Knigionline.co » Казахские книги » Родовой мотив / Тектік сарын

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон

Книга «Родовой мотив / Тектік сарын» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Писатель рассказывает о событиях, происходивших в разных регионах, где не каждому доступна, лишенная цивилизации, природа… Автор описывает внутренние качества, ценности, жизненные ориентиры людей, живущих в этих местах...

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бұл нағыз рекордтық жүріс болатын. Олар екі жеті ішінде күніне орта есеппен қырық мильден жүрген екен. Перро мен Франсуа Скагуэяның бас көшесінде алшаң-алшаң басып үш күн бойы қыдырды. Үш күн бойы оларды өздерімен бірге шарап ішуге шақырушыларда бір толастамады. Ал сонда олардың жегімдегі иттеріне қызығып, таңдай қаққандар қаншама! Таңдай қағып тұрып сатып алуға барын салғандар да бір төбе. Алайда көп ұзамай Батыстан келген бір топ қарақшы қаланы тонамақшы болады. Алайда мұнда оларға кеуде керіп тұра білген әлдебір жанкештілер табылады да, әлгі қараниет хайуандарды түк қалдырмай қырып салады. Сөйтіп жұрт назары енді бірден сол оқиғаға ауған-ды. Бұдан соң көп ұзамай Перроның қолына дереу кері қайту жөнінде ресми нұсқау тиген. Осыны естіген Франсуа Бэктің жанына келіп, оны қос қолдап құшақтай отырып жылап жіберген. Бұл Бэктің Франсуа мен Перромен соңғы қоштасуы болатын еді. Сөйтіп олар да баяғы басқа адамдар секілді бұның ғұмырынан біржола жоғалып еді.

Бэк бастаған топты әлдебір шотландтың қолына өткізісімен бұлар өзге де үйір-үйір жегімдегі иттермен бірге қайтадан сонау азапты Доусон жолына шықты. Бұдан былайғы жүрістері жеңілдей түскен еді, оның үстіне рекорд жасауға да мұршалары болмаған. Жоқ, бұлар күнбе-күн тынбастан тырмысып, ауыр жүк тиелген шаналарды сүйреді де отырды. Қайтқан құстардың тізбегіндей шұбалған бұл керуен — Солтүстік полюс ығында алтын іздеген адамдарға дүниенің түкпір-түкпірінен сәлем-сақпыт, хат-хабар тасып жүр еді.

Бэкке бұл керуен ішінде жүру аса ұнаған жоқ, әйткенмен ол баяғы кәнігі өр мінезбен жұмысты жақсы атқарды, сонысымен де Дэйв пен Соллексті қанаттандырып отырды, бұған қоса жолдастары істі ұнатсын, ұнатпасын, бәрібір мойынға алған шаруаны лайықты орындауларын қадағалаумен болды. Өмір аққан судай бір қалыппен өтіп жатты. Күндер егіздің сыңарындай бір-біріне өте ұқсас еді. Аспаздар таңертең белгілі бір уақытта орындарынан тұрып, от жағып, таңғы асты даярлайды. Одан соң біреулер шатырларды шанаға тией бастайды, ұзамай басқалары да сөйтеді, өзгелері ит жегуге кіріседі. Жолға түн түнегі серпілерден бір сағаттай бұрын, яғни тау алагеуімде шығады. Кешке қарай аялдап, дем алады. Жұрт шатыр тігіп, отын жарып, жерге төсеу үшін шырша бұтақтарын сындырып әкеледі, аспазшыларға су немесе мұз жеткізіп береді. Осыдан кейін иттерді тамақтандырады. Бұл енді жұмыс күніндегі ең бір қуанышты сәт! Жалпы, бұдан кейін де ұзын саны жүзден асатын басқа иттердің арасында өзіңе тиесілі балығыңды жеп алып бірер сағат бос жататын сәттер жанға жайсыз емес-ті. Олардың арасында кеуделі, азулы мықтылары да бар еді, дегенмен. Бэк олардың ең күшті деген төрт-бесеуімен бір-бір сілкілесіп алғаннан кейін қалғандары оның алдында арттарын қысып жүретін болған. Бэк бәрінен бұрын, маздап жанған от жанын қатты ұнататын. Артқы аяқтарын астына жиырып, алдыңғы екеуін алдыға созып, мойнын тік ұстаған күйі сиыр тіліндей жалақтаған қып-қызыл жалынға қызыға қарап жататыны бар. Ондай сәттерде кейде есіне күнгей Санта-Клара алқабындағы судья Миллердің үлкен үйі, сонда өзі жүзген тас қабырғалы мөлдір бассейн, тықыр терілі мексикандық Изабель мен жапон мопсигі Туте түседі. Бірақ Бэк көбінесе қызыл кеудешелі адамды елестетеді,сосын кейде Кэрлидің ажалы жөнінде, Шпицпен өткен алапат шайқасы туралы, бір кездері өзі жеген немесе дәмін татуды армандаған тәтті нәрселер төңірегінде жиі ойланады. Ол Отанын аңсаған емес. Сол бір түстіктегі ел бұның жүрек қылын аса тарта бермейтін бұлыңғыр да алыс елеске айналған. Оның санасын көбінесе өзге бір өмірдің, ертедегі ата-бабалары ғұмырының естеліктері билейді. Соның арқасында бұрын өзі көрмеген құбылыстардың көбі етене таныс көрінер еді. Ал қазір баяғыда ұйқыда жатқан түйсіктері (олар да дәл ата-баба тіршілігінің жаңғырығындай сезілетін) оянып, дүр сілкінген.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий