Knigionline.co » Казахские книги » Родовой мотив / Тектік сарын

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон

Книга «Родовой мотив / Тектік сарын» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Писатель рассказывает о событиях, происходивших в разных регионах, где не каждому доступна, лишенная цивилизации, природа… Автор описывает внутренние качества, ценности, жизненные ориентиры людей, живущих в этих местах...

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сол жылы-ақ Серкльде Питтің айтқанын айдай келтірген жағдай болды. Бірде елірме мінезді, қатал Қара Бартон бардың ішінде жергілікті салттармен таныса қоймаған әлдебір жаңадан келген адаммен төбелес шығарып, оларға арашаламақ болып Торнтон киліккен-ді. Бэк қашанғысындай тұмсығын аяқтарына сүйеген күйі қожайынының әр қимылын бағып жатқан. Бартон күтпеген жерден бар күшімен құлаштай тұрып қол сілтеді. Анадай жерге ұшып түскен Торнтон дүкен үстелін бөліп тұрған ағаш қанатқа жармасқандықтан ғана құламай қалды.

Бұл оқиғаның куәгерлері үруді де, ырылды да емес, - жоқ, жабайы гүрілді естіген еді. Әп сәтте ыршып, әуеге көтерілген Бэк Бартонның кеңірдегіне ұмтылған. Ырықсыздан қолын алға созған анау сонысымен де жан сақтап қалған еді. Бірақ Бэк оны аунатып тастап, астына басып алды. Келесі сәтте азуын Бартонның қолынан босатқан ол оны қайтадан өңештен ала түсуге тырысқан. Бұл жолы Бартон сәтті жалтарғандықтан Бэк оны көк желкесінен ғана қауып үлгерді. Сол мезгілде бардың ішіндегілер түгелдей көмекке ұмтылып, итті қуып тастады. Дегенмен, дәрігер қанын тоқтатуға тырысып Бартонмен әуреге түсіп жүрген уақытта ызалана ырылдап айнала төңіректеген Бэк қайтадан Бартонмсн жағаласа жөнелген, бірақ жұрттың қаптаған таяқтары кес-кестеп жолатпады.

Әйтсе де алтын іздеушілердің сол жерде қолма-қол жасалған жиналысында иттің ызаланатындай-ақ жөні бар деп ұйғарылып, Бэктікі дұрыс деп шешілді. Содан бастап оның даңқы көтерілді де, аты Алясканың барлық елді мекендеріне тарап кетті.

Кейінірек, сол жылы күзде, Бэк әлгіден мүлде өзге жағдайда Торнтонның өмірін сақтап қалды. Үш жолдасқа ұзын да жіңішке қайықтарын қырқыншы мильдің қауіпті табалдырығы арқылы өткізу керек болды. Ганс пен Пит кендір арқанның көмегімен қайықтың қозғалысын тежеп ағаштардың сыртымен жағада келе жатты да, ілгекті бақан ұстаған Торнтон жағалаудағыларға айқайлап нұсқау беріп қайықта отырған. Бэк те жағада қайықпен қатарласып салып келеді. Қожайынынан көз айырмаған ол қатты абыржыған еді.

Өзенге мейлінше кірігіп, судан сорайып шығып тұрған жақпар тастардың тұсындағы аса қауіпті жерге барғанда Торнтон қайықты ырғақ ілгегімен өзеннің ортасына қарай бағыттай берді де, Ганс арқанды босатып, қайық құзды айналып өткен сәтте қайта тарта қою үшін жағамен алға қарай оза жүгірді. Қайық өтті, ағынмен төмен қарай құлдырай жөнелген. Арқанды тартқан Ганс оны тежеді, бірақ өте шалт қимылдаған еді. Қайық қатты жұлқудан аударылып түсіп, жағаға қарай төңкерілген күйінде жылжи бастады да, қатты ағыс Торнтонды табалдырықтың кез келген жүзгішке ырық бермейтін ең қауіпті тұсына қарай ағызып әкетті.

Бэк сол мезетте суға секірген. Долдана тасыған ағынмен үш жүз ярдтай жүзіп барып, Торнтонды қуып жетті де, Торнтонның қолы өзінің құйрығына жармасқанын аңдаған мезетте қуатты аяқтарын барынша сермеп, жағаға қарай жүзе жөнелді. Алайда өте баяу жылжыған еді: бұл бағытқа қарай жүзуге сұрапыл ағын бөгет жасады. Төмендегі су долдана арқырап жатыр - алып жоталардың азуы іспеттес жартастарға соғылған асау ағынның толқыны жан-жаққа күл-паршасы шыға шашырайды.

Ең соңғы өте тік табалдырықтағы су алапат күшпен иіре тартып барады, Торнтон жағаға жүзіп жете алмасын түсінген. Ол алғашқы құзға барып соғылды, одан екіншісіне қақтығысты, бұдан соң алапат күш үшінші жартасқа қақпақыл қақтырып жіберді. Бэктің құйрығын қоя берген ол тастың тайғанақ ұшар басына қос қолдап жармаса кетіп, даусын сарқыраған су ағынының үнінен асыруға тырысып:

─ Жөнел, Бэк! Тарт! – деп бұйырды.

Ағын Бэкті төменге қарай әкеткен; су арынымен бірталай босқа арпалысқан оның кері бұрылуға да шамасы келмеді. Қожайынның екі қайталанған бұйрығын естіген ол оны соңғы рет көріп қалғысы келгендей судан көтеріліп мойнын биік созды да, айтқанды тыңдап, жағаға қарай жүзе жөнелді. Пит пен Ганс мұны судан әбден әлсіреп тұншыға бастаған сәтінде шығарып алған еді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий