып арғы жағаға қарай малти берді. Қабаққа келіп жеткен солдаттар ойланып жатпай, жаттығу кезінде қарақшы көздегендей, асықпай-саспай гүрс-гүрс ата бастады. Қыздың ербеңдеген қол-аяғы тына қалып, қайтадан көрінбей кетті. Тек су бетінде жайылған қара шашты толқын шіркін, балдырдай шұбатып, ағыстың ығымен ырғалтып, бұлаңдатып әкетіп бара жатты.

– Иттер, неге аттыңдар? Оның тірі болғаны керек еді ғой! – деп ротмистр ақырды. Қайтадан атқа қонып алыпты. Мына түріне қарағанда, зор майданнан жеңімпаз болып шыққан кемеңгер қолбасшыдай, жарқабаққа атының басын тіреп, үзеңгіге аяғын шіреп тұр.

Бектен болыс қолға түскен тұтқындай қылтанақсыз басы кеудесіне салбырап, еңсесі есек таптағандай мүлде түсіп кетіпті. Кім біледі, Маңырақ опатының о бастағы себепкері өзі болғанын іштей мойындап, обалдан, зауалдан қорқа ма екен...

Енді жиырма бес жылдан кейін Гитлердің солдаттары Хатынь деген селоның адамдарын түгел отқа жағып, үйлерін өртеп жібереді. Гитлердің өзі де бензин құйған кілемге оралып өртелген соң, көп жылдардан кейін Хатынь селосының жойылып кеткен үйлерінің орнына бас-басына бір-бір мұржа тұрғызылып, оған жез қоңыраулар ілінеді. Мұржалардан бәрібір енді түтін шықпайды, бірақ лүп еткен жел тұрса жез қоңыраулар өлген аруақтардың үніндей сыңсып қоя береді. Жел де сойқанның бір түрі: оның лебі сезілген сәтте өлі әруақтардың сүйегі сырқырайтын шығар.

1916 жылы да, одан кейін де Маңыраққа ешкім ескерткіш тұрғызған емес. Жез қоңыраулар орнына мұнда шеңгел қоңыраулар ызыңдайды. Бір қызығы, бұрын қылтық өспейтін тастақ қырқаға он алтыншы жылғы опаттан кейін адыраспан қаптап, шоңайна қаулап, шеңгел шығатын болды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий