Knigionline.co » Казахские книги » Родовой мотив / Тектік сарын

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон

Книга «Родовой мотив / Тектік сарын» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Писатель рассказывает о событиях, происходивших в разных регионах, где не каждому доступна, лишенная цивилизации, природа… Автор описывает внутренние качества, ценности, жизненные ориентиры людей, живущих в этих местах...

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ол өзі өмір сүрген мезгілден, айналада өтіп жатқан кезеңнен ересек еді. Мұның бойында өткен шақ пен осы дәуір мәңгіліктің алапат ырғағынша мидай астасып, ескі кезең мен жаңа заманның үні алма-кезек ауысып жатты, бұл тасу мен басылу секілді немесе жыл маусымының алмасқанындай ерекше құбылыс болатын. Джон Торнтонның алауының қасында түгі сабалақ, ақ азулы, кеудесі талыстай төбет отырды. Бірақ оның сыртында жартылай қолға үйренген, жартылай жабайы өзге иттердің көзге көрінбейтін көлеңкесі қаптап тұрар еді. Олар сәт сайын өздерінің бар екенін ескертіп, мұнымен ой сабақтасып, бұл жеген етті жеп, ішкен суын ішіп, естіген нәрсесін қоса естіп, бұған жабайы орман өмірі дүбірінің сырын ұқтырумен болады. Олар мұның бойына өздерінің көңіл күйлері мен қуаттарын сіңіріп, іс-әрекетіне кеңес беріп, қасында жатып алып, ұйықтаса ұйықтап, осы көрген түсті қоса көріп, өздері де түске енеді.

Осынау көлеңкелер үнінің құдіреттілігі сонша, күн өткен сайын адамдар мен олардың талаптары біртіндеп Бэктің санасынан кейінгі орынға қарай ысырыла берді. Мүлгіген орман түкпірінде арбаған бір тылсым сарын естілетін еді де, сол үн Бэктің құлағына талып жеткен сайын бұл от маңы мен мынау тапталған алқаптан қайда және не үшін баратынын білмесе де, сонау түпке қарай тұра безгісі келетін қажеттілік үкімін түйсінеді.

Иә, бұл қайда және не үшін баратынын ойлаған да жоқ: әлгі сарынға қарсыласу да мүмкін емес-тін. Алайда Бэк жасыл орман саясында, жайлы көкмайсада жатқан сәттерінде Джон Торнтонға деген сүйіспеншілігі күшейе түсетін еді де, мұны әрдайым кейінге қарай, қожайын жаққан алауға қарай тартатын да тұратын.

Мұны тежейтін тек Джон Торнтон болатын. Қалған адамдардың барлығынын да Бэк үшін бары мен жоғы бірдей еді. Кейде жолшыбай жолыққан саяхатшылар мұны еркелетіп, жылы сөздерін айтады. бірақ бұл оған назар аударған емес, ал әлдекім әбден ығыр қылатындай болса, орнынан тұрады да кетіп қалады. Ұзақ күттірген салмен Торнтоннын жолдастары Ганс пен Пит келгенде Бэк оларға бастапқыда көңіл де бөлмеген, ал кейінірек олардың Торнтонға бөтен емесін түсініп, жүріс-тұрыстарына шыдап, олардың мейірім көңіл жықпастықпен, кішіпейілдікпен ғана қабылдайтын. Ганс пен Пит тура Джон Торнтон тектес адамдар болатын, - жандары жайсаң, терең ойлы, көзқарастары жарқын, табиғатқа жақын кісілер. Олар мұның алдында Доусонға жүзіп жетпек, өздерінің салдарын ағаш кесетін жердегі асау арынды суға түсірмей тұрған кезде-ак Бэктің барлық мінез-құлқын зерттеп алған еді де, бұдан өздеріне Ниг пен Скит көрсететін үйірлікті талап еткен жоқ.

Алайда Бэк Джон Торнтонға үйірсектенген үстіне үйірсектене берген. Торнтон жазғы сапарлар кезінде бұл ит өз арқасына әлдебір жүк артқызуға көнетін бірден-бір адам болатын. Бэк Торнтон не бұйырса соның бәрін орындауға даяр еді. Бірде (ол жағдай бұлардың суға ағызылған ағаштан түскен ақшаға азық қорын жасап алып, Доусоннан Тананға өрлеген кездерінде болған) адамдар мен иттер үш жүз футтай төменде жатқан ашық тас алаңның тұсында серейіп тұрған құз-жартасқа жайғасты. Джон Торнтон ең шетте, ал Бэк сонымен қатар иық тіресе отырған. Кенет Торнтонның басына бір тентек ой сап ете түсті де, ал Ганс пен Питке қазір бір тәжірибе жасаймын деп қалды.

─ Бэк, қарғы! - деп бұйырды ол қолымен төмендегі шыңырауды нұсқап.

Келесі мезетте-ақ ол тік жардың шетінде күшене жармасып Бэкпен арпалысып жатты, ал Ганс пен Пит олардың екеуін де артқа қауіпсіз жерге қарай сүйреп әкеткен.

─ Бұл әлдебір санадан тыс нәрсе! - деді бәрі сабырға келіп дем басқан сәтте.

Торнтон бас шайқаған.

─ Жоқ, бұл тамаша ғой, бірақ сендерге айтайын, сонымен бірге қорқынышты да! Сенесіңдер ме, мені кейде осы иттің адалдығы шошытады.

─ Иә-ә, мен саған мұның көзінше соқтығуға тырысқан адамның орнында болғым келмес еді! - деп түйді Пит сөзін басының қимылымен Бэкті нұсқап.

─ Мен де, Құдай ақы! - деп қостады Ганс.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий