Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бұ жолы ұрысқа отыз мыңдай жауынгер қатысты. Соғыс бесінге дейін созылды. Адам қаны тағы да судай ақты. Тағы сан ана баласыз, сан бала әкесіз қалды. Бұл Аңырақайдан кейінгі ең үлкен айқас еді. Қазақтар бұ жолы да жоңғар әскерін оңдырмай жеңді. Күн ұясына қона жоңғар әскері Бадам өзенінің арғы бетіне қарай қашты. Міне, осы арада Бөгенбай мен Шұно-Дабо тағы кездесті. Бұлардың бұ жолғы кездесуі ұзаққа созылмады. Әдісін тапқан Бөгенбай, жоңғар ноянының дәл қолтығының астынан көк сүмбілі найзасын мықтап қадады. Қолтық астының сауыты жұқалау еді, ұшы біздей көк құрыш Шұно-Дабоның өңменіне бір-ақ жетті. Ноян ат жалын құшып қалды. Жерге құлап та түсетін еді, иесінің тізгінін босатып жібергенінен бір сұмдықтың болғанын сезген қара айғыр мол сулы, көбік атқан Бадамға күмп берді.

Қолтығынан шапшыған қызыл қаны ат жалын бояған Шұно-Дабо кенет есін жиды. Арғы бетке таяп қалған екен. Бұның келуін күтіп жағада тұрған немере інісі Қалден Церенді көрді. Қолында шойын басты шоқпары. Шұно-Дабо жанталасып атының басын кейін бұрғысы келді. Бірақ сол сәтте есінен қайта танып кетті. Астындағы айғыры қос аяғын жар ернеуіне зорға іліндіріп, арғы бетке шыға берді. Сол сәтте Қалден Церен де шойын шоқпарымен Шұно-Дабоның дәл маңдайынан қос қолдап кеп ұрды. Миы бұрқырап, басы күл-талқан боп ұшып кеткен ноянның денесі ат үстінен сырғып, сұрғылт толқынға күмп етті. Көбік атып бұрқыраған асау ағыс тірісінде қолы жетпеген қазақ жеріне енді оның өлігін алып кетті.

— Бар! Бар! — деді Қалден Церен, сұрғылт суды қызыл қанға бояп ағып бара жатқан өліктің сыртынан шоқпарын білеп, — көр енді алтын тақтан дәметіп!

Сөйтті де күншығысқа қарай шаба жөнелді. Өзен жағасынан ұзай бере, оған басқа бір ноян қарсы кездесті.

— Шұно-Дабо баһадүрді көрмедіңіз бе? — деді ол. — Аты әскер соңынан шауып барады... Жау қолынан қаза таппаса игі еді.

— Қаза тапса естілер еді ғой, — деді Қалден Церен. — Аты бос кетіп бара жатса, өзі қазақ арасында қалған болар...

Қалден Церен артына бұрылып қарамастан, атын тебініп жүріп кетті.

«Шұно-Дабо қазақ жерінде қалып қойыпты» деген аңыз, міне, осылай туған.

Бөгенбай батыр халқын қан-жоса еткен қасынан, Қалден Церен өзінің Жоңғар тағына бәсекелес туысынан осылай құтылған.

Төбе басында отырған Бөгенбайдың есіне енді Бұқар жырау айтқан бір әңгіме оралды. «Осы біздің Бұқар шынында әулие ғой!» деп ойлады ішінен. Ол сонау «Ақтабан шұбырынды» кезінің өзінде-ақ: «Біз жоңғарларды түбінде жеңеміз» деп еді. Сол айтқаны дәл келді.

Шұно-Дабо өлген ұрыс шынында да, Жоңғар басқыншыларының қазақ қолдарынан мықтап тойтарыс алуының басы еді.

Тәуке ханды өз көзімен көрген Бұқар жырау бірде жорықтан келе жатып, бұған:

— Есіңде болсын, құртамын деп қылышын сүйретіп келген жау, әрқашан да өзіне сол жерден ажал табады. Халқы қоштамаған әділетсіз соғыс, түбі, Жоңғар қонтайшысының күйреуімен бітуге тиіс.

— Сыбан Раптанның бұл шабуылын халқы қолдамай отыр ма?

— Қолдаса, соғыстан олжа табам деп, бала-шағасын шұбыртып, бар жоңғар осы маңға көшпес пе еді?.. Қазақ жеріне қонтайшыларының дүмпуімен тек әскері ғана келді... Бірақ басқыншы әскер, қанша айбарлы болғанменен, жат жерде ұзақ орнығып отыра алмайды. Халқы жақтамаған соғыс қашан да шапқыншылардың күйреуімен біткен. Бұл — тарих қағидасы. Әттең не керек, ел басқарушы күштілер сол тарихи сабақты естерінен шығарып алады. Басқаны былай қойып, қазақ хандарының кейбіреуі бөтеннің жерін басып алам деп жүріп, сол жат жерде қаза тапқан.

— Сіз кімді айтып отырсыз? Сонау көне заманда болмаса, өзім ес білгелі қазақ әскері бөтен елді шапты дегенді естігем жоқ.

— Естімесең мен айтайын, тыңда.

Бөгенбай қоржынын шынтағының астына сап, ыңғайланып жатты. Бұл әңгіме Жоңғар қолын аңдыған бір үлкен жорықта болған. Жырау Хақназар хан өлгеннен кейінгі хикаяны бастап та кетті.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий