Knigionline.co » Казахские книги » Родовой мотив / Тектік сарын

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон

Книга «Родовой мотив / Тектік сарын» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Писатель рассказывает о событиях, происходивших в разных регионах, где не каждому доступна, лишенная цивилизации, природа… Автор описывает внутренние качества, ценности, жизненные ориентиры людей, живущих в этих местах...

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон читать онлайн бесплатно полную версию книги

Осының бәріне шыдаған Бэк әлдебір ауыр түс көріп жүргендей күші жеткенше шананы тартып, жегімнің басында ирелеңдеп келе жатады. Ал шамасы біткен мезгілде құлап түсіп, таяқпен немесе бишікпен ұрып тұрғызғанша жата береді. Кезінде жылт-жылт етіп, көрген кезді жауын алатын қалың жүні енді жалба-жұлба боп, өңі қашып әбден біткен. Үсті-басы кір-қожалақ, Хэлдің таяғы, оңбай тиген жон арқасының әр жеріне қан қатыпты. Бұлшық еттері өрілген талшық жіпке ұқсап, мүлде азып-тозған. Божырап, қатпарлана салбыраған терісінің астынан әрбір сүйегі арбиып-арбиып көрінеді. Мұндайда кез келген жүрек жарылып-ақ кетер еді, бірақ Бэктің жүрегі баяғыда қызыл свитерлі адам айтқандай темірден жаратылған ғой.

Қалған иттердің жағдайы да Бэктен асып тұрған жоқ. Олар да құр сүлдерін сүйретіп жүр. Өздері — Бэкті қосқанда жетеу ғана. Әлсірегендері соншалықты, бишік пен таяқты сезбейтін күйге түскен. Дәлірек айтқанда бұлар енді таяқ уытын соншама бұлыңғыр түйсінеді және айналадағының бәрін бейнебір алыстан естіп-білетіндей халде болады. Аялдамаларда өздерін ағытып болғанша жол жиегіне әл-дәрменсіз сұлық түседі: сондайда соңғы демдері бітіп, жан-тәсілім еткен екен деп қаласыз. Ал таяқ пен бишіктің соққысы жауып кеткен сәттерде сол тіршілік оты аз-кем ұшқындағандай болады да, әзер көтеріліп тағы да іліп жөнеледі.

Бір күні мейірімді Биллидің де құлап түсіп, тұра алмай қалған кезі жетті. Енді Хэлдің тапаншасы да жоқ еді, сондықтан ол Биллиді балтамен бастан бір ұрып жайрата салды да, үстіндегі әбзелін шешіп алып, өзін жол шетіне сүйретіп тастады. Бэк мұның бәрін байқады, өзге иттер де көрді және бәрі де көп ұзамай-ақ бұл жағдайды өздерінің де бастан кешетінін түсінді. Келесі күні Куна жан тапсырды, енді бұлардың бесеуі ғана қалған еді. Олар: сау тамтығы қалмай діңкелеп, тіпті, ырылдауға жарамай қалған Джо, барлық қулық-сұмдығынан айырылған ақсақ, мүгедек Пайк, сыңар көзді Соллекс, дәл осы қыстағыдай ешқашан ұзақ жолға шығып көрмеген әрі бәрінің ішіндегі тәжірибесіз болғандықтан таяқты да жиі жеген, сөйте тұра шана тартуға күш-қайратының жетпегені үшін өзін-өзі жер етіп келе жатқан Тик және күні бүгінге дейін көсемнің орнын босатпаған, бірақ тәртіпті сақтауға дәрменсіз, әрі оған бәлендей ұмтыла да қоймайтын Бэк. Ол әлсіздіктен соқыр иттей зорға ілбігенмен аяқтары әбден дағдыланғандықтан да, тұман арасынан жолды жазбай танып, сүрлеуден титтей де ауытқып көрген емес.

Көгілдір көктем де жеткен еді, алайда соны адамдар да, иттер де аңдамай қалды. Әр таңда күн ерте көтеріліп, кеш еңкейеді. Таң үштің кезінде-ақ аппақ болып атады, ал ымырт кешкі тоғызда бір-ақ жабылады. Сөйтіп сәске ауғанша көзді қарықтырып күн шақырайып тұрады. Қыстың мүлгіген үнсіздігі түлеген өмірдің көктемгі дүбірімен алмасты. Дүр сілкіне шаттанған бүкіл дүние жайнап сала берді; ұзақ аязды айларда жансыздана сіресіп қалған нәрсенің бәрі қайта тіріліп, қозғалысқа түскен. Қарағайлардың шайыры мөлт-мөлт етіп көзге ұрады. Тал-шілік пен көк терек бүршік жарды. Бұта біткен жасыл мауытыға оранған. Түнде қара шегіртке шырылдап, күндіз жер бетіндегі жәндік атаулының бәрі күнге қыздырынып, үйме-жүйме тіршілігіне кіріседі. Орман ішінде құрлар өзара үн қатысып, тоқылдақтар ағашты тоқылдатып, ақ тиіндер ескек қағысып, әнші құстар құйқылжыта сайрайды; ал сонау көк зеңгірінде қанаттарын киле жайып оңтүстіктен қайтқан жабайы қаздар қаңқылдайды.

Әрбір төбешіктен су жүгіріп, ауада көзге көрінбеген бұлақтардың әуені құйқылжиды. Айнала төңірек жіпсіп, көктемгі самалмен тербеле шулап, тіршілікке асығады. Юкон кеудесін қысқан мұз құрсауды серпіп тастауға ұмтылады. Ол тоңды төменнен бұзса, үстіден күн шуағы қыздырып тұр. Жылға пайда болып, мұз жарығы бірте-бірте кеңейе түсіп, жұқарған қатқақ сетінеп, суға айналып жатыр. Ал көктемнің осынау барлық сән-салтанаты арасында, оянған тіршіліктің дүбірі мен көз қарықтырған күн мен еркелей желпіген самал аясында иттердің соңындағы екі еркек пен бір әйел ажалдарына беттегендей мимырт сенделіп барады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий