Knigionline.co » Казахские книги » Родовой мотив / Тектік сарын

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон

Книга «Родовой мотив / Тектік сарын» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Писатель рассказывает о событиях, происходивших в разных регионах, где не каждому доступна, лишенная цивилизации, природа… Автор описывает внутренние качества, ценности, жизненные ориентиры людей, живущих в этих местах...

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бұлар Доусонға келгеннен кейін арада жеті күн өткенде құлама жағалау арқылы Юкон мұзына қайта түсіп, Дайя мен Тұзды суға қарай кері жөнелді. Перро бұл сапар Доусонға жеткізгеннен де гөрі аса шұғыл пошта әкетіп бара жатқан-ды. Оның үстіне әбден желігіп алған ол жылдамдықтың жылдық рекордын қоюды ұйғарған. Бұған басқа да бірқатар жайттар қолайлы жағдай туғызған. Бір аптадай дамылдап тыныққан иттер де күйлі-қуатты болатын. Алдында өзге жолаушылар таптап кеткен қар сүрлеуі сайрап жатты. Бұған қоса полиция осынау жол бойындағы екі-үш жерден ит пен адамдарға арналған азық-түлік қоймасын ашып қойғандықтан қайтар жолға қиналмай шығуға мүмкіндік те мол-тын.

Алғашқы күні бұлар Юконды өрлей салып, елу миль жүрсе, ал екінші күні кешке қарай салып-ұрып Пеллиге таянды. Бірақ мұншалықты жүйткіген жылдамдық Франсуаны әжептәуір әуреге де түсірген еді. Бәріне кінәлі — тағы да Бэк. Ол өзі мұрындық болған баяғы ереуілді қайта бастап жіберген. Иттер бұрынғыша бірқалыпты жүгіре алған жоқ. Бэктің араға түсуіне дәндеген ереуілшілер жиі құтырына бастаған. Көсемнен сескенетін тәртіпті ұмытып, Шпицтен қорықпауды шығарды. Дәлірегінде, одан мүлде қаймығуды доғарды, жалғыз Бэк қана емес, енді бәрі де оны мүлде мойындамауға айналып еді. Бірде кеште Бэкті арқа сүйеген Пайк Шпицтің жарты балығын ұрлап алып, сол бойда-ақ оны қылғытып жіберген. Келесі бір жолы Даб пен Джо Шпицке басынан бағы тайғанын ескерткендей оған жабыла кетті. Тіпті жуас Биллидің өзі баяғы жұмсақтығын ұмытып бұрынғыша жалбақтай қыңсылауын қойды. Ал Бэк болса Шпицтің қасынан өткен сайын ырылдап, ызбарлана айбат шегеді. Сөйтіп ол өзін кәнігі бұзықтарша ұстап, Шпицтің тура тұмсығы тұсынан алшаңдап өтуді шығарып еді.

Тәртіптің бұзылуы басқа иттердің өзара қарым-қатынасына кері ықпалын тигізді. Олар бұрынғыдан да жиі таласа бастағандықтан стан іші бірте-бірте нағыз тозаққа айналды. Тек Дэйв пен Соллекс қапа әдеттегі қалыптарынан айныған жоқ, бірақ біртіндеп бұлар да тынышсыздана түскен — айналадағы талас-тартыс оларды да ығыр қылып біткен сияқты. Франсуа түсініксіз бір сөздерді айтып боқтанумен жүреді, шарасыздықпен жер тепкілеп, өз шашын өзі жұлады. Бишігі де иттердің жон арқасы тұсынан ысылдаудан тынбайды, әйткенмен одан пайда шамалы еді. Франсуаның көзі сәл тайса-ақ болды, бәрі қайтадан басталады. Ол — Шпицті, ал Бэк басқаларын қорғаштайды. Франсуа бәріне кінәлі Бэк екенін жақсы білді, Бэк те айдаушының соны білетінін түсінген. Бірақ бұл айлакер төбет еді, сондықтан оның айыбын мойындату мүмкін емес-тін. Ол жегімде жақсы жүреді, өйткені бұл іс өзіне аса ұнайтын-ды. Бұған қоса жолдастарын байқатпастан қақтығыстырып қойып, соңынан өзі із жасырып кету ол үшін тіптен қызық-ты. Бірде Тэхкина сағасындағы аялдамада кешкі астан кейін Даб әлдебір қоянды үркіткенімен бас салып ұстай алмай қалды. Мезетте бүкіл ит соның соңынан лап қойған. Станнан жүз ярдтай жерде Солтүстік - Батыс полициясының елуге тарта ит ұстайтын стансасы бар еді, ол иттер де лек-легімен әлгінің ізінен түскен. Қоян өзен бетіндегі мұз үстімен қаша жөнелді де, қатқан бұлаққа қарай кілт бұрылып, омбы қарда жеңіл ырғып әрі қарай заулады, ал салмағы ауыр иттер сәт сайын малтығумен болған. Бұрылыстан бұрылысты айнала шауып, аршындап зымыраған Бэк алпыс иттің ең алдында кетіп бара жатты, әйтсе де қоянды қуып жете алмады. Бауырын соза шапқан ол құмарға әбден түскендіктен қыңсыл қағып та қояды. Оның қараңдап заулаған алып сұлбасы аппақ ай сәулесінен анық көрінеді. Аязды түнде елестей қылаңытқан қоян да алдында құстай ұшып барады.

Жылдың белгілі бір кезеңдерінде адамдарды шулы қаладан айдаладағы орман-тоғайға алып шығып, бейшара жануарларды аяусыз қырғызатын тағылық түйсік енді Бэктің көкірегінде де пайда болған еді — осынау қанқұмарлық пен ессіздік рақаты біртіндеп әбден табиғилана түскен. Ол алдында таяқ тастам жерде қашып бара жатқан, қалайда тезірек жетіп, ып-ыстық қанға тұмсығын армансыз матыру үшін иттер тобырының ең басында зымырап бара жатты.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий