Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бауыржан. Өзің білесің, Ұлы Отан соғысының алғашқы дәуірі күрделі-күрделі екі кезеңге бөлінеді ғой. Оның біріншісі — 1941 жылдың июнь — ноябрь айлары. Бұл Совет Армиясының стратегиялық қорғаныс жасай отырып, фашистердің Совет Одағын «тұтқиылдан» талқандап жібереміз деген жоспарын күл талқан етуі. Гитлер армиясының емес, оның жоспарының күйретілуі, түсінікті ме? Екінші кезең —1941 жылдың декабрі мен 1942 жыл апрелінің арасы. Бұл біздің әскерлеріміздің қарсы шабуылға шығып, басқыншыларды батысқа қарай тырқырата қуған шағы. Міне осы екі кезеңде де біздің дивизия белсене ат салысты. Алғашқысында оны генерал Панфилов, соңғысында генерал Чистяков басқарды. Панфиловтың жаңағы № 014 бұйрығына байланысты әңгімелер сол бірінші кезеңнің — Москваға қарап шабынып бой бермей келе жатқан қаңтардың қара бурасын тізеден, тірсектен ұрып тоқтатып, оны шөгуге мәжбүр еткен кездің оқиғалары. Картадан хабарың болса, көзіңді сал, — Баукең таяғын алып, қабырғада ілулі тұрған жалпақ картаны нұсқады.

— Мынау үлкен жұлдыз ғой Москва. Біздің жеті майданымыз Москваға иығын тіреп тұрып жаумен шайқасты. Олар: Ленинград, Волхов, Солтүстік-Батыс, Калинин, Батыс, Оңтүстік Батыс, Оңтүстік майдандары деп аталды. Неміс әскерлері осы жеті майданға қарсы үш топқа бөлініп шабуыл жасап келе жатты. Олар «Солтүстік» армияларының тобы, «Орталық» армияларының тобы және «Оңтүстік» армияларының тобы деп аталды. Бір кезде Наполеон Россияға шабуыл жасағанда осындай үш бағытты белгілеп алып: «Егер Киевті құлатсам онда Россияны аяғынан алғаным; егер Петербургты басып алсам, онда басынан жұлмалағаным; ал Москваны алсам, онда Россияның жүрегін шұқып жегенім» деген еді. Гитлер тұтқиылдан соның үшеуін де бірден алып, Наполеонға ұқсаймын немесе ұстазымнан да озып түсемін деп ойлады. «Мысықтың көзін ашпаған баласы арыстанға қандай ұқсаса, Гитлер де Наполеонға сондай ұқсайды» деп Сталин оны тірі күнінде-ақ өлтіріп салған болатын. Міне, Москваға отыз бес шақырым қалғанда біз тізеден соғып тоқтататын қара бура Гитлерді Наполеон дәрежесіне көтеруге тиісті сол «Орталық» армияларының тобы еді. Сонымен қатар оңтүстік пен солтүстіктегі ана екі бура да жеткен жерлеріне шөгіп-шөгіп қалды. Ендігі міндет сол шөгіп жатқан есірік бураларды түрткілеп орындарынан тұрғызып, бастарын кері бұрғызып, келген жақтарына қарай айдау еді. Айдағанда сойыл шоқпарды үсті-үстіне салып, олардың енді кейін бұрылуға мұршасын келтірмеу қажет болды. Сойыл, шоқпар деп отырғаным бомба, снаряд, мина екені түсінікті ғой. Міне бұл міндет ең алдымен, ағайынды тоғыз батыр тәрізді советтік тоғыз майданның үшеуіне: Батыс (командашысы Г. К. Жуков), Калинин (командашысы И. С. Конев), және Оңтүстік-Батыс (командашысы С. К Тимошенко) майданына жүктелді. Бұлар қарсы шабуыл жасап, жауды Москва түбінен желкелеп қууға әзірленді. Бұл үш майданның қарамағындағы армияларда сегіз жүз мыңға жуық адам, 6808 зеңбірек пен миномет, 782 танк және 545 самолет болды. Ал Москва түбіне келіп тірелген жаудың адам саны біздікінен — 1,25 есе, танктері — 2,2 есе, зеңбірек пен минометтері — 2,1 есе, ал самолеттері—1,7 есе көп болатын.

Оның есесіне біздің әрбір солдаттың көкірегінде жауға деген түпсіз өшпенділік, Отанға деген мәңгілік махаббат, командирге, Қолбасшыға деген шексіз сүйіспеншілік бар еді. Орысша мұны ненависть, любовь и преданность деп атайды. Бұл үшеуіне жаудың ешбір қаруы тең келе алмайды және ешбір жау көкірегінде осы үш өзгеше қаруы бар солдатты ешқашанда жеңе алмайды. Жаздың ба? Менің үш топқа бөлініп Москваға қарай ұмтылған жау әскерлерін кісіге қарай шабатын құтырған үш бураға, біздің тоғыз майданды тоғыз батырға теңеп және басқа да мақал, нақылдар шығарып айтып отырған себебім сенің оқушыларыңа түсініктірек болсын дегенім. Әйтпесе бұл тұсың, кафедрадан оқылған кезекті лекция сияқты көңілсіздеу болады.

VI

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий