Knigionline.co » Казахские книги » Родовой мотив / Тектік сарын

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон

Книга «Родовой мотив / Тектік сарын» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Писатель рассказывает о событиях, происходивших в разных регионах, где не каждому доступна, лишенная цивилизации, природа… Автор описывает внутренние качества, ценности, жизненные ориентиры людей, живущих в этих местах...

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон читать онлайн бесплатно полную версию книги

Әйткенмен, ақырында әлгі жерден шығарып алған сәтте Шпиц оған сазайын тарттыру үшін тап берген еді, кенет Бэк те дәл сондай екпінмен тұра жүгіріп, екеуінің арасына киліккен. Бұл қимылдың тосын да епті шыққаны соншалықты, соққыдан артқа қарай серпілген Шпиц шатқаяқтап құлап түсті. Жаңа ғана жеркенішті күйге түсіп үрейден қалшылдап кеткен Пайк осынау ашық шабуылды көргенде бірден жанданып шыға келген де, жеңіліс тапқан көсемге бас салған. Шпицке осы аралықта адал шайқас ережесін естен шығарған Бэк те ұмтылды. Бірақ осының бәрі қызық көрінсе де әділдік орнатуды көздеген Франсуа Бэкті бишігімен аямай тартып-тартып жіберді. Әйтсе де Бэк қарға домалап жатқан дұшпанынан ажырай қоймады, сол кезде Франсуа бишіктің сабымен сартылдата бастаған. Бэк ауыр соққыдан сонадай мұрттай ұшып түсті. Сонан кейін-ақ бишік астында қалған; осы аралықта Шпиц те жексұрын Пайктің сазайын беруге кірісіп кетіп еді.

Бұлар Доусонға бет түзеген келесі күндері де Шпиц кінәлі иттерді жазалаған сайын Бэк араға түсумен болды. Алайда қулығын асырып, маңайда Франсуа жоқта ғана килігеді. Бэктің бұл әрекеті бағынбаудың белгісіндей еді, осыдан бастап-ақ жегімдегі тәртіп бірте-бірте бұзылған үстіне бұзылуға айналды. Тек Дэйв пен Соллекс қана сыр берген жоқ, қалған иттер беттерімен жайыла бастаған. Сөйтіп әдеттегі тірліктің қиюы қашты. Талас-тартыс көбейді. Жағдай біртіндеп қиындай — түсті мұның бәрі Бэктің кесірінен еді. Осы үшін Франсуаның да мазасы кетті, бұл Шпиц екеуі енді бірі өліп бірі қалғанша тынбайды-ау деп қауіптенеді ол. Шындығында Франсуа ерте ме, кеш пе, сондай бір сәттін болмай қоймайтынын түсінген. Тіпті түпде бірдеме тықыр ете қалса, мыналар тағы да бастады ма деп, сүріне-қабына сыртқа атып шыққан кезі қаншама. Алайда олар бірін-бірі өлтіре қоятындай жағдай байқала қойған жоқ, сонымен бұлар ақырында олар бұлыңғыр күндердің бірінде Доусонға да келіп жетті. Ал әлгі Франсуа күткен ол ұлы айқасқа дейін әлі біраз күндер барып ешкім есепке алған жоқ. Доусонда адам көп екен, иттер одан да көп, Бэк мұндағы барлық иттің жұмысқа жегілгенін аңдады. Тәрізі бұл үйреншікті нәрсе болса керек. Бас көше шұбатылған иттер жегімінен босамайды, тіпті, қоңырау үні түнде де тыншыған емес. Иттер құрылысқа бөрене, ағаш, кен орнына қажетті басқа да жүктерді тасиды. Санта-Клара алқабында аттар атқаратын жұмыстың бәрі осыларға жүктеліпті. Бұлардың арасында оңтүстіктер де кездесетін-ді, бірақ көпшілігі қасқыр тұқымдас жергілікті төбеттер болатын. Олар қараңғы түсе — тура тоғызда, он екіде, одан түнгі үште — төбе құйқаңды шымырлатып ышқына ұлуға кіріседі. Бэк те оларға бар ниетімен үн қосады.

Тас төбеңнен солтүстік шұғыласының суық шапағы мың құбыла жарқыраған немесе жұлдыздар көк жүзінде алапат аяздан дірдек қаққан, ал қарға бөккен кең дала сіресе бүріскен мұндай түндердегі иттер әуені мұңды әуезімен де, көкірек түбінен күңірене шығатын созылыңқы, қамығыңқы үнімен де өксуге ұқсас өмірдің өз жоқтауындай естілер еді. Жоқ, анығында, одан сол өмірге, тіршіліктің ауыр азабына шағынған аса мұңды сарынды аңдар едіңіз. Бұл жер бетіндегі дәл өз тұқымдарындай ең ескі де ежелгі — һәм сол дәуірдегі жас дүниенің барлық әндерінің зарлы келетініндей және ең алғашқы да ащы әуендердің бірі еді. Бұл — бойына қаншама буын ұрпақтың қайғы-қасіреті сіңіп, Бэктің өкпе-қолқасын суырған мұң болатын. Ол да басқа иттерге қосылып алып, суық түннің тылсым сұмдықтарының алдында өзінің баяғы жабайы бабаларын зар қақсатан тіршілік тауқыметінен қан жұта ұлитын-ды. Осынау сарғайған сағыныш жаңғырықтарының Бэктің жан-жүрегін қозғауы оның отырықшы адам өмірінің бейбіт ошағынан әлгі зарлы үнді алғаш туғызған сонау жабайы да тағы дәуірге орала бастағанын байқататын еді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий