Knigionline.co » Казахские книги » Родовой мотив / Тектік сарын

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон

Книга «Родовой мотив / Тектік сарын» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Писатель рассказывает о событиях, происходивших в разных регионах, где не каждому доступна, лишенная цивилизации, природа… Автор описывает внутренние качества, ценности, жизненные ориентиры людей, живущих в этих местах...

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон читать онлайн бесплатно полную версию книги

Иттер сәт сайын сүрінеді, шанадан түспеген Мерседес жылаудан тынбайды, ашынған Хэл кіжіне боқтанады, Чарльздың жасаураған көзіне мұң ұялапты.

Бұлар осылайша Ақ өзеннің жағасындағы Джон Торнтонның тұрағына да келіп жеткен еді. Шаналар тоқтаған бойда иттер жан тәсілім еткендей сұлап-сұлап түсіскен. Мерседес көз жасын сүртіп Джон Торнтонға қарайды. Чарльз дамылдау үшін бөренеге тізе бүкті. Ол өте баяу, әрең отырған еді — тұла бойы икемге келмей сіресіп қалыпты.

Сөзді Хэл бастаған. Джон Торнтон қайың кеспегінен балтаға сап жасап жатқан-ды. Әңгімеге жұмысын істеп отырып-ақ құлақ түрген ол жанындағыларға анда-санда ғана күңк етіп тіл қатады немесе өзінен бірдей қолқа салып сұраған кезде ғана қысқаша кеңес береді: ол мұндай адамдардың түрімен таныс-тын һәм айтқан ақылының орындалмайтынын жақсы білетін.

— Анда, жоғарыдағылар да бізге жол сенімсіз, сондықтан әрі қарай жүрмей-ақ қойыңдар дегенді айтқан, — деді Хэл Торнтонның қазір мұз үстімен жүрудің қауіптілігін ескерткен сақтығына жауап ретінде. — Ақ өзенге жете де алмайсыңдар деп қарғанған еді. Міне, жеттік қой!

Соңғы сөзі кекесінмен, ащы мысқылмен айтылған.

— Онда сендерге дұрыс берген екен кеңесті, — деді Джон Торнтон. — Мұз сәлден кейін-ақ жүріп кетуі мүмкін. Дәл қазір өзеннен өтуге есалаң біреулер ғана тәуекел ететін шығар. Әдетте ақымақтардың жолы болғыш келеді. Бірақ сендерге турасын айтайын: мен басымды қатерге тікпес едім және Алясканың барлық алтынын берсе де мына мұздың бетіне шықпас едім.

— Енді, әрине, сіз ақымақ емессіз ғой, — деді Хэл. — Ал біз бәрібір Доусонға қарай тарта береміз.

Ол бишігін сермеп қалды.

— Тұр, Бэк! Кәне! Тұр дедік қой саған! Түс алға!

Торнтон төмен қараған күйі сазарып отыр. Ол білетін еді: есалаңды есалаңдықтан сақтандырудан пайда жоқ. Әрі ақыр аяғында екі-үш ақымақ азая түссе дүние бүліне қалмайды.

Әйткенмен, иттер ақырғанға да қарамастан, тұрмады. Олар таяқтамаса орындарынан көтерілмейтін халге баяғыда жеткен. Ана тұстан бір, мына тұстан бір ойнақ салған бишік өзінің қатыгез ісіне кірісксен. Джон Торнтон тістенді. Бірінші болып зорға дегенде Соллекс тұрды. Одан соң Тик, Тиктен кейін ауырсына қыңсылап Джо көтерілді. Пайк те қатты азаптанып тұруға әрекеттенген. Алдыңғы аяқтарына тұрған ол бір құлап, екі құлап барып, үшінші мәрте дегенде ақыры түрегелді. Бэк болса, тіптен, талпынған да жоқ-ты. Құлаған жерінде қыбыр етпестен жатыр. Ол денесіне бишік соққысы жауып бергенде қыңсылаған да, қарсыласқан да жоқ. Торнтон әлдене айтқысы келгендей бірнеше рет оқталды да үндемеді. Көзіне жас толып кетіпті. Хэл Бэкті сабауын тоқтатпады. Орнынан тұрып кеткен Торнтон күмілжіп, ерсілі-қарсылы жүре бастады.

Бэк алғаш рет бағынудан бас тартқан еді, бірақ осының өзі-ақ Хэлдің зығырданын қайнатуға жетіп жатқан. Ол бишікті лақтырып жіберіп, сойылға жармасты. Алайда алдыңғыдан ауыр, жаңа соққылар да Бэкті тұрғыза алмады. Басқа иттер сияқты мұның да әупірімдеп көтерілуіне болар еді, әйткенмен әлгілерден айырмашылығы — бұл саналы түрде тұрмады. Ол таянып келе жатқан ажалды бұлдырата болжаған. Шананы жағаға тарта бастаған мезгілде-ақ пайда болған ондай түйсік Бэктің санасында әлі жүр еді. Ол күні бойы табанының астынан жұп-жұқа, әлсіз мұзды сезініп, қазір қожайыны қайта қуғалы тұрған төңірекке тақала түскен апатты түйсінгендей болатын. Сол себептен де тұрғысы келмеген. Өзінің әбден қажып біткені соншалықты, етіне тиген соққыны да сезінбеген. Таяқ үсті-үстіне жауған сайын оның соңғы демі де біртіндеп түгесіле түскендей-тін. Бэк өліп бара жатты. Өне бойының бір түрлі жансызданып қалғанын аңдаған. Ауырғанды сезінуден қалған ол өзін ұрып жатқанын бұлыңғыр ғана түйсінеді, тәніне тиген сойыл соққысын да аулақтан естігендей болады. Бірақ сол дене өзінікі емес сияқты, осының бәрі әлдебір алыста өтіп жатқандай.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий