Knigionline.co » Казахские книги » Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт

Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов

Книга «Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Это произведение – трилогия, состоящая из следующих книг «Сумерки», «Сергелдені», «Көркеу». Оно описывает одну эпоху периода жизни казахского народа. Через отдельно взятые судьбы, автор передал жизнь целого народа. Трилогия содержит полную картину всех сторон жизнедеятельности ушедшей страны, описывает многие судьбы, в том числе и «постигшие море» …

Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Үсті-басының қарын қағып, суық қапқан киімдері сықырлап екі адам кіре берді. Бірі -төртпақ, жатаған. Екіншісі - жұқа, қағілез. Екеуінің де қасы, кірпігі қырау. Жұқа өңді қағілез жігіт қала үлгісімен тіккен қара драп пальтоның сыртынан қасқыр ішік киген. Ішке кіргесін төрге озбай, есік алдында тұрып қасқыр ішікті иығынан сыпырып тастады. Ал төртпақ жігіт онан бұрынырақ кіріп үйдің иесі кемпірге сәлем берді. Сосын бойындағы киіммен төрге шығып, көрпе үстіне жайғасып отырды. Сонан соң ғана басынан тымақты алды. Аяғындағы табанына сіреу қатқан бітеу бас етікті бәрінен кейін шешті. «Қайда тастасам екен?»- дегендей қолындағы етікті көтеріп үй ішіне қарап шықты. Жаңа ішке кіргенде төрге жайған қара текеметке аяғындағы ауыр етіктің ізі ақ қар боп жосылып қалған екен. Ол бірақ қаперіне кіріп - шыққан жоқ. Қолындағы етікті дүрс еткізіп өзінің ірге жағына тастай салды. Сонан соң:

─ Жасанжан, қарағым, былай шық!- деп жас жолдасына қасынан орын көрсетті. Төріне бір шыққан қазақтың барған үйіне қожалық етіп, билеп - төстеп кететін әдет.

Жасағанберген аяқ киімі мен сырт киімін есік алдында тұрып шешіп, төрге бойын жеңілдеп шықты. Күнұзын от жақпай, есік - терезеден жел ызрып тұрған үйде қолын уқалап, бүрісіп отыр. Жолдасы оған көз қиығын тастады. «Қара суықта жүнін қырыққан ешкідей бүрсеңдеуін».

Бұлар бүгін Шалқардан күн шықпай атқа қонған-ды. Аттары мықты болғасын қалай да Ханжалында көк мешіт ұстап отырған ишанға қонбақ болған. Оған аттары болдырды. Өздері де шаршады. Ұзақ жүріске аттан да көрі, әсіресе, Жасағанберген шыдамай, белі талып, тақымын ер қажап тастады. Төрге шыққасын да құрысқан аяғын біресе ілгері созып, біресе өзіне тартып мазасы болмай отыр. Қонатын үй де көңілден шықпады. Абажадай бір бөлме аңғал-саңғал. Төр жақтағы тұтас бір қабырғаға бірінен кейін бірін құйрықтастырып қойған екі ағаш кереует тұр. Екеуі де ою-өрнексіз. Және ұсынақты шебер қолдан шықпағаны көрініп тұр. Екі кереуетке жиған көрпе - төсек пен тұсына ұстаған терме алашаға дейін, бәрі – бәрі - бұл үйдің ер - азаматында екі қатын бар екені айтпаса да белгілі болды. Қысқа күнде қырық қырқысатын күндес қатындардың бірінің бойына бір суыртпақ артық жібермей, іштар қызғанышпен тайталасып өмір сүретін әдет.

Шымылдық пеш түбіндегі кереуетте екі ұрты салбыраған кемпір. Қолағаштай үлкен мұрынның бір танауында бүйідей қара мең. Сол меңнің сыпыра көбелігінде сояудай ақ қылдар тікірейіп, кемпірдің онсыз да еркек тақылеттес кесек бітімін суыта түскен.

Жас жігіттің қасындағы серігі - бай ауылдың «барып кел», «алып келінде» жүретін -Ебейсін төрге шыққасын кемпірге тіл қатып еді, кемпір жақтырмай, алақанымен құлағын қалқалап, кереует үстінен еңкейді.

─ А?.. Қаттырақ айт!

Құлағы мүкіс екен деп ойлаған Ебейсін, енді даусын көтеріп:

─ Қай туған боласыңдар?- деп еді, кемпір тыжырынып: «Іші - бауырыңа кіруін қарашы»,-деп ойлады да, өңі әлгіден де гөрі салқын тартты. Қонақтың жауап күтіп отырғанын байқаса да, оған назар аударған жоқ, бөксесін орап алған түйе жүн көрпенің астында бүлкілдеген әлденеге «тыныш жат!»- деп салып қап еді, ол бала екен, үйді басына көтере аңырап қоя берді. Ебейсін саңырау кемпір есіте қояр дейсің бе деген оймен қасындағы жігітке:

─ Қонысымыз келіскен екен. Көре қал, мына қақпас қара су татырмайды, - деп еді, кемпір иығы бүлк етіп, жымиып қойды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий