Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Жанат келе жатқан салт аттылардан көзін айырмай сәл тұрды. Қайтқысы келмеп еді, бірақ әкесі мен аға-інісінен ұялды ма, бұрылып кетті. Нұралы, Шыңғыс үшеуі ауылға қарай беттеді. Келе жатқан үш салт аттының бірі Құдабай — әкесінің хатшысы әрі тілмашы. Орынбор маңындағы қазақ ауылдарынан. Келбетті және тепсе темір үзетін жас жігіт. Осы жігітпен былтырдан бері Жанат көңілдес. Көрмесе сағынып қалады. «Осыған барам» деуге әкесінен жасқанады. Қарадан шыққанға төре тұқымы қыз бермейді. Еркін өскен хан қызы сол себептен де үй ішіне білдірмей, бүгінге дейін жігітпен құпия кездесіп келген. Жақында Қазалы қаласының маңындағы датқа құдалары келмек. Күйеу келетін мезгіл таяған сайын Жанат Құдабайға елте түсуде. Ханның тапсырмасымен кеткен жігітті алты күн көрмей қалып еді, жанын қоярға жер таппады...

Әбілқайыр сырға өте берік жан. Ал алда-жалда көңілінің бір күмәнін ашқысы келсе оны тек Жанатқа ғана айтатын. Өйткені әке балаға сыншы, Жанат заты әйел болғаныменен, өзіне тартқан қатыгез, сырға берік тұңғиық екенін білетін. Әбілқайыр Неплюевтен: Ор қаласына келсін, онда Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан болады деген хабарды алысымен Орынборға жанына он бес жігіт нөкер ертіп осы Жанатты жіберген. Қызы арқылы Неплюевке: «Әбілмәмбет Жоңғар қонтайшысы Қалден Церенмен жақындасқалы жүр. Қалден Церен оған Түркістан шаһарын қайтарса, Жоңғарлармен қайтадан татуласпақ, достықтың белгісі етіп аманатқа бір баласын жібермек. Егер Әбілмәмбет Ор қаласына келе қалса, одан Жоңғар жағына шықпаймын және ақ патшаға адал қызмет істеймін деген антын алу керек. Және Әбілмәмбет сөзінде тұруы үшін бір баласын аманатқа тапсырсын. Ал аманат баласын әкеліп бергенше, өзін жібермей, тұтқын ете тұрсын» деген. Жанат Неплюевке бұл сәлемді бұлжытпай жеткізді. Бірақ әкесі бұл сырды ешкімге айтпа дегеніне қарамай, әлдеқалай Құдабайға айтып қойды.

Осы Құдабайды Әбілқайыр Ор қаласына келе жатқан Әбілмәмбеттің алдынан шығарған. Күшігінен асыраған итіндей хатшысына екі-үш күн Әбілмәмбеттің қасында болып, бар сырын біліп келуді тапсырған.

Әбілқайыр кешеден сол Құдабайды тыпырши күтуде еді. Белестен салт аттылар көрінісімен, сабыры қалмай, әрі-бері жүре бастады.

Құдабай атынан түсіп, ханның қасына жаяулап келді.

— Армысыз, хан ием?

— Барсың ба, жарқыным? Қандай хабар әкелдің?

Кенет ханның көзі Құдабайдың беліндегі жарқыраған күміс белбеуге түсті. Кісесі де, кішкентай қанжарлы қынабы да сом күмістен соғылған. Әттең не керек, бұл күміс белбеу ненің төлеуі болғанын білер ме еді. Ханның өзіне сезіктене қарағанын бірден ұққан хатшы, титтей де абыржымай бейқам түр.

Хан күдігі тез тарады. Жанатқа тапсырылған құпиядан хатшым хабардар болып қалған жоқ па екен деген сұрау оның ойына кірмеген. «Хатшыма мынадай бір қаралық белбеу тартқаны, — Әбілмәмбет ханның менімен тіл табысқысы келгені ғой» деп жақсылыққа жорыды.

— Айта бер, не естіп, не көрдің?

— Естігенім де, көргенім де аз. Тек бар түсінгенім, орыс патшасымен араздасар Әбілмәмбет те, Абылай да жоқ... Ал Жоңғар қонтайшысымен келіссөз жүргізулері жай қулық тәрізді..

Құдабай көрген-білгенін түгел айтты. Кенет Әбілқайыр әлденені ойлана қалды.

— Қастарында ақылгөйі Бұқар жырау бар ма екен?

— Жоқ... Көргем жоқ.

— Сонда қалай болғаны?... Бұқар жырау ел көзі ғой. Келмеуіне қарағанда жұрты хандарының ойын ұнатпағаны ма?

— Білмедім. Губернатор жырауды шақырмаған шығар...

Енді олар Ордаға қарай аяңдады.

Үш күн өткен соң Әбілқайыр қасына Кіші жүздің қырықтан аса ақсақалдары мен батыр, билерін ертіп Ор қаласына жүріп кетті.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий