Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Тайлаққа пара-пар, еңсегей бойлы, өмірі қабағы ашылмайтын түкіс орыстың аты Пахом еді. Екеуі де сатылы арбаға жегілетін қара өгіз бен сары өгізді еске салады. Рас, сары өгіздің бір мүйізі сынық. Құдай соған парлап ұқсатқандай Пахомның да бір қолы шолақ. Пахом осы Кузьминкадан 1914 жылы күзде әскерге алынып «патша мен отанды қорғау» үшін майданға аттанды. Чернигов жерінде оң қолын шынтағынан оқ жұлып кетті де, мүгедек болып кері қайтқан. Қайтып келсе, қарт анасы мен қатын өлген, жалғыз ұлды армияға алған. Село шетіндегі жәпірейген жаман лашықтың төбесіне қарасора өсіп, жаманаттың қара жалауындай қаулап тұр екен.

Алабота мен қарасора қаумалаған лашықтың табалдырығында жалғыз қолымен махорка орап, ащы түтінді атау астай бұрқырата жұтып отырған кезде қасына осы Кузьмин келді. Жалғыз қалған шағында жаныңа жанашыр біреу келіп, бірер ауыз жылы сөз айтса, соның құрбаны болып кеткің келетін сезім билейді бойыңды. Кузьмин адам жанының нәзік тамырларын таба білетін кәрі қасқырдың өзі еді. Пахомды қолтығынан сүйеп, өз үйіне ертіп апарып, бүкіл соғыстың бойында татпаған тамағын беріп, самогон арақпен сыйлады.

Пахом Кузьминнің шошқасын бағып, бай Кузьминнің босағасында қала берді. О баста ішкі Ресейден келгенде бұлардың тағдыры бір қалыптан шыққандай ұқсас еді, келе-келе Кузьминнің тасы өрге домалай бастады. Тағдыр атты ауыр тасты Пахом да өрге қарай итеріп көріп еді, біраз жылжып барып қайтадан ылдиға құлай берді, құлай берді...

Малды өріске шығарарда Кузьмин жалшыларға әдеттегіден тыс тапсырма айтты. Бұрын ылғи оларға:

– Малды алысқа ұзата жайыңдар. Селоның төңірегінен ұзамай, кіл тақырға жаясыңдар, өмірі бүйірлері томпаймайды. Алысқа, шұрайлы жерді қуалай жайыңдар! – деп бұйырар еді. Бұл жолы:

– Ей, жігіттер, алысқа ұзамаңдар. Ел маңынан қара үзбеңдер. Заман жаман. Киргиздар құтырды. Құл-құтанына дейін атқа мініп, қолдарына сойыл ұстап алыпты. Абайлаңдар. Шауып кетіп жүрмесін. Сақтықта қорлық жоқ, мына берданды ала жүріңдер, – деп мылтықты Пахомға ұсына берген. Бірақ енді ол мылтық ата алмайтыны есіне түсіп, Тайлаққа ұсынды. Берерін берсе де: «Осы киргиз өз қанына тартып кетіп жүрмей ме?» – деп те шүбәланды.

– Пахом, байқа! – деп шолақ жалшыға көбірек сенім артып, Тайлаққа абай бол дегендей сыңай танытты.

Кузьминнің желіні жер сызған сиырлары, қой-ешкісі аралас – маңырап-мөңіреп өріске бет алды. Шошқаларын қорсылдатып артын ала Пахом шықты. Түстіктен тау мұнартқан, терістіктен кеңістік керілген бейбіт таң. Топалаң туар деп қауіптенер нышан жоқ. Бақташы мен шошқашы Мықанды жағалай, ел сыртына шыққан соң, малдың алдын орап, көгалды қойнауға иіріп тастамақ еді, Пахом:

– Айдай түс, – деді.

– Қожайын ұрсады, алысқа ұзамаңдар деген, – деп Тайлақ ырық бермеп еді, Пахом көнбеді.

– Айда, сорлы.

– Ары бармайық, Ақкөздің қолына түсеміз.

– Қолыңда мылтығың бар, неменеге қорқасың? – деді шолақ Пахом ызғарлы мысқылмен.

– Өмірі мылтық атып көрген емеспін, маған бұ да бір, таяқ та бір, әйтеуір сес демесең, – деп Тайлақ иығындағы берданды қолына алып, о жер, бұ жерін шұқылап көрді.

– Ата білмесең, шұқылай берме, түсірме иығыңнан, – Пахом зілдене сөйледі. Қараптан-қарап келе жатып, күндегіден мінезі өзгерді.

* * *

Пахом 1915 жылдың суық күзінде Галиция жерінде жараланды. Қаһармандығы көп, қаруы жоқ Ресей армиясының көпшілігі осы он бесінші жылы қатты қырғынға ұшырады. Август айында бес жүз сексен бес мың адам, қыркүйекте – төрт жүз он сегіз мың адам, ал Пахом жараланған қазанда – үш жүз алпыс алты мың адам қатардан шықты. Бүкіл Ресей бойынша бұл соғыста он бес миллион еркек кіндік армияға алынса, соның жартысынан көбі үйлеріне қайтпай қалды. Халықтың қаймағындай кілең қыршын боздақтар босқа құрбан болды. Мына Пахом соны көріп қайтқан. Мерке тарапында соғыстың қыр-сырын қатпаршағына дейін бір білетін адам осы Пахом. Енді сол соғысқа қазақтарды да айдамақшы екен. Пахом соның үстінен түсті.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий