Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Айқайлап, атойлаған аттылар өлі бағандармен емес, жанды жаумен айқасып жатқандай, осы бір іске құлшына кірісіп кетті де, бір-екі бағанды құлатып, сымды үзсе жеткілікті екені естерінен шығып кеткендей, қарағай біткенді жағалай жыға берді. Топ-топқа бөлінген сарбаздар үшін мұның өзі бір бәйге тіккен жарыс ойыныңдай бәсекеге айналып, қай топ көп жығар екен деген мақсат болып кетті.

Әсіресе жүзбасы Шәкі қатты елірді, жарықтық. Ер жетіп, енді «бір шүберек бас, ақ жаулық» алып берейін деп жүрген баласын болыс тізімге іліндірген соң, өзі де, баласы Дүрмен де Ақкөз қолына қосылып, Ақкөздің жарлығымен Шәкі жүзбасы болған. Бұрын біртоға, тұйықтау жүретін осы шағын шаруа, айқасқа алғаш кіріп, қанның исі мұрнына келгенде, ақ перісі қысқандай, қырғын соғыста дес бермей, есі кете шайқасты. Енді сол қарқыннан әлі қайтпағандай, шаршау, шалдығу дегенді білмей, ат үстінен әлі бір түскен жоқ.

Сөйтіп, айқай-сүреңмен жүргенде, Шәкінің аты шиыршықталып жатқан сымға шырмалып, сүрініп кетті. Шәкі әлдекімді әкесінен бір боқтады да, ер үстінен еңкейіп, үзілген сымның ұшын тауып алып, суы қатты темірді білегіне күштеп жатып орап алып, жіңішке сымды көкпар құсатып тақымына басты да:

– Осы бізге бәле тілеген байғыз сияқты боздауық сенсің ғой, ә? Әкеңнің... мен саған жазаңды берейін! – деп, атына қамшыны басып кеп қалды. Жыланша шиыршықталып жатқан сым, ат ұзаған сайын сусылдап созыла берді де, бір кезде тырсылдап барып, Шәкінің білегінен шығып-ақ кеткені ғой.

Шәкі атының тізгінін тартып, шегіншектеп артына қарап бұрыла бергенде, әуеде суылдап жарқ ете қалған сымды көзі шалып еді, лезде әлгі сымның өз мойнына оқ жыланша сарт етіп орала кеткенін сезді...

Сарт еткен дыбыстан шошынған ат оқыс қарғып кеткенде үстіндегі адам жерге ұшып түсті. Сарбаздар шауып келіп, жүзбасының тамағынан сым темірдің шырмауын босатып алған кезде,

Шәкінің мойны былқ-сылқ етіп қалған екен.

* * *

Шәкінің ебедейсіз өлімі шабуылшылардың асқынған масаңдығын лезде пәс қылғандай болды. Жарқырап жанған шырағданның білтесін біреу баса қойғандай, көтеріңкі көңілдер қоңырайып, ажал иісі тағы да бір бұрқ етіп, әркім өз жазмышын оқи алмай, ойға шомды. Кейбіреулер:

«Ой, бауырымдап» азандата бастап еді, Шәкінің түкіс баласы Дүрмен:

– Жә, болды! Өшір үніңді, жаугершілік кезінде кісі өліміне өтірік жылап, түкірікпен көз шылап не керек! Соғыста біреу құласа, оның қасына опыр-топыр жиналмаңдар деп ескерткен жоқ па Тұрар сендерге! – деп елді жасқап тастады. Мұндай дәндігі үшін Дүрменді мынандай қаза үстінде айыптауға ешкімнің батылы бармады да, күңкіл-күбірге көшті.

– Осы сым темірге тиіспей-ақ қою керек еді.

– Тілсіз сым сөйлегені тегін дейсің бе? Мұның киесі бар. Бекер ұрындық. Әттесі-ай!

– Мұны құлатпай-ақ өртеу керек еді.

– Болары – болды. Бояуы – сіңді. Ажал сені мен маған ақылдасып келмейді. Кәне, марқұмның иманын салауат қылып, жүзін жасыралық.

Дүрмен бұл әңгімеге араласпай, әкесінің атының тізгінін ердің қасына кегжите байлады. Көп болып, жабылып, Шәкіні найза керегеге ұзынынан салып, Мерке түбінде тұрған негізгі қолға қарай қаралы топ қозғала берді. Тер сасыған аттар аяң жүріске түскен соң, ашығып, шөл қысқаны естеріне түскендей, қайта-қайта пысқырынып, мойындары салбырап, жылқы баласының өзінше бір терең ойына шомғандай, ілбіп бара жатты.

Аспараның Алатауы күрсініп салғандай, аңғардан аңқылдап жел соқты. Жол жағасында гүлі түсіп қурай бастаған атқұлақ пен сиырқұйрық, шоңайна, шырыш сол желмен ырғатылып, ызыңдап жоқтау айтып тұрған сияқты. Жылға бойындағы биік қамыстың бопақ үкілі бастары иіліп, қияқтарынан сыбызғы үні естілгендей болады. Батпақты көлшіктің жағасынан бақалар шуылдап, жабайы қарала қаз қаңқылдайды.

Терістіктегі ылди жазықтың үсті шаңытып даладан көтерілген тозаңды батар күннің сәулесі шалып, Мерке атырабын қызғылтым шымылдық тұтып алғандай болды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий