Knigionline.co » Казахские книги » Родовой мотив / Тектік сарын

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон

Книга «Родовой мотив / Тектік сарын» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Писатель рассказывает о событиях, происходивших в разных регионах, где не каждому доступна, лишенная цивилизации, природа… Автор описывает внутренние качества, ценности, жизненные ориентиры людей, живущих в этих местах...

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Килікпейтін жерде неге желігесің сен, — деді Хэл кіжініп. — Иттермен қалай сөйлесуді білмейді екенсің, жағаласпа! Білдің бе! Бұл арамтамақтар қамшыдан басқа ештемеге бағынғысы келмейді. Сенбесең сұра әнеки! Мына кісілерден. Мерседес көршілеріне жалынышты түрмен қараған. Бірақ оның осы түрінде иттің де, адамның да жағдайын түсіне қоятындай мысқылдай нышан сезіле қоймап еді.

— Егер білгілеріңіз келсе, бұл иттердің құр сүлдері ғана қалған, — деді оған еркектердің бірі. — Иә, бұлар әбден шалдыққан. Басқа ешқандай кінә жоқ бұларда. Тек тынығу қажет!

— Қайдағы тынығуды айтасыз сіз! Дәл қазір осыны айтатын сәт пе! — деп күңк етті Хэд

Оның боқтанып тұрғанын байқаған Мерседес ауыр күрсінді. Алайда туыстық сезімі жеңіп кеткен ол лезде:

— Көлденең сөзді көңіліңе алып қайтесің, Хэл, — деді даусың ыңырсыта созып. — Бұл иттер біздікі, сондықтан не істесең де өз еркіңде.

Хэлдің бишігі иттердің үстіне қайтадан төнді. Олар тапталған қарды тырмалап, барлық күштерін сала, шананы жер бауырлай тартуға тырысқан. Әйткенмен, табаны зілдей ауыр шаналар тырп етпеді. Екі мәрте әрекеттен кейін иттер ентіге тоқтады. Бишік ауада ерсілі-қарсылы ысыл қақты да, Мерседес қайтадан иттерді қорғауға көшті. Бэктің алдына тізерлей отыра қалған ол оны жыламсырап мойнынан құшақтаған.

— Байғұстарым-ай, бейшара иттерім-ай! — дейді ол аянышты үнмен. — Неге тырмыспайсыңдар? Сонда ұрмайды ғой сендерді!

Мерседес Бэкке ұнаған жоқ, бірақ серпіп тастауға әл-дәрмені жетпеген еді. Ол бүгінгі күні көңіліне жақпаған талай жайтқа төзгеніндей, оның да дегеніне көнді.

Осының бәрін байқап, өз-өзін боқтанудан тістене ұстап жүргендердің бірі ақыр аяғында төзімі таусылып, айтарын айтып салды:

— Ашығын айтқанда, сендер сияқты топастарға ешқандай аяушылығым жоқ. Бірақ иттерге обал. Сондықтан оларға қалай жәрдемдесудің жолын көрсетуге мәжбүрмін. Сендердің шаналарыңның табаны әбден қатып қалған. Алдымен соның мұзын кетіріңдер. Ол үшін шаналарды орнынан қозғағанша бар күштеріңді салып олай-бұлай ырғаңдар.

Бұл жолы көкейге қонымды сөзге құлақ түрген Хэл мұзды қағып, жерге жабысып қалған шана табанын босатты. Шамадан тыс жүк тиелген рабайсыз шана ақырындап орнынан жылжи берді. Бэк пен оның серіктері жон арқаларына тарс-тарс тиген таяқты елеместен алға қарай мүшене ұмтылған. Жол тұрақтан жүз ярдтай әткенде бұрылыс жасап, бас көшеге қарай күрт төмен түсетін-ді. Мұндай ылдидан ауыр жүк артылған шананы мына Хэл сияқты түк көрмеген байғұс емес, тек тісқаққан айдаушы ғана алып жүре алатын. Сөйтіп әлгі шұғыл бұрылыста шана аударылып түсті де, жібі бос тартылған жүктің тең жартысы жолға шашылды да қалды. Иттердің тоқтайтын түрі жоқ. Енді жеңілдеген шаналар олардың соңынан бір жамбастап алып секектеп бара жатты. Ал осынша ауыр жүк тартуға мәжбүр болған өздерін тек ит деп білген екі аяқтыларға ызаланғандықтан да заулай түскен еді. Бэк тіптен құтырынып кеткендей екен. Ол жегімдегі барлық итті соңынан ерткен бойда аяғы-аяғына жұқпай зымыраған. Хэл: "Тоқта! Тоқта!" дейді өңеш жырта айқалап. Бірақ оны тыңдаған бір ит жоқ. Өзі сүрініп кетіп мұрттай ұшқан. Аударылған шана мұның үстінен ұшып өтті де, иттер көріп тұрғандардың айызын қандыра, жүктің қалғанын шаша түсіп, Скагуэяның бас көшесімен жүйтки жөнеліп еді.

Көше бойындағы әлдебір жөні түзу адамдар иттерді тоқтатып, шанадан шашылған заттарды жинауға кіріскен. Сөйте жүріп олар ақыл-кеңестерін де аяп қалған жоқ. Хэл мен Чарльзге егер бұлар әйтіп-бүйтіп Доусонға жеткілері келсе, жүктің жартысын тастап, иттердің қатарын екі есе көбейту жөнінде айтылды. Хэл мен оның апа-жездесі ақылды жүре тыңдады. Бұлар шатырларын тігіп, мүліктерін сұрыптай бастаған. Олар маңайдағылардың күлкісін келтіріп консерві құтыларын лақтырып тастады — өйткені консерві Ұлы Солтүстік Соқпағында жолаушының арманына айналған ең қымбат нәрсе болатын.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий