Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Кіші жүздің ханы боп отыру үшін қазір ерліктен гөрі ептілік, ақылдан гөрі айла керек. Бұны Әбілқайыр жақсы біледі. Сондықтан ол Нұралыны кінәлаудың орнына өзінің айлакерлігін көрсетпек болды. Неплюевке Қалден Церен туралы ойын өзі айтады. Ал Неплюевтің бұл сырды Нұралы арқылы біліп қалғанын сездірмес үшін, Орынбор губернаторына бұрынғы өтініші өзі өлгеннен кейін Кіші жүз тағына Нұралыны отырғыз дейді. Содан кейін Неплюев өзі шешсін, кімнің ақ патшаға адал екенін.

Сөйтіп Құдабайға Орынбор губернаторы Кіші жүз бен Орта жүздің арасындағы құпия сырдың бәрі айқын болды. Үшеуі де Құдабайдан сезіктенсе де, бәрі де оған өз құпиясын ашты.

«Сенсе — жарылқайды, сезіктенсе — қорқады» көптен бері қызығып жүрген, қызыл етін сыртқа теуіп, оқтаудай боп жараған көк жорғаны Әбілқайыр оған сыйға тартты.

— Астындағы атыңның аяғына қан түскен екен, ертеңнен бастап ана көк жорғаны мін, — деді хан.

Көңілі көтеріліп, құлпырып кеткен Құдабай «бүл сыйлық не үшін?» деп сұраған жоқ. «Бағана Неплюев шатырының алдында судай жаңа қызыл сафьян былғары ер-тоқым жатыр еді. Шіркін-ай, көкжорғаға қандай жарасар еді!» деді ішінен.

Орта жүз ханы мен сұлтандарының келмей кеткеніне іштей қатты ренжісе де, Неплюев сыр бермей, ертеңіне яғни августың жиырма үші күні Әбілқайырға арналған үлкен қонақасы берді. Бұған Тасөткел қойнауына жиналған қонақтардың бәрі шақырылды.

Неплюев айдалаға ұзын-ұзын столдар қойғызып дастарқанын соның үстіне жайды. Россия байлығын көрсеткісі келгендей, столдарды қазақтың табақ-табақ семіз еттері мен уылжыған сары қымызына, орыстың сан түрлі тағамына лық толтырды. Бұнда шошқа етінен басқаның бөрі бар: құс еті, балық еті, жеміс, тұздаған капуста, помидор, қияр, ең аяғы қабығымен бірге пісірілген картоп та қойылды. Мойындары ұзынды-қысқалы бөтелкелерге құйылған орыстың ақ арағы, бенедиктин, ликер, тағы басқа шетелдің түрлі шараптары самсап тұр.

Қонақтары асқа отырмастан бұрын Неплюев тағы бір керемет көрсетті. Бір батальон солдатын ортадағы алаңға шығартып, жаяу әскер соғысының неше алуан тәсілін ойнатты. Шабуыл, шегіну, қолма-қол ұрыс, мылтықтың сүйір ұшымен жауын түйреу. Одан кейін екі эскадрон салт атты драгундар қонақтарды атты әскер ұрысының қыран-қырлы түрлерімен таныстырды. Орыс әскерінің неше алуан ат ойнату, тал шабу, ордан секірту тәрізді өнерлерін бұрын жақын жерден көрмеген қазақтың ақсақал, би, сұлтан, батырларының естері шықты. «Ой, пәле!», «Жігітім-ақ екен!», «Па, шіркін, мына кертөбел қалай ойқастайды!» деген қошемет дауыстар бүкіл өзен бойын алып кетті. Көріп отырғандары әскер ойынынан гөрі соғысқа ұқсаңқырап, «Орынбор губернаторы осы араға бізді неге жинап алды екен» деп, Неплюевқа күдікпен қарап отырған кейбір аңқау байлар ойын біткенше, «Ей, алла тағала, өзің сақта!», «Құдай-ай, бекер-ақ келген екенмін!» — деп, ішінен иманын айтып, құдайына жалбарынумен болды.

Бұл ойындар біткеннен кейін «бәлем, зәрелеріңді біржолата алайын!» дегендей, өзінің солдаттарының өнеріне риза болған Неплюев қонақтарын лагерь сыртындағы төбеге қойған алты зеңбіректің қасына алып барды. Зеңбіректің қалай атылатынын көрсетпек боп, арт жағында үрейлене топырлап тұрған қалың топқа бір қарап қойды да, «от беріңдер!» деп бұйырды.

Осыдан екі жыл бұрын Орынбор қаласында «орыс патшасының қол астына кірмек» боп келген Әбілмәмбет пен Абылайға Орынбор комиссиясының бастығы бір зеңбіректен бір минут ішінде он рет оқ атқызып жұртты таң қалдырған. Бұ жолы Неплюев алты зеңбіректен бірдей екі минут оқ жаудыртты. Алты зеңбірек екі минуттың ішінде аузынан жалын төгіп, жүз жиырма рет гүрс-гүрс етті. Аспан аударылып жерге түскендей болды. Бүкіл cap даланы тітіреткен бір қорқынышты гүріл билеп кетті. Нағыз ақырзаман туғандай, бұрын мұндайды естімеген қазақ жылқылары кісіней шыңғырып, шылбырларын үзіп, ер-тоқымын бауырына ала, айдалаға шаба жөнеледі.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий