Knigionline.co » Казахские книги » Родовой мотив / Тектік сарын

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон

Книга «Родовой мотив / Тектік сарын» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Писатель рассказывает о событиях, происходивших в разных регионах, где не каждому доступна, лишенная цивилизации, природа… Автор описывает внутренние качества, ценности, жизненные ориентиры людей, живущих в этих местах...

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бойына ғұмырлық қуат дарытып, тіршіліктің шыңына бастайтын әлдебір желік болады. Бір ғажабы, өмірдің мәніндей көрінетін сол құмарлық бір сәт өзіңді де, айнала қоршаған дүниені де ұмыттырып жібереді. Ондай шаттық сезімі жасампаз суретшіге шабыт бұған шақтарда келсе керек. Ал сарбазды майдан даласында еліктіріп, оны шайқас үстінде адам танымастай қанаттандыра түседі. Міне, ежелгі қасқырлардың осындай жеңімпаздық құмарлығы билеген Бэк айлы түн астында жұлдыздай зымыраған жемтігінің соңында топ жарып бара жатқан еді. Ықылым дүние тереңіне қайта бойлатқан бұл желікті сезім қандай ынтызарлықтан пайда болғанын өзі де түсінбейді. Алайда арнасына сыймай тасып, бұлшық етіп бұлт-бұлт ойната күш-қуатты қаннатып, жан-жүрегін шаттыққа бөлеп, жұлдыздар жамыраған түн құшағында аяздан сірескен қалың тоңның апшысын қуыртып, осынау ессіз бәйгеге салған да сол белгісіз ынтызарлық-тын.

Ең қызу құмарлық билеген сәттердің өзінде сабыр сақтап сақ қимылдайтын Шпицтің өзі де шаршы топтан оқшау кетіп, өзеннің бұрылыс бір тұсындағы тар шығанақ арқылы қоянға барын салған-ды. Бэк мұны байқаған жоқ: ирек тұсынан бұрыла берген оның көзі алдында ағараңдаған қоян сұлбасынан ажырамаған. Кенет одан үлкенірек тағы бір ақшыл дене тік жардан ырғып түсіп, тура қоянның қарсы алдынан шыға келді. Бұл Шпиц еді. Қоян кері қарай бұрыла алмай қалды. Шпиц зулаған бетінде азуды оның ту жонынан салған, ал қоян ауырсынған адамша қатты шыңғырып жіберді. Бэктің соңынан жөней келе жатқан қалың тобыр Тіршілік деген бейшараның Ажал тырнағына іліккен сәттегі осынау ащы шиқылына құмарлана гу ете түскен.

Тек Бэк қана дыбыс шығарған жоқ. Ол зымыраған бойда Шпицкс бір-ақ атылған, екпінінің қаттылығы сонша, оны кеңірдектен ала кетудің сәті келмеді. Екеуі қарды бұрқыратқан күйде ұмар-жұмар бірге құлаған. Артынша бірінші болып Шпиц атып тұрды — тіпті құламағандай өте шапшаң көтерілген еді, — ол Бэкті иықтан қапты да, бір бүйіріне қарай ырғып түсті. Жақ сүйектері темір қапқанның аузындай сақылдап, екі мәрте сіресе жабылған; одан жақсылап қайта секіру үшін кейін серпілді, сөйтіп жоғарғы езуін тыжыртып, тістерін сақылдатып ырылға көшті.

Бэк өліспей беріспейтін шешуші шайқас сәтінің жеткенін түйсінді. Бұлар құлақтарын жымырып, шабуылдың ыңғайлы тұсын аңдып, өзара ырылдай жағаласып жүрген кезде Бэкке кенет осының бәрі баяғыдан өте таныс нәрседей көрінген: айнала аппақ орман, ақ шаңқан дала, ай жарығы мен айқас рақаты. Тым-тырыс төңірек тылсымға шомып тұрғандай. Маңайда тырс еткен дыбыс та, сыбдыр да жоқ, тіпті ағаш басынан қураған жапырақтың да қыбыр еткені байқалмайды — тек иттердің аузынан шыққан бу ғана аязды ауада баяу қалқиды.

Қолға нашар үйренген қасқырлардың ұрпақтары қоянды қолма-қол қаузап болып, енді айқасқа түсушілерді үн-түнсіз ширыға қоршасып тұрды. Көздері шоқтай жайнап, ашылған ауыздарынан бу бұрқырайды. Әлдебір жабайы замандардың осынау суреті Бэкке ешбір жана да, таңсық та болып көрінбеген. Бұл баяғыдан бар, өте үйреншікті нәрсе сияқты еді.

ІІІпиц ысылған сарбаз болатын. Ол Шпицбергеннен бастап бүкіл Арктиканы, Канада мен Бедеу Даланы шарлаған жолында небір иттерді кездестіріп, бәрін де тырп еткізбей бағындырған. Долылығы керемет еді, бірақ ешқашан да ақылдан алжасқан емес. Алдындағысын шақ келтірмей шайнап тастауға бейім, алайда қарсыласының да дәл өзіндей адуын күш иесі екенін бір мезет те ұмытпайтын. Дұшпанның қарымта шабуылына дайындалып алмай бірінші болып соқтыққан емес. Сондай-ақ Жеңіске жететініне көзі жетпесе бірден өзі ұрынбайтын да.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий