Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Ол кезде зеңбіректерді атқа жегіп сүйрейтінбіз. Сондықтан артиллеристер тегіс қоқаңдап атқа мініп жүретінбіз. Ал қазақ үшін атқа міну — аспанда құс боп самғау екенін өзің де білесің ғой. Батареяға берілген көп жылқының ішінен мен өзіме сүттей әппақ, сүліктей жіңішке, екі құлағы тас төбесіне шаншылған, қаракөз атты таңдап алдым. Бала күнінде өзіне арналған тайының жүгенін таңертең көйлегінің сыртынан қоса киіп, жылқыға қарай жүгіріп өскен қазақ баласы Қамбар атаның тұлпарын қалай таңдауды біледі ғой. Ақбоз атым айтулы жылқы болды. Ол желгенде желге мініп келе жатқандай желпінесің. Оның шабысын көлденеңнен қарағанда алыс орманға ат емес, ақ найза сүңгіп бара жатқандай әсер аласың. Ал аяңы, Абай айтқандай, «тымақты алшы кигізгендей» еді. Астымда Ақбоз ат көсіле аяңдап келе жатқанда басымдағы шлемімнің шошағы сан рет ұзарып Қиыр Шығыс қарағайларының төбесімен талай рет таласқан болар деп ойлаймын.

Армияда спортқа ерекше мән беріледі. Бұл өзі өте дұрыс нәрсе. Мен ат спортымен де, жаяу спортпен де қатты шұғылданатынмын. Жалғыз мен ғана емес, менен әлдеқайда үлкен батальон, полк, дивизия командирлері де спортпен қабағат айналысатын. Спортсмен болу Қызыл Армия командирлеріне қажет қасиеттердің бірі боп есептелетін. Үлкен командирлер өйткен соң біз қалысамыз ба? Бізден көргенді қызыл әскерлер қабылдамай ма? Ал менің спортшы ретіндегі атымды шығарған сол ақ боз ат болды. Ақбоз ат манежға шыққанда ұршықтай үйіріліп, әртүрлі кедергілерден ор қояндай орғушы еді.

Дивизияда бірнеше полк бар. Біздікі 306-шы полк болатын. Бір күні менің манежде Ақбоз атпен орғытып жүргенімді полковник Коваленко көріп қалып, қасына шақырды. Құйғытып жетіп бардым.

— Атты әскер ойындарының бәрін де білесің бе? — деді ол тізгінін жұлқып тықыршық атқан астымдағы Ақбоз ат пен маған кезек қарап.

— Үйрендім, жолдас полковник.

— Мылтықта мерген екеніңді білемін, ал қылыштан қалайсың? — деді белімдегі қылышты иегімен нұсқап.

— Оны да сілтеймін, жолдас полковник.

— Онда сені полктағы ат спорты командасының капитаны етіп тағайындаймын.

— Құп болады! — деп он қолымды шекеме қойып, Ақбоз аттың тізгінін тартып кеп қалып едім, ол аспанға тік қарғып, найзадай шаншыла қалды. Мұны атты әскерлердің тілінде «свечка» деп атайды. Қазақша «майшам» деген сөз ғой. Ақбоз ат аспанға секіргенде шынында да лаулап жанып тұрған майшам тәрізді боп көрінуші еді.

Сөйтіп мен команда капитаны болдым. Барлық батальондардан таңдап жүріп, атымен отыз адам іріктеп алдым. Әскери әзірліктен кейін тынбастан әртүрлі жаттығулар жасаймыз. Оңды-солды қылыш сілтеп, бар пәрменімен шауып келе жатқан аттың екі жағына қадалған жас шыбықты шиқ-шиқ қиямыз. Неше алуан кедергілерден ат қарғытамыз. Кейбір кедергілерден ат секірткенде иманың қасым болады: не атың жалтарады, не өз жүрегін дауаламайды. Бірақ қалай да кедергіні алуың керек, өйтпесең сен буденновші емессің: онда арғымақ аттың белін қайыстырмай, жаяу жүруің керек. Жауынгер аттың үстінде жау жүрек жігіт қана отыруға тиіс. Ат спортының қағидасы осы.

IV

Бір күні Коваленко мені штабқа шақыртып алды да, дивизия бойынша аса жауапты жарыс өткізіледі. Соған жақсылап әзірленіңдер. Біздің полкке баға сенің командаң арқылы беріледі. Сендер жақсы болсаңдар, полк те жақсы, сендер сүрінсеңдер полктың да сүрінгені, — деді. Содан кейін ойланып отырды да:

— Есіңде болсын, бұл байқауға командашының өзі келіп қалуы мүмкін, — деді. — Енді сендердің жаттығуларыңды күн ара өзім барып, бақылап отырамын!

Командашы келеді дегеннен кейін бізде ес қалған жоқ. Аты жер жарған атақты қолбасының алдынан сүрінбей өтсек, оны сыртынан да болса бір көрсек дейміз. Бір ай бойы тынбастан аттарымызды жаратып, өзіміз атымызбен қосыла жарап, қатты даярлық жасадық. Кедергінің қандайын да болса аламыз деген сенімде болдық.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий