Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бауыржан. Солай ма еді? Онда айтуға болады. Иван Михайлович Чистяковпен мен Қиыр Шығыста кездестім... Қиыр Шығыс! — Бауыржан мойнын ырғай бұрып, маған үдірейе қарады. Оның мойнын бұлай бұрғаны әлденеге өкініп, бас шайқағаны сияқты да боп көрінді. Сол бұрылған қалпында сәл отырды да, сөзін әрі қарай жалғады. — Қиыр Шығыс — жас адамды шынықтырып, шындайтын, езді — ер, егдені — кемеңгер етіп ширататын өлке ғой, шіркін! Темір соғатын жерді не дейді, ұста дүкені дей ме? Ауылда аяқ астында жатқан ұсақ-түйек темірді жинап сол дүкенге алып келіп көріктің отына салсаң, ол төстен таға болып тапталып, шеге болып ширатылып шығып жатпаушы ма еді? Егер олпы-солпы адамды көк мұзға кірш-кірш қадалатын құрыш емшекті тағадай иіп, шегедей шымыр етіп шығаратын да дүкен болады деп есептесек, мен ондай дүкенді Қиыр Шығыс жері, соның табиғаты дер едім. Қиыр Шығыстың қыстағы алпыс градус аязы мен жаздағы жетпіс градус ыстығы адамды шыңдалмас еркіне қоймайды-ау, шіркін! Ит тұмсығы өткісіз ну орман, көк аспанға шаншылардай боп шырқай өскен қалың қарағай, түзу терек, тіп-тік қайыңдар, олардың арасындағы шалғыны салт атты адамның белуарынан келетін жасыл шөпті алаңдар, сылдыраған бұлақ, сарқыраған өзендер, жұтқан сайын көкірегіңді кернеп, көңіліңді сергіте түсетін шипалы ауа!.. Ғажап қой, ғажап Қиыр Шығыс табиғаты. Оны саған суреттеп беруге тілім жетпейді менің. Айналаның бәрі көркем, бәрі көрікті, бәрі ғибрат аларлық. Табиғаттың өзі-ақ адамға алуан түрлі сабақ беріп тұрған тәрізденеді. Қарағайдың түзулігі саған екі иығыңды салбыратпай тік жүруді үйретеді. Аспанға шапши атылған ақ сүттей ақ қайындар сені адалдық пен пәктікке шақырады. Аузын арандай ашқан аш айдаһардың жұтқыншағындай ми батпағы өлім дегеннің не екенін көз алдына елестетіп, өмір үшін жанталаса күресудің тәсілін және ұқтырады. Қиыр Шығыстың өрттей жазы сені ұста көрігінің отына көмілген темірдей қыздырса, оның ақырған аязы сол ыстық темірді шыңдау үшін суық суға малғандай шыжылдатады. Өз басым сол Қиыр Шығыс табиғатының тамаша дүкенінде соғылған шегемін деп есептеймін. Қиыр Шығыс дүкенінде мыңдаған «шегелер» соғылды. Мен солардың бірі ғанамын. Ұстасыз ұста дүкені болмайды ғой. Мені, менің тұстастарымды болат «шеге» етіп, сомдап соққан ұста Блюхер болатын! Мен өз өмірімнен Қиыр Шығысты бір минут бөліп тастай алмаймын.

Осылай деп ол сөзін тоқтатты да, «ы-ы-ым...» деп менің бетіме қарады. Онысы маған «сен менің бұл сөздерімді ұғасың ба, түсінесің бе?» — деген сияқты боп көрінді. Сөйткенше болған жоқ, ол бірден мынадай сұрақ қойды.

— Сен өзің Блюхерді білесің бе? — деді.

Мен қапелімде не білемін, не білмеймін дей алмай үнсіз қалдым. Өйтетін себебім баяғыда, туған ауылым «Ақбұзау» орталау мектебінің жетінші класында оқып жүрген бала күнімде біз оқитын класс бөлмесінің қабырғасында бес маршалдың үлкен портреттері тұрушы еді. Ол портреттер терезе жақтағы парталардың тұсына ілінгендіктен кейбір балалар: «Мен Ворошиловпын», «Мен Буденныймын», «Мен Блюхермін» деп мақтанып, кеуделерін қағып жүретін. Біреу Егоров, біреу Тухачевский боп және шыға келетін. Өз тұсымда ешқандай сурет болмағандықтан мен «маршал» дәрежесіне жете алмай қалдым. Қайырбек, Қылышхан, Байеділ, Берікхан, Нұршилан деген достарым «бес маршал» атанды. Атақ деген киын ғой, шіркін! Өзің болып алғаннан кейін өзгені болдырғың, өз шеніңе жақындатқың келе ме? Олар да бізді «маршалдық» партаға жақындатпайтын, қанша жалынсақ та қастарына отырғызбайтын еді. Бірақ обалы не керек, Ұлы Отан соғысы басталғанда сол «бес маршал» біздің ауылдан ең бірінші боп неміс-фашистерімен шайқасты. Бесеуі де, бала күнгі армандарын ақтап, ерлік өліммен қаза тапты. Сонау бала күнімде, «маршалдық» дәрежеге көтеріле алмағандықтан ба, әйтеуір, мен маршалдардың өмірбаянына ықыласты болғаным жоқ. Баукеңнің «Блюхерді білесің бе» деген сұрағына үндей алмай қалғаным сондықтан еді.

Менен жауап болмаған соң ол:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий