Knigionline.co » Казахские книги » Родовой мотив / Тектік сарын

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон

Книга «Родовой мотив / Тектік сарын» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Писатель рассказывает о событиях, происходивших в разных регионах, где не каждому доступна, лишенная цивилизации, природа… Автор описывает внутренние качества, ценности, жизненные ориентиры людей, живущих в этих местах...

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон читать онлайн бесплатно полную версию книги

Дегенмен, тұраққа жеткенше сыр алдыра қойған жоқ. Айдаушы оны оттың жанына жақын әкеліп жайғастырды. Таңға қарай Дэйвтің әлсірегені сонша, жүруден мүлде қалған еді. Жегетін уақыт келгенде ол айдаушының алдына қипала сүйретіліп жетті де, қалт-қалт етіп орнынан көтерілген, бірақ қиралаңдап қайтадан құлап түсті. Одан соң ақырындап жер бауырлай жылжып серіктеріне жегу әбзелін кигізіп жатқан орынға жетті. Алдыңғы аяқтарын созып, денесін екі дюймдей ілгері сырғытты; бұдан кейін осы қимылды қайта-қайта және қайталаған. Бірақ көп ұзамай күш-қуаты әбден сарқылды, жөней жөнелген иттер қар үстінде ауыр тыныстап жатқан Дэйвтің өздерінің соңынан өлеусірей қарап жатқанын көрді. Ал оның зарлы үні бұлар жағалаудағы орманды асып кеткенше құлақтан үзілген жоқ.

Керуен тоғай сыртына барып аялдады. Шотландтық ақырын аяңдап, жаңа ғана шыққан тұраққа қарай қайта беттеген. Жұрт тынши қалды. Кенет алыстан тарс еткен тапанша дыбысы естілді. Шотланд жедел басып шаналарға келді де, бишіктер сартылдап, қоңыраулар сыңғыр қағып, шаналар тағы заулады. Алайда Бэк те, басқа иттер де жағадағы орман сыртында не жағдай болғанын білді.

ЖОЛ АЗАБЫ

Доусоннан шыққаннан кейін арада отыз күн өткенде Бэк бастап сүйреген пошта керуені Скагуэйге келіп кірген. Иттер әбден діңкелеп, қалжыраған еді. Бэктің салмағы бұрынғыдай жүз қырық емес, жүз он бес фунтқа түскен. Арық-тұрақ иттер бұдан да бетер жүдеді. Айдаушыларды өмір бойы алдап келе жатқан айлакер Пайк енді шындап-ақ ақсап қалыпты. Соллекс те бір аяғын сылтып басады. Жауырыны шығып кеткен Дабтың да жетісіп тұрғаны шамалы.

Бәрінің де табаны сұмдық қажалып, терісі сыпырылып, қаны шығып, жай жер басып жүрудің өзі бұларға үлкен мұң болған. Мәселенің бәрі осыншама қажып-шаршап болдыруда жатыр еді. Қысқа мерзімге қиналғанның өзінде қайтадан күш жинау үшін кемі екі-үш сағат қажет. Ал мынандай болдыру бірнеше айға созылған ұзақ әрі кезең-кезеңмен күш сарыққан күйзелістің салдары ғой. Енді иттерде ешқандай қуат қоры да, оны қалпына келтіретін ешбір мүмкіндік те жоқ еді: күштің бәрі ең соңғы жұрнағына дейін жұмсалған, бүкіл денелерінде шаршамаған, қажымаған, жұқарып-тозып бітпеген тырнақтай жер қалмаған. Енді қайтсін! Иттер айналасы бес айға жетер-жетпес уақыт ішінде екі жарым мың миль жол жүрді, ал оның соңғы мың сегіз жүзінде небәрі бес-ақ күн дамылдады. Керуен Скагуэйге келгенде олардың сүріне-жығыла жеткені көрініп-ақ тұрды. Олар жетек қайыстарын зорға тартып, ал төменге құлдилаған сәттерде шананың астында қалып қоя жаздап әрең жүрген болатын.

— Кәне, кәне, көтеріңдер бастарыңды, менің сайыпқыран ақсақтарым! — деп көтермеледі айдаушы бұлар Скагуэяның орталық көшесімен сүйретіліп келе жатқанда. — Аз ғана қалды, ұзамай жақсылап дем аламыз. Иә, иә, ұзақ дамылдайтын боламыз!

Адамдар да мұндағы тынығудың біразға созылатынына бек сенімді еді. Өйткені бұлар да бүкіл сапар барысында екі-ақ күн тыныстап, шаңғымен мың екі жүз миль өтті ғой; сондықтан әділет тұрғысынан да, қисын жағынан да әбден тынығуға хақылары бар-тын. Бірақ Клондайкке түкпір-түкпірден жиналған ер-азаматтарға Отанында қалған әйелдері мен туған-туыстарынан келген қап-қап хаттарды Альп жотасынан асыру міндеті тұрған-ды. Одан соң әр түрлі үкіметтік нұсқаулар да қаптап келіп жатқан болатын.

Cөйтіп жарамай қалған иттерді жаңадан келген тыңдармен ауыстырып, қайтадан жолға шығуға бұйрық берілген. Қатардан шығып қалған иттерді сату керек-ті, ал доллар иттен құндырақ болғандықтан бұларды тез өткізіп жіберу қиынға түсе қойған жоқ.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий