Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Дәл осы кезде ауыл жақтан үлкен бәйбішесінен туған қызы Жанат көрінді. Жанында қалмақ тоқалы тапқан сегіз жасар ұлы Шыңғыс бар. Екеуі ұрысқан адамдай тымырайысып отырған әкесі мен үлкен ағаларына әдеппен сәлем берді. Жанат сұңғақ бойлы, әкесіне тартқан сұрша қыз. Түр-келбетінде сұлулықтан гөрі тәкаппарлық, қайсарлық басым. Киген киімі де ауылдың қос етекті, кәмшат бөрікті, алтын сырға, күміс шолпылы бойжеткендеріне ұқсамайды. Киімдері жауынгер көшпелі елдің ат үстінде өскен қыздарына лайық ықшам. Белінде күміс сапты қанжар таққан жалпақ белбеу, үстінде белін қынаған қысқа жеңді мауыты пешпент, балағын оюлаған кестелі шалбар. Аяғында биік өкшелі шоңқайма етік. Басында құндызбен әдіптеген шошақ бөрік. Ұзын шашын бөгет болмауы үшін шашбауымен қосып белбеуіне қыстырып қойған. Нықтап басқан аяғының ырғағына қарай, қыпша белі болмашы бұраң тартқанмен, жазы өтіп, күзге қарай сояулана бастаған балқурайдай, дене бітісінде буыны әбден қатқан егделік байқалады. Жанындағы қалмақ өңдес жалпақ бет, тобылғы күрең бала жігіттің тұтас біткен төртбақ дене құрылысы алып күштің иесі боларын көрсетіп тұр. Бұның кигені де хан баласына тақа лайық киімдер емес. Белінде қанжарлы қалың қайыс белбеу. Үстінде ықшам, жағасын қара барқытпен көмкерген қызғылт шапан. Аяғында кең қоныш былғары етік, басында елтірі бөрік.

Балаларының сәлемін алып, Әбілқайыр:

— Жай жүрсіңдер ме, Жанатжан? — деді.

— Жай емес. Бүгін таңертең Қарақыз жеңешеме «Шыңғыс қалаға жүреді, жолға дайында» депсіз. Қашан және қанша уақытқа барады? Ұзаққа ма, әлде аз күнге ме? Соны сұрағалы келдім.

Жанаттың «Қарақыз жеңеше» деп тұрғаны — әкесінің қалмақтан алған тоқалы. Қалмақ есімін дұрыс айта алмағаннан кейін, ауыл әйелдері қара күрең түсіне қарай Қарақыз ханым деп атап кеткен. Бүгін түнде Әбілқайыр ортаншы бәйбішесі Үкілімайдың үйіне қонып шыққан. Бұл Жағалбайлы руының бір атақты байының қызы болатын. Бақытсыз Нұрбикеден кейінгі ең сұлу әйелі. Әбілқайырға аздаған ықпалы да бар. Түнде ханның көңілінің кеңіген бір шағын тауып, бір жағы өкпе, бір жағы назы етіп: «Хан ием, Қожахмет ұлыңды қашанғы орыс бекінісінде ұстайсың, сағындым ғой, қайтатын уақыты жеткен жоқ па? Орнына тоқалдың баласын жіберсейші, о да сойталдай жігіт болып қалды ғой», — деген.

Әбілқайыр ортаншы ұлы Қожахметті өзі де жақсы көретін. Аманат ретінде Орынборда тұрып жатқанына жеті жылдан асып кетті. Оның үстіне Ор өзенінің бойын жайлаған Жағалбайлы руы Ор бекінісі салынғаннан бері өзге рулардан гөрі өздерінің күйеу баласы — Кіші жүз ханына анағұрлым ала көз. Әбілқайыр өзі де биыл Қожахметті Орынбордан алып келіп, Жағалбайлы жұртына — нағашы еліне жібермек еді. Жиендерін көріп, мүмкін Жағалбайлы да жібір, ағайынның араздығы басылар деген үміті де бар.

Осындай ойға бекіген хан Қарақыз тоқалына таңертең «Шыңғысты дайында, қалаға жүреді» деп бұйырған. Ханым: «Не үшін, қанша уақытқа жүреді?» деп сұрауға бата алмаған. Ханның сыры әйелдеріне мәлім, өз еркімен бірдеме демесе, сұрап одан ештеңе де біле алмайсың. Сондай мінезіне қанық Қарақыз бике үндемей қала берген. Тек үйіне Жанат келгенде ғана «Баламды қайда апармақ? Қанша уақытқа? Неге апармақ? Біліп бер» деп жалынған. Ал Әбілқайыр болса, өзге балаларына қатал болғанымен, Жанатқа келгенде жаны бөлек, оның айтқанын екі етпейді.

— Шыңғыс ұзақ уақытқа барады. Мүмкін бірер жыл ауылға қайта қоймас, дұрыстап дайындасын, — деді.

Шыңғыс сұп-сұр боп кетті. Баласының кенет өзгерген түрін көріп, Әбілқайыр сәл жібіді.

— Жігіт болып қалдың, саған да шет жұртты көрген жөн. Тәлім-тәрбие, өнер үйренуің керек, — деді.

Хан жанында тұрғандар бала жігітті аманатқа апара жатқанына шек келтірмеді.

— Жақсы, — деді Шыңғыс басын иіп.

Әбілқайыр орнынан түрегелді. Ол бағанадан бері күншығыс жаққа әлсін-әлсін көз жіберіп алаңдап отырған. Сол тұстан кенет үш салт атты көрінді.

— Құдабайлар ғой, — деді Әбілқайыр, — сендер ордаға қайта беріңдер.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий