Knigionline.co » Казахские книги » Родовой мотив / Тектік сарын

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон

Книга «Родовой мотив / Тектік сарын» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Писатель рассказывает о событиях, происходивших в разных регионах, где не каждому доступна, лишенная цивилизации, природа… Автор описывает внутренние качества, ценности, жизненные ориентиры людей, живущих в этих местах...

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон читать онлайн бесплатно полную версию книги

Анда-санда осылайша алау жанында, жанған отқа ұйқылы-ояу көзін сығырайта қарап жатқан сәттерде, осы бір жалақтаған қызыл жалын өзі кезінде жылынған басқа бір отқа, ал қасында жүрген мына семіз аспазшы мүлде өзге бір адамға ұқсап кететіні бар. Сол өзге адамның аяқтары қысқа, қолдары ұзын, бұлшық еттері мынандай май басқан жұмсақ емес, өрілген арқан іспеттес еді. Үрпе-түрпе шашы да ұзын, маңдайы көзден төбе сүйекке дейін тайқы жататын. Тосын дыбыстар шығаратын әлгі адам, тәрізі, қараңғыдан қатты қорқатын болса керек, себебі, басына үлкен тас байлап алған кедір-бұдыр таяғын қысыңқырай ұстап қара түнекке үрейлене жалтақтар еді. Өзін тұттай жалаңаш деуге де келеді — тек арқа тұсында ғана от тиіп алба-жұлба болған әлдебір аңның терісі салақтап тұрады.

Денесін тұтастай түк басқан, кеудесіндегі, иығындағы, қолының сырты мен сандарындағы жүн аң терісіндей өте қалын. Тұрысы да тік емес, тізелері бүгіліңкі, кеудесі еңкіш. Дегенмен, денесінен әлдебір сұрапыл серпін мен мысық қимылындай ептілік, қыбыр еткен қозғалыс пен тырс еткен дыбысты қалт жібермес керемет сақтық сезіледі.

Кейде осы жүндес адам от жанында басын салбыратқан күйде жүрелеп, қалғып отырады. Ондайда шынтағын тізесіне тіреп, жауыннан қорғанғандай басын қос алақанымен қапсыра жауып алады. Ал алау сыртындағы түн-түнек қойнауынан жап-жасыл от шоқтары жарқырап тұрады, және әрдайым қос-қостан, екіден: Бэк олардың жыртқыш аңдардың көздері екенін біледі. Сол аңдар қақ жарып өткен сәттегі бұталардың сытырлағанын естиді, олардың жақындап келе жатқанын аңдататын барлық дыбысқа құлақ түреді.

Бэк осылайша Юконның жағасында жанған отқа самарқау ғана көз тастап қойып қиялға шомып жатқан шақта осынау дыбыстар мен өзге әлем елестерінің бір мезет тұла бойын тітіркендіріп жіберетші соншалықты, арқа түгі тік тұрып, ақырын қыңсылауға немесе даусы құмыға үруге кірісер еді. Сол сәтте дүрегей аспаз: "Ей, Бэк, ұйықтама деп айғай салады. Сол кезде ғана әлгі елестер әлдеқайда жоқ болып кетеді, көз алдына нақты дүние қайта оралып, Бэк расында да жаңа ғана оянғандай орнынан тұрып, есінеп, керіліп-созыла бастайды.

Жол қиын, жүк ауыр еді, иттер жұмыстан қажиын деген. Олар ақыр аяғында Доусонға жеткенде әбден азып, аянышты халге түскен-ді. Оларға он күндей немесе кемінде бір аптадай дамылдау қажет болатын. Бірақ олар арада екі күн өтпей жатып шананың шанағын майыстырған қап-қап хаттарды сүйреп Казармнан Юконның көк мұзына қарай өңмеңдей түсіп келе жатты. Иттер мүлде қалжыраған, айдаушылар айқайлау мен боқтаудан жақ жаппайды, бұған қоса Құдайдың құтты күні қар жауады. Иттердің бауырын сызған осынау ұлпа қарда адым ашып жүру барған сайын қиындай түскен. Обал нешік, адамдар бұлардың жайын түсініп, бар жақсылықты алдымен соларға жасауға тырысып еді. Мәселен айдаушылар әр кеш сайын станды тігіп болған соң бірден иттермен айналыса бастайды. Кешкі ас адамдардан бұрын иттерге беріледі, айдаушылардың ешқайсысы иттерінің табанына бір қарап алмай ұйықтайтын қаптарына кірмейді. Бірақ оларға қандай жағдай жасағанмен де ыңыршақтары шыққан бейшаралар бірден мал бола қала ма. Бұл қыста олар ауыр жүк тиелген шаналарды сүйреп мың сегіз жүз миль өтіп жүрігі үлгерген еді. Ал бір мың сегіз жүз миль дегеніміз ең мықты, төзімді итіңіздің өзін шалып жығады. Өзгелерді де жұмыс істеуге мәжбүр етіп, жегіміндегі тәртіпті сақтаған Бэк әзірге беріле қойған жоқ, бірақ ол да қатты діңкелеген болатын. Билли түнімен түсінде қыңсылап шығады. Джоның да ұнжырғасы мүлде түскен, ал Соллекстің соқыр жағынан емес, көретін көзі тұсынан келудің өзі қауіпке айналған.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий