Knigionline.co » Казахские книги » Родовой мотив / Тектік сарын

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон

Книга «Родовой мотив / Тектік сарын» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Писатель рассказывает о событиях, происходивших в разных регионах, где не каждому доступна, лишенная цивилизации, природа… Автор описывает внутренние качества, ценности, жизненные ориентиры людей, живущих в этих местах...

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон читать онлайн бесплатно полную версию книги

Әйткенмен бәрінен де қатты қалжыраған Дэйв еді. Әйтеуір одан маза қашты. ЬІзақор, не нәрсеге сіркесі су көтермей тұрады; түнеуге жайғасқан бойда бірден өзіне ор қазып алады да, жығыла кетеді — айдаушы оған азықты сол жерге әкеліп береді. Сөйтіп Дэйв ертеңгі күні азап қамытын қайта мойнына ілгенше сұлық түсіп жатады да қояды. Кейде жол үстінде аракідік тоқтай қалған шананы қайта жұлқып-тартқан сәтте, бейшара ауырсына қыңсылап жібереді.

Айдаушы талай рет тексерді, бірақ оған не болғанын түсіне алмай-ақ қойған. Басқа айдаушылар да оның әрбір жеріне шұқшиып ұзақ қараған: бірақ "не болды?"- ға ешкім нақты жауап айта алмады. Бір күні кешкісін олар Дэйвті оттың жанына алып келіп, сипалап-уқалап барлық жерін тексеруге кіріскенде, ол бірнеше мәрте қинала қыңсылады да қойды. Сүйегі сынғаннан аман сияқты, бірақ басқа ештеңе анықтала қоймады. Тәрізі іш құрылысының бір жері ауыратын болса керек.

Бұлар Кассьяр қайраңына жеткен мезгілде Дэйвтің әлсірегені соншалықты, қайта-қайта құлай берген. Шотланд тоқтауға белгі берді де, оны босатып, орнына ең таяу тұрған ит Соллексті жекті. Ол Дэйвті біраз тыныстатып, шана соңынан бос жүгірте тұрмақшы еді. Бірақ Дэйв аурудан әбден әлсіреп қалғанына қарамастан өзін жұмыссыз қалдыруға көнгісі келмейтінін аңдатты. Үстінен қайыс әбзелді сыпырған сәтте ырылдап үре бастаған ол артынша өз орнында Соллекстің тұрғанын көргенде ышқына ұлып жіберді — ол өлім аузында тұрса да өзін басқалармен ауыстырғанға қатты қорланып еді.

Шаналар қозғалған шақта бір бүйірден қосыла жүгірген ол қайта-қайта Соллексті қарпып қалуға тырысады немесе оны сүрлеудің екінші жағына итеріп түсіріп, қарға аунатуға ұмтылады; сөйтіп жол бойы Соллекс пен шананың ортасына қыстырыла кетуге барын салып, жанына батқан ауру мен ызадан біресе қыңсылап, біресе ұрумен болды. Шотланд оны бишікпен қақпайлауға әрекеттеніп еді, бірақ Дэйв ешбір соққыға пысқырып та қараған жоқ, сондықтан айдаушы да оны ұра беруден жалыққандай болған. Төбет соңындағы сайрап жатқан тегіс жолмен жүруден бас тартып, ерегіскендей, жиектегі көбік қармен сүйретіле жылжыды да отырды. Енді бір мезгілде әбден діңкелеп, құлап түсті.

Жығылған жерінде жанынан жүйткіп өтіп жатқан ұзын сонар шаналар тізбегіне қарап қамыға ұлып жатты.

Одан соң Дэйв ең соңғы күш-қуатын жұмсап, керуен бір жерге тоқтағанға дейін соңдарынан бүлкектеп ерді де отырды. Дэйв әлгілер тоқтағанда сүйретіліп өзінің бұрынғы орнына жетті де, Соллекстің бүйір тұсына келіп тұрып алды. Айдаушы темекі тұтатып алу үшін бақа шаналарға қарай кеткен еді. Бір минуттен кейін ол қайтып келді де, жүруге белгі берді. Иттер лып етіп, артық күш жұмсамастан, өте жеңіл қозғалған — кенет бәрі артқы жаққа аңтарыла қарап, кілт тоқтай қалысты. Айдаушы да қайран қалған еді: шаналар орнынан жылжымапты. Ол саңқ етіп бұл тамашаға жолдастарының да назарын аударған. Сөйтсе, Дэйв Соллекстің пәлекке жалғанған екі сырма қайысын бірдей шайнап үзіп тастап, шананың алдындағы өзінің ескі орнына тұрып алыпты.

Оның көздерінде қуа көрмеңдерші деген жалбарыныш тұр еді. Айдаушы тұйыққа тірелген. Серіктері жұмыстары қаншалықты ауыр болса да иттерді жегімнен шығарып тастағанда қатты қорланатынын айтуға кіріскен-ді. Қартайып немесе ауруға шалдығып, іске жарамай қалған кездерінде босатып жіберілген иттердің құсадан өлетінін айтып, түрлі оқиғаларды еске түсірісті. Ақыр аяғында Дэйв ажалдан бәрібір құтылмайды, сондықтан оған шананың алдындағы ескі орнында тыныш өлуге мұрсат беру керек деген ортақ пікірге тоқтасқан.

Дэйв шанаға қайта жегілді де, ол анда-санда іштегі әлдебір дерті жанына батқанда амалсыз қыңсылап қойып бұрынғысынша алға қарай адымдай жөнелген. Ол бірнеше мәрте жығылды, бірақ басқа иттер оны пәлекпен қоса сүйреп әкете берді. Бірде шананың астында қалған; осыдан кейін Дэйв артқы аяқтан ақсады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий