Knigionline.co » Казахские книги » Родовой мотив / Тектік сарын

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон

Книга «Родовой мотив / Тектік сарын» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Писатель рассказывает о событиях, происходивших в разных регионах, где не каждому доступна, лишенная цивилизации, природа… Автор описывает внутренние качества, ценности, жизненные ориентиры людей, живущих в этих местах...

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ганс пен Пит Торнтонның сұрапыл толқын астындағы тайғанақ құзға әрі кетсе тек үш-төрт минуттей жармасып тұра алатынын түсінген. Сөйтіп олар жағаны бойлап, өзен ортасындағы Торнтон ілігіп тұрған жартастан әлдеқайда жоғары қарай жанұшыра жүгіре жөнелді. Жеткен бойда Бэкті қимылына кедергі келтірмейтіндей және тұншықтырып тастамайтындай етіп арқанмен шандып, суға түсіріп жіберді. Бэк өзеннің шет жағын ала жүзе жөнелген. Ол өз қателігін өте кеш байқады: Торнтонмен қатарласқан кезде табандарын бірнеше ғана сермеп құзға жетіп те барар еді, бірақ ағын айдалаға сүйреп әкетті.

Ганс сол бойда Бэк байланған арқанды тартып қалған. Бэк күтпеген жұлқудан батып кетті де, өзін жағаға алып шыққанша су астында қала берді. Жоғары көтергенде шалажансар халде болғандықтан Ганс пен Пит оны дереу аяқтарынан тартқылап, қолдан демалдыруға кірісті. Бэк тұрды да, қайта құлап кетті. Кенет Торнтонның әлсіз даусы естілген, бұлар сөзін анық ести алмағанмен жедел жәрдемдеспесе оның мерт болатыны анық-тын. Қожайынының үні Бэкке электр қуатындай әсер етті. Ол атып тұрып жағаны бойлап жүгіре жөнелді. Соңынан Ганс пен Пик ілескен. Бұлар Бэкті алғаш суға түсірген орынға қарай асыққан еді.

Арқанмен қайта байланғаннан кейін тағы жүзген, бірақ бұл жолы өзеннің тура ортасымен салды. Бэктің бір мәрте қателесуі мүмкін, тек екі рет емес. Ганс арқанның ұдайы тартулы тұруын қадағалап ақырындап қана жазып, бірде босатып отыр, ал Пит оны түзеп қояды. Бэк Торнтонмен қатарласқанша жүзе берді. Қажетті межеге жеткен бойда кілт бұрылды да, иесіне қарай ытқына ұмтылған. Торнтон мұны көрді, Бэк алапат ағын күшімен тура таран секілді бар салмағымен өзіне келіп соғылған сәтте Торнтон оның жүндес желкесіне қос қолдап жармаса кетті. Ганс арқанды ағаш діңіне орап тарта жөнелгенде Бэк пен Торнтон су астында қалды. Тұншығып, шашалып, өзеннің тастақ табанында сүйретіліп, су астындағы жартас пен тырбиған бұталарға соғылып, анда-санда бетке қалқып шығып, бірде Бэк Торнтонның астында қалып, бірде төменге Торнтон түсіп, ақыр аяғында жетті-ау жағаға.

Торнтон көзін ашқанда толқындар лықсытып тастаған бөренені құшақтап етпеттеп жатқанын аңдады, ал Ганс пен Пит өзін әрлі-берлі ырғап, жан дәрмен тірілтуге кіріскен екен.

Ол бәрінен бұрын көзімен Бэкті тауып алды. Бэк сұлық түсіп жатыр, оның жансыз денесінің тұсында Ниг ұлып отыр, ал Скит оның су-су тұмсығы мен жұмулы көзін жалайды. Өзі де сау тамтығы қалмаған Торнтон есін жинаған бойда мұқият түрде Бэктің денесін сипалап отырып, оның үш қабырғасының сынғанын білді.

─ Демек, шешілді, - деп мәлімдеді ол - Біз осында қаламыз.

Сөйтіп бұлар Бэктің қабырғалары жүрісті жалғастыратындай деңгейге жетіп бітіп кеткенше әлгі жерде қалды.

Ал қыста, Доусонда Бэк аса керемет болмаса да даңқын бұдан да асыра түскен тағы бір ерлік жасады. Аталған ерлік нағыз дер кезінде істелген еді, себебі үш қожайын сол арқылы өздері көптен құмартып, әлі бірде-бір алтын іздеушінің аяғы басып көрмеген шығыстағы ну ормандардың біріне саяхат жасауға мүмкіндік берген құрал-жабдыққа қол жеткізді.

Бәрі "Эльдорадо" барындағы әңгімеден басталған: еркектер сүйікті иттерін мақтауға көшкен. Бэк танымалдығына байланысты шабуыл нысанына айналған еді де, Торнтонға оны қызғыштай қорғауға тура келетін. Арада жарты сағат та өтпестен әңгімешілердіц бірі өз итінің бес жүз қадақ жүк тиеген шананы орнынан қозғап, тіпті, тартып та кететінін айтып қалды. Екіншісі өз итінің алты жүз; үшіншісі жеті жүз фунт сүйрететінін айтып мақтанды.

─ Түк емес! - деді Джон Торнтон. - Менің Бэгім мыңын бір-ақ тартады!

─ Сондай жүкпен ең құрығанда жүз ярдқа дейін бара ала ма? - деп сұрады әлгі өз иті жеті жүз қадақ тартады деген алтын кеніштері корольдарының бірі Меттьюсон.

─ Иә, шананы да тартып жүз ярд өтеді, - деді Джон Торнтон жайбарақат қана.

─ Жарайды, - деді Мэттьюсон сөзін бәрі анық еститіндей нығыздап.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий