Knigionline.co » Казахские книги » Родовой мотив / Тектік сарын

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон

Книга «Родовой мотив / Тектік сарын» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Писатель рассказывает о событиях, происходивших в разных регионах, где не каждому доступна, лишенная цивилизации, природа… Автор описывает внутренние качества, ценности, жизненные ориентиры людей, живущих в этих местах...

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон читать онлайн бесплатно полную версию книги

Үш мың миль өткен жан иесіне демалыс та тәтті-ақ. Және, расын айтқанда, жарасы жазылып, сіңірлері қатайып, сүйектері қайтадан ет ала бастаған сайын Бэк жалқауланған үстіне жалқаулана берді. Дегенмен, мұнда Бэк қана емес, Торнтонның өзі де. Скит пен Ниг те, бәрі Доусонға баратын салды күтіп, түк істемей бос жатқан. Ирландық сеттер тұқымдас кішкене ғана ит Скит шалажансар Бэкпен тез достасып кетті де, бұл оның мейірімі мен қамқорлығынан бас тарта алмай қалған. Өзге де кейбір иттердікі секілді Скиттің де жаралар мен кеселдерді емдеп жазатын ерекше қасиеті бар еді. Бұл да мысықтың мәуленін жалайтыны секілді Бэктің жарасын жалауға кіріскен. Ол әрбір таңда Бэк тамақтанып болғанша күтіп жатады да, өзінің ерікті түрдегі міндетін атқаруға кіріседі, сөйтіп ақыр аяғында оны Торнтонның күткеніндей күтуді өз мойнына ықыластана алған. Иісшіл ит тұқымы мен шотланд тазысының буданынан шыққан Ниг те дос пейілді екен. Дегенмен, көздері жайнап тұратын аса мейірбан бұл дәу қара төбет ұстамдырақ еді.

Бэкті таңырқатқаны, осы иттер бұдан қожайынды да ешбір қызғанған жоқ, өзіне іштарлық та жасаған емес. Тәрізі, бұларға Джон Торнтонның қайырымдылығы мен кең пейілділігі дарыған сияқты. Олар Бэк оңалған кезде мұны кейде Торнтонның өзі де шыдамай осыла кететін көңілді ойындарына тарта түскен.

Осылайша әбден тыңайып алғанын өзі де аңдамай қалған Бэк жаңа өмірді бастаған еді. Ол алғаш рет сүйіспеншілікті, нағыз адал махаббатты сезінген болатын. Судья Миллердің үйінде, күн шуақты Санта-Клара алқабында ешкімді де дәл осыншалықты сүйіп көрмепті. Аңға шығып, алыс серуендерге бірге баратын судьяның ұлдарына жолдастықпен, оның кішкене немерелеріне биік тәкаппарлықпен, ал судьяның өзіне асқақ өрлігін жоғалтпай достық ниетпен ғана қараған екен. Мұның жан түкпіріндегі албырт махаббатты, шексіз де, ессіз сүйіспеншілікті ояту тек Джон Торнтонның қолынан келіпті.

Торнтон мұның жанын сақтап қалды — осының өзі-ақ талай жайтты аңғартса керек. Оның үстіне бұл адам тамаша қожайын еді. Өзге жұрт иттерін міндеті ретінде және өздеріне пайдалы болғандықтан күтеді. Ал Торнтон бұларға әкенің балаларын мәпелегеніндей ешбір есеп-қисапсыз қарайды — оның жаратылысы сондай. Бұған қоса итті сергітетін қанатты сөзбен қуантып қоюды да ешқашан ұмытқан емес, солармен ұзақ сөйлесуді ұнатады (оны өзі "мылжу" деп атайды), әрі осы әңгімелері әлгілерден гөрі көбінесе өзін рақаттандырар еді. Торнтонның Бэкті қос қолдап бастан ұстап, маңдайына маңдайын тіресіп алып, итті олай-бұлай жұлқылай отырып түрлі боқауыз атаулармен сіміртетін әдеті бар - оны Бэк еркелету деп ұғады. Бэк үшін осынау боқтау арқылы жасалатын дөрекілеу мейірімнен артық қуаныш та жоқ, қожайыны өзін осылайша сілкілеген кезде шаттықтан жүрегі аузына тығылады. Ақыр соңында Торнтон босатқан мезгілде атып тұрып аранын қуана ашады, - сол сәтте оның түрінен көмейіне өзі айтып жеткізе алмайтын шаттық сезімнің тығылып тұрғанын аңдар едіңіз. Ал Джон Торнтон орнында сілейіп қалған әлгіге құрметпен қарап: "О, Жасаған! Мынау ит - адам. Тек сөйлей алмайды!" деп тамсанды.

Бэк те өз сүйіспеншілігін иесін жаралап тастайтындай тұрпайы тәсілдермен білдірді. Ол, мәселен, Торнтонды қолдан тістей алып шайнап жіберердей қатты қысатыны сонша, теріге түскен азуының таңбасы көпке дейін кетпейді. Әйткенмен, қожайын осынау жалған қатыгездіктің тек еркелік екенін түсінеді, дәл сол сияқты Бэк те боқауыз атаулардың өзіне деген шексіз мейірім белгісі екенін жақсы білетін.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий