Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Сен секретарь болсаң... — деп ол кезде мұрты жоқ Бауыржан ерні жыбырлап, құлағын қайшылаған тістеуік жылқыға ұқсап, иегін көтеріп кеп қалады. Содан кейін шпорын сыңғырлата екі аяғын сарт еткізеді де, қылышын қынабынан суырып кеп алады. Оны жарқ-жұрқ еткізіп, жоғары қарай енді көтере бергенде секретарь сасқанынан сып беріп үстелдің астына кіріп кеп кетеді.

— Мен Бауыржан Момышұлымын! — деп Бауыржан қылышын салют берген атты әскер тәртібінше серт ұстап, қаздиып тұра қалады.

— Ойбай... Бауке... Кешіріңіз... Сіз екеніңізді... байқамай қалдым, — дейді зәресі ұшып кеткен бастық әр сөзін әрең айтып. — Ғафу етіңіз.

— Шық бері, — дейді Бауыржан.

— Қылышыңыздан қорқамын, — дейді анау.

— Өй, неге қорқасын? Мен саған Жазушылар одағының генералы деп салют беріп тұрмын ғой, — дейді бұл.

Секретарь буыны дірілдеп, қапелімде орнынан тұра алмайды.

— Шіреніп отырғанға батыр ма десем, бала екенсің ғой! — деп Бауыржан қылышын сарт еткізіп қынабына салады да, кейін бұрылып, етігіндегі шпоры зың-зың етіп, есікке қарай аяңдайды. Ауыз бөлмедегі хатшы қыз бен оның қасында тұрғандарға сұқ саусағын шошайтып:

— Мына кабинеттегі үстелдеріңнің астында бір бала жатыр. Соны тұрғызып алыңдар, — деп шығып жүре береді.

Бұл сол кездегі бір жас басшы мен Бауыржан арасында болған жай еді. Ол жігіттің Баукеңнің қылышынан қорқып, стол астына кіріп кеткені тағы да көз алдыма елестеп, бұрын талай көзден жас шыққанша күлген бұл оқиғаға тағы да бір жымиып алдым. Содан соң: «Е, Баукеңнің онысы біреуді шауып тастау үшін емес, есіне түсіп кеткен ескі дағдысы екен ғой. Тегі, бар қаруын тағынып, Жазушылар одағына барарда қазақ әдебиетінің маршалы деп Сәбит Мұқановқа қылышпен салют беру ойында болған-ау. Одақта Сәбит болмаған соң, «қорықса қорықсын, қорықпаса» Бауыржан маған честь берді» деп мақтанып жүрсін деп, оның орнында шіреніп отырған қорқақ жігітті қалжақ етіп өте шыққан ғой Баукен» деп ойладым.

Бауыржан. Айта берейін бе, әлде бірдеңені ойлап отырсың ба?

Автор. Құлағым Сізде, Бауке.

Бауыржан. Содан менің шабандоз атым жайылып кетті. Ақбоз ат екеуміздің атағымыз аспанға шықты. Әсіресе өзі кавалерист Дотоль байғұстың қуанышында шек болған жоқ. «Командаңмен тегіс шауып бара жатқан ат үстінде тік тұрып честь бергендерің, өз атыңа тізерлетіп «сәлем» жасатқаның — бәрі тамаша, бәрі төтенше болды. Бұл екі номер дағдылы ат ойындарына қосқан сенің өз жаңалығың. Өзіңе тапсырылған істі әрқашанда осылай творчестволықпен атқара біл. Бұл командирге қажетті ең тамаша қасиет» деп талай рет айтып жүрді. Содан кейін комдив мені барлау взводының командирінен таулы жерде атқа теңдеп жүретін батареяның командирі етіп жоғарылатты. Бұрынғыша 306-шы полктың ат спорты командасының капитаны болып қала бердім. Бұл мәселеде полковник Коваленко маған бүтіндей сеніп алды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий