Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Үстіне бөтен біреу мінгенін сезген теңбіл көк ұзын мойнын садақша иіп, басын тұқырта тізгінді жұлқып-жұлқып, бір орында шыр айналғанда, Тұрардың көзіне Аспараның Алатауы бұлдыр-бұлдыр іліне беріп еді. Ол да теңбіл көк екен.

Ендігі бір сәтте теңбіл көк айғыр Досмайылдың қара қасқасымен жарыса көсілген кезде, терістік беткейден ойдым-ойдым қара көк аралдар – шоқ-шоқ бұйра талдар, одан әрі сап-сары белдер сағым араласа мұнартып, сары мұхиттай толқып жатты.

Сары теңізде жүзген қаракөк кемелер... Көп кешікпей қара дауыл тұрып, сары теңіз тулап, астан-кестен болар.

Тұрар бір қолымен тізгінді тарта ұстап, бір қолымен көзілдірігін демеп келеді. Тұлпар мінгенде, көзілдірік жараспайды екен, амал не, көзінің нұры қаршығаның көзіндей өткір-ақ еді, Алматы түрмесінің қараңғы камерасында кітапқа үңілген көп түндер сол жанарды жауқазын кезінде-ақ сорып тастаған екен: енді ерте жастан көзәйнек киюге мәжбүр болды. Тұрар көзілдірікті бүктеп, төс қалтасына салып қоймақшы еді, бет алды бұлдырап, дүн-дүние түгел буалдыр тұтып қалған соң, көзәйнекті қайта киіп алды. Мұны байқап келе жатқан Досмайыл:

– Көп оқысаң керек, ә? Көзіңді оқу жеп қойған ғой, сірә, – деді.

Тұрар оған:

– «Әлі оқуым аз», – демекші еді, айтпады. Оның, бар діттегені – Ойталдың бұйра аралы еді.

* * *

Мерке жағынан лек-легімен құлаған аттыларды будақ-будақ шаңның арасынан аңғарған шолғыншы биік терек басынан айқай салды:

– Ойбай, кеп қалды! Қарақұрым, шегірткедей қаптап келеді! – Шолғыншы-қарауылдың дауысы тарғыл-тарғыл, әлем-тапырық шыққанына шын шошыған сарбаздар Ақкөз сардардың жарлығын күтпей-ақ алаңқайда тұсаулы жүрген аттарына қарай ұмтылды.

Ерте ме, кеш пе, Меркеден, не Әулие-Атадан, не Пішпектен әскер шығып, мына көтерілісшілермен қақтығысатыны айдан да анық болатын. Бірақ дәл қазір шабуыл тұтқиылдан басталар деп ешкім күтпеген.

Адамдар абыр-сабыр, айқай-шу, ызы-қызы болып жатқанда, Ақкөз асықпастан ақжал сарыға мініп алды да, қазанатты тебініп қалып, таяу төбенің басына ойнақтап шыға келді. Мұндағы ылдидан Меркенің өрлеуіт тұсы онсыз да ап-анық көрінеді. Ақкөз қолын көлегейлеп, өрге қарап еді, шынында да аунақшыған бозала шаң әр тұстан шұбалаңдап келеді екен. Кәнігі кәрі көз әлгілердің әскер емес екенін бірден аңлады. Әскер болса тәртіп сақтап, шашырамай, берік қамалдай тұтасып келер еді. Ал мына бытыраған аттылар кім сонда? Шотыр-шотыр, екеу-үшеу, бесеу-алтау. Кейбірі шоқытып келе жатса, кейбірі тойға, көкпарға келе жатқандай жайбарақат.

Меркеден бері қарай ылдилай түскен жап-жазық дала мына шілденің ыстығына шыдай алмай, қураған күйрек қызыл изенін өрт шалып, содан түйдек-түйдек түтін аспанға атылып жатқандай.

Ақкөз жау шаппағанына көзі жетсе де, «сақтықта қорлық жоқ» деп, сарбаздарды сақтандырмақ болып, артына бұрыла беріп еді, атқа қонып, қарақұрымдай қаптап тұрған қалың қолды көріп, кенет қуаныш кернеген кеудесінен оқтай атылып:

– Айналайындар-ай! – деген сөздің қалай шығып кеткенін өзі де аңғармай қалды.

Ойтал орманының жап-жасыл алаңқайы еді. Қазір сол алаңда аттылы сарбаздардан ине шаншар жер қалмастан, жауынгерлер иін тіресіп тұр екен.

Сардардың қуанышы қойнына сыймай, енді бір сөз бастайын деп тұрғанда, оның көзі Ойтал орманының терістігінен шыға жырылып бара жатқан бес-алты аттыға түсті де, түсі өзгеріп, көңілі су сепкендей басыла берді.

– Халқымнан айналайын. Адалдығыңнан айналайын, – деді ол ақжал сарының үстінен үзеңгіге аяғын тіреп түрегеп тұрып.

– Сендерге құдай анау опасыздардың жолын бермей-ақ қойсын. Ана өрден түсіп келе жатқандар, мен білсем, жау емес. Жаумен айқаспай жатып ана жүзіқаралар қашып барады. Жә, бес-алты шіріген жұмыртқа мына тұрған бес-алты мың қолдың садағасы босын!

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий