Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Ақа, бұл өзі «көпей оғлы» болғанда да нағыз төбеті болып тұр. Сондықтан етек-жеңімізді жинақтап, шашау шықпай, ың-шыңсыз шегінейік. Ойтал маңына барып, бекініс жасаған жөн. Дәл қазір олармен бетпе-бет кездесу бізге қолайсыз. Жан-жағымыз ашық, айдалада тұрмыз, – деді Тұрар.

Ақкөз тақиясын алып, басын сипалап, сәл тұқшиып қалды да, тұғырында мүлгіп отырып, кенет дүр сілкінген бүркіттей басын көтеріп алып, кеудесін жаза, екі иығын керіп жіберіп:

– Жоқ, балам, қашқан жауға – қатын да батыр. Қор болып қашар халім жоқ. Әлгіде өзің емес пе айтқан: «Диірменде туған тышқанның баласы дүрсіліңнен қорықпайды», – деп. Енді қашар жайым жоқ. Осы таңда Алла не бұйырып тұр, соны көріп алдым. Жазмыштан озмыш болмақ емес. Мына ақ таңның алдындағы антым сол. Осыдан құдай ісімді оңлап, жарақты жауды тағы бір жайратар болсам, әне сонда сенің айтқаның болад, Тұрар. А сонда менің дабысым алысқа кетед, қалың қауым жан-жағымнан қаумалап өзі-ақ келед. Менің қолым телегей теңіз болып тулар сонда. А кім шақ келер екен оған сонда. Соғыста шейіт болғандардың әрбір тамшы қанынан нұр шашырап, өзгеше бір өмір келер. Біз аңсаған азаттық таң басымызға айналар. Әйтпесе қара бұлт қаптап, жау сүйегімізді таптап, ахирет заман ары қарай жалғаса берер. Е, Тұрар батыр, мұның несі сөз! Тәуекел деп тас жұтып тұрмын. Өңешімнен өтсе – өтті, өтпесе – қақалғаным.

Осы сәт Ақкөз ерекше аруақтанып, қанатын қатты қомдап, ұшпаса іш құса болып өлетін тау қырандай бір ірі мақсатқа қатаң шүйілді. Шарадай екі көзі жалт-жұлт етіп, найзағайдай шатынап, алған бетінен қайтпайтын қайсар тұлпарға мініп алғаны мәлім болды.

– Дәл қазір сол әскерді жол үстінде бір бүйірінен қапылыста шабуылдап, жайрату керек-дүр. Ақыл – жастан, асыл – тастан, ақылды екенің рас, жарқыным, бірақ осы жолы сен де бір менің тілімді ал. Жүзбасылар! Жиналыңдар! – деп Ақкөз күміс ердің үстінен бурадай ырғалып, түре келе берді.

Бұл жолы Тұрар оған қарсыласып жатпады. Өйткені ұзақ жолдан арып келе жатқан әскерге мына әлденеше мың жасақпен тұтқиылдан лап қойса, таңның елең шағында, бәлкім, ұрыстың сәті де түсер деп ойлады. Ақкөзге өзінің сенімді серігі Досмайыл да, Сармолда да, майдангер балалары Рахманқұл мен Әбдіқұл да қарсы болған жоқ.

– Жігіттер! Ез болмаңдар, ер болыңдар! – деді Ақкөз таң нұрынан екі беті нарттай жанып, шарадай көздерінен жарқыл жайнап. – Біз пендеге бір өлім, а бірақ бізге керегі ақ өлім. Тажал бізге зеңбірегін сүйретіп тағы келе жатыр. Қатын құсап қашқанымызбен бізді бәрібір құтқармайды. Кәне, әлгі боз бие қайда? Мына ақ таңның атысында боз биені әруақтардың атына атап шалып жіберіңдер! Сыпатай батырдың, ата-бабамыздың әруағы қолдасын бізді!

Таңғы салқында киіздей тұтасып жатқан ажырық шөптің үстіне боз биенің қаны шашырап, лағыл моншақ таққандай шөп басы жайнаң қағып шыға келді.

Жануардың жанына Ақкөз бірінші болып барып, ішінен күбірлеп дұға оқыды да, боз биенің алқымынан жылап аққан жылы қанға қолын малып алды. Ат үстінде қанша адам, соның бәрі Ақкөздің істегенін істеп, саусақтарын қызылға бояп шықты.

Қолдарын ақ таңның алқасында, жақын жаудың қасында осылайша боз биенің қанына малып, іштей анттасқан соң қалың қол Меркенің іргесіндегі ажырықты алаңқайды артта қалдырып, жасақты жауға суыт жүріп кетті.

Алатаудың ақ шыңдары әлі шығып үлгірмеген күннің сәулесімен сүйісіп, таң алдында махаббат құшағында жатқан хас сұлулардай тебіреніп тұрды. Оларды тіпті сан мың аттың тұяқ дүбірі де селт еткізе алмайды. Күн мен шың өбіскенде жердің жүзі жымиып, қабағы ашылып, реңінен кірбің кетіп, жадырай береді.

Сарғайып қураған түйе жапырақтар ат тұяғының астында тот басқан қаңылтырдай қаңғырлайды. Бұл өңірде көзін жұмбай өлетін өміршең гүлдер бар. Жал-жағалай шашыратқының көкшіл гүлдері перуза асыл тастай жәудірейді. Қашан қар астында қалғанға дейін шашыратқы гүлі солмақ емес. Қазан ұрмай, қар жаумай гүлқайырдың алақандай ақ гүлдері бүрік құлақтанып, қарауытып қалыпты.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий