Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

ІІІ

Менің көз алдыма ауыл мектебі класс бөлмесінің қабырғасында ілулі тұрған бес маршалдың суреті елестеді. Ол кезде бес маршалдың суреттегі түрі-түсін біз бес саусағымыздай білуші едік. В. К. Блюхердің портреті үшінші боп тұратын. Омырауы орденге толы, кең маңдайлы, қою қасты, қоңқақ мұрын кісі еді. Портупейдің не екенін білмейтін біз оның он иығындағы жалпақ сызықты біреуіміз аспа белбеу деп, екіншіміз қылыштың бауы деп таласатынбыз..:

Автор. Бала күнімде Блюхердің портретін көрген едім.

Бауыржан. Ол талантты, қатал қолбасшылығының үстіне ойшыл, шешен, сондай бір сүйкімді де жан еді. Сен суретін көрсең мен оның өзің көрген кісімін, қарағым. Василий Константиновичтың қолынан сыйлық алғанмын.

Автор. Соны айта кетпейсіз бе?

Бауыржан. Айтайын. — Баукең темекі алып тұтатты да, бұрқ еткізіп түтін шығарып, түтінге ілестіре сөзін жалғады. — Үйде қадірлейтінің де, қорқатының да әкең болса, солдаттың әскердегі әкесі — командирі. Үйде әйеліңді қандай ардақтасаң, әскерде қаруыңды сондай мәпелеп ұстауға тиіссің. Бұл — бұлжымайтын заң. Бұл заңға біз де бағынғамыз, басқалар да бағынады. Ол кезде біз Ворошилов, Буденный, Блюхер сияқты маршалдарды құдайдай көруші едік. Ал өзімізбен істес, ұстаз командирлерімізді жауынгерлік және саяси әзірліктегі үздік ісімізбен қуантуға тырысатынбыз.

Біздің тұсымызда армияда винтовканың культі күшті болды. Әскери ән мен жырдың қайсысын алсаң да пісмілләсі винтовкадан келетін. Әлгі айтқан «Каховкаң» да винтовкадан басталатын. «С юга Урала ты со мной шагала» деп басталатын тағы бір ән бар емес пе еді. Оның аяғы былай аяқталатын:

Эх, бей, винтовка, метко, ловко,

Без пошады по врагу!

Я тебе, моя винтовка,

Острой саблей помогу!

Осылай деп артынан оған қылышты қосақтап қоятын. Кейінірек барып танк, артиллерия, линкорлар туралы да жырлар шыға бастады ғой. Мен винтовкамен бұрыннан дос болатынмын. Сонау Термезде винтовкадан үш минутта отыз екі оқ шығарып, оның жиырма екісін нысанаға тигізген мергендігім үшін генерал Когосовтан алғыс алғанмын. Айтайын деп отырғаным қылышпен қалай көңілдес болғаным және оның мені қалай күлкіге ұшыратқаны жайында.

Өзің білесің, қылыш атты әскердің қаруы ғой. Жаяу әскерге қылыш та бір қырғыш та бір. Мен Қиыр Шығысқа келгеннен кейін полктық батареяның басқару взводының командирі болып тағайындалдым. Бұрын банкте есеп-қисап қызметінде болғанымды ескеріп, Коваленко мені осы жұмысқа жіберді. Басқару взводы да батареяның нағыз есеп-қисапты керек қылатын жері. Түсінуші ме едің оны? — «Мен «әбден түсінемін» деген ишарамен екі-үш рет басымды изеп қалып, жазуымды жаза бердім. — Әй, шыбындаған атша басыңды неге изейсің? Тілін бар емес пе, айтпаймысың дұрыстап? — Мен Баукеңнің қолма-қол тиісті теңеу таба қоятынына разы боп күлдім де, бұрын өзімнің де артиллерист болғанымды айттым. «Синус, косинустың нағыз керек жері сол ғой» дедім. — Е, бәсе, солай деп анда-санда үніңді шығарып қойсаңшы. Әйтпесе әңгімеңді қасындағы кісіге емес, қара тасқа айтып отырғандай болады екенсің.

Мен тағы да жымидым. Өзінің әке жүзіндей мейірімді күлкісімен, танауы жалпайып, Баукең де күлді. Баукеңнің күлетін орны бар еді: мүдірместен мергеннің оғындай қадап, қатарынан екі теңеу айтып тастау жазушы адам үшін аз олжа емес қой. Мен оны объектім есебінде мысықша аңдып отырмын десем де, мысықтың желкесінде тырнағы сойдиған арыстан тұрғанын аңғармаппын. Өз басым әңгіме айтқанда, оған сонша беріліп кетемін де, тыңдаушыға бақылау жасай алмай қаламын. Ал Баукең болса әңгімесін де тиянақтап айтады, тырп еткізбестен тыңдаушыны да бағып отырады. Бұл бір мезгілде әрі әңгіме айтып, әрі шығарма жазып отырғанмен пара-пар. Бүйтіп екі жұмысты бірден атқару екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Баукеңнің басқамыздан артықшылығының бірі осы қасиеті болар деп ойладым.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий