Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Тұрар басын шайқап күрсінді. Мына аңқау батырдың қазір шылымын күннің өзінен тұтатқандай масаң қалпын, шадыман көңілін бұзу ыңғайсыз да сияқты. Бірақ ащы шындықты айтпай тағы болмайды.

– Жеңісіңіз құтты болсын, Ақа! Халық қаһарланса, алынбайтын қамал жоқ екені рас. Басынан бақайына дейін қаруланған жауға бесақа, сырық, сойылмен қарсы шығу көзсіз ерлік. Бірақ, бұл жолы қолыңыздың көптігімен жаудың аптығын бастыңыз. Қарасаңыз, сіз жағынан шығын да көп. Оларда бар зеңбірек пен пулемет бізде жоқ. Оларда бар әскери винтовка бізде жоқ, орынсыз шабуылдап, қыршын жандарды нөсердей оққа қарсы ат ойлатып, баудай түсіріп қыра беруге біз, сірә, көп шыдамаспыз. Жау осымен тынды екен деп ойламаңыз, Ақа. Бұларда күш көп. Ол күш кеп кешікпей келіп те жетеді. Әне сондағы сойқанға дайын болайық. Жаңағы шайқаста өлген солдаттардың қаруларын жинатып алыңыз. Сірә, елу шақты винтовка болып қалар. Біз үшін ол да медеу. Өзімізден шейіт болғандардың сүйегін жинап, жүзін жасыру керек.

– Сенікі ақыл, балам. Талай боздақтан айырылдық, – деп Ақкөз сәл еңсесі түсіп, кең көкірегі қарс айырылып кеткендей «аһ» деп жалын ата күрсініп салды. – А бірақ әділет соғысы құрбансыз болмас. Ол өлгендер – шейіт. Олар бақытты. А бірақ Көзміңкені алдырмағаның жанымды әлі қинап тұр. Әлі де болса, аттанып көрсек қайтед?

– Жоқ, Ақа! Жоқ! Әділет соғысы ондай болмайды. Онда мәңгі-бақи қарғыс таңбасын анау май маңдайыңызға басып аласыз. Болмайды!

* * *

Меркенің шығыс жағынан шыққан қара жол түстікке қарай ойыстап, Пішпекке бұралаңдап жөнелді. Осы ұлы қара жол қалалар мен қалаларды, ел мен елді жалғастырып, адамзат баласын шашыратпай, шашау шығармай, дәнекерлеп тұрған қара белдік сияқты еді. Бірақ бұл қара жолдың бойымен кімдер өтпейді, нелер жетпейді?

Қазіргі мына қиқы-жиқы қам қыш үйлерден тұратын шағын ғана селеннің орнында баяғы заманда Мерке деген шаһар болған. Төрткүл базарының орны сол бір кездегі іріліктің жұрнағы. Еуропадан, Кіші Азиядан, Үндістаннан Ресейден Алтайға, Қытайға, Моңғолстанға қарай сапар шеккен жиһанкездер, саудагерлер, қолбасшылар, оқымыстылар, тіпті дуаналар да ертеде осы жолмен өткен. Ал шығыстан шыққан жолаушылар осы қара сызық арқылы Меркеге бір дамылдап, одан Құлан, Талас, Саудакент, Құмкент, Шымкент, Түркістан асып, алыс елдерге сапар шеккен.

Патшаның жазалаушы отрядтары да осы жолмен Меркеге жетіп, зеңбіректерінің аузын үңірейте келді.

Соңғы бір он-он бес жылдың көлемінде қара жол бойына қарағай бағандары қадалып, қала мен қаланың арасын сым темір жалғастырып болды. Желді күні ботасы өлген інгендей болар-болмас боздап тұратын осы сым темірді жергілікті халық көпке дейін жатырқап жүрген. Тек өрістен қайтқан сиырлар жатсынбай, қарағай бағанға мойындарын қасып алады. Қыркүйек шағында қара қарғалар сол сым темірге тізіле қонып алып боздауық үннен бір сыр тыңдап, ұзақ сонар алдында түпсіз терең ойға кеткендей, қалшиып көп отырды.

Күннің батысынан шығысына созылған сол сым темірде бұл жолы балапан ұшырған қарлығаштар отырған. Оңтүстікке, жылы жаққа шығатын қатерлі сапар алдында балапандарына ертек айтып, алдандырып отырған тәрізді. «Сендер осы жерде өстіңдер, шық суларын іштіңдер. Енді ер жеттіңдер. Қанаттарың қатайды, енді сол қанат талғанша ұшатын алыс жол бар алдымызда. Көп кешікпей мұнда суық түседі. Біз өмірі қар жаумайтын, аяз болмайтын, жылы жаққа кетеміз. Ал келер көктемде осы Алатау бауырына қайта ораламыз. Алатаудың көктемі тамаша. Саз балшығынан ұя салсаң тастай қатып қалады. Келер жылы сендер де ұя салып, өз алдарыңа үй боласыңдар».

Ересек қарлығаштар өз балапандарына осылайша бейбіт әңгіме айтып отырғанда кенет қиқулаған атты адамдар келіп, бағандарға қыл арқан тастап, топ-тобымен жабылып қу қарағайларды құлата бастады.

Бұл тосын әрекеттен үріккен қарлығаштар аспанға дүр көтеріліп, әуеде қиқы-жиқы ұшып, адамдардың бұл ісіне биіктен көз салып, таңырқағандай, таңдайларын тақылдата шу-шу етеді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий