Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Алғы екі команда кедергілердің орта тұсына дейін топтасып, жақсы барғандарымен, жетінші, сегізінші кедергілерден-ақ қожырай бастады. Біреудің өзі қорқып, біреудің аты үркіп, қиын кедергілерден секіре алмай, бұрылып кетіп жатты. Ат кедергіден қарғығанда тақымы босап кетіп, оның үстінен ұшып түсіп жатқандар да бар. Ертоқым аттың арқасына қандай қабысып тұрса, тақым да ер-тоқымға сондай жабысып жатуы керек. Тақымың сәл босап кетсе болды, аттың екпінімен кеулеген жел екі тізеңді екі жаққа керіп кетеді де қатты желде ыққа қарай ұшқан қарғаға ұқсап, қалбаң ете түсесің. Олардың құлағандарын көріп, өз жігіттеріме тақымдарыңды мықтап ұстаңдар деп ескертіп мен тұрмын. Ақыры ол екі командадан ешкім де ең соңғы он үшінші бөгетті ала алмады.

Бір кезде:

— 306-полк командасының капитаны алаңға шық! — деген команда естілді.

Ақбоз атты екпіндете құйғытып манежға мен шықтым. Тәртіп бойынша команда капитаны атын шоқырақтатып отырып, манежды бір айналып шығуы керек. Манежге кіре Ақбоздың екпінін тежеп, адуын шоқыраққа салдым да, өзім, тырнақтарымен тұғырын бүрген қаршығадай қаздиып, ер-тоқым үстінде қаттым да қалдым. Өйтетін себебім ат шоқырақ шабысқа көшкенде кейбіреулердің құйрығы қолбаңдап, ерді солқ-солқ соғып отырады. Ол атқа ауыр тиеді және оның белін кетіреді. Сондықтан мұндай кезде ат үстіндегі адамның құйрығы ердің артқы қасына винттеп тастағандай боп қозғалмастан қатып қалуы керек. Сонда шауып келе жатқан атқа арқасындағы адамның салмағы өз денесінің салмағындай көрініп, ентікпей еркін көсіледі. Өстіп, құйрығымды ердің артқы қасына берік қып «винттеп» алдым да, бастықтар тұрған трибуна жаққа көз жібердім.

Комбриг Дотольдің он жағындағы қырықпа мұртты төртбақ адамның маршал Блюхер екенін бірден аңғардым. Екі қолымен бірдей портупеясынан ұстап, маған шаншыла қарап тұр екен. Сол сәтте мен маршалдың қос қарашығы ішінде титімдей ақ ноқат болып өтіп бара жатқан болармын деп ойладым. Маршал көзінің қарашығына іліну солдат үшін өзгеше бақыт қой, шіркін!

Содан кейін мен командамды ертіп, аренаға тарттым. Командадан менің оқ бойы алда отыруым керек. Оныншы кедергіден өткенше артыма қарағаным жоқ. Өйткені ол кедергілерді менің жігіттерім мүдіртпей алуға тиіс. Әр кедергінің тұсындағы топ-топ түскен ат тұяғының дүбірінен-ақ олардың жұп жазбай келе жатқанын мөлшерлеп отырдым.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий